Қоғам Құқық

Ұстаз таңдауға ата-ананың құқы бар

Ендеше неге оған қол сұғылады?

 Бір айдан кейін алғашқы қоңырау соғылып, білім ұялары оқушыларға есігін айқара ашады. Бұл, әсіресе бірінші сыныпқа баратын балалар мен олардың ата-аналары үшін ерекше күн болмақ. Ал отбасының үлкені мектеп табалдырығын алғаш рет аттар болса, оның әсері де еселенері анық.

Ұлын немесе қызын бірінші сыныпқа бермек болған ата-аналар бүгінде мектеп қызметкерлері тарапынан орын алып жатқан келеңсіздіктермен бетпе-бет келуде. Перзентінің құжатын өткізгеннен кейін қай ата-ананы болмасын «қандай ұстаздың сыныбына түсер екен» деген сауалдың мазалайтыны сөзсіз. Сананы мазалаған сауалды мектеп қызметкеріне қойсаңыз «Оны сіз де, біз де шешпейміз. Компьютер анықтайды», – деп жауап береді. Мұнымен келісетіндер де, келіспейтіндер де бар. Заңды білгендер ертіп барған ұл-қызын қалаған ұстазға, қалаған сыныпқа жазғызады. Ештеңеден хабары жоқтар айтылған сөзге сеніп кете береді. Осындай оқиғаны бастан өткерген Шымкент қаласының тұрғыны Нұржамал есімді келіншек редакцияға хабарласып, былай деді: «Қызым бірінші сыныпқа баратындықтан 29-шілде күні үйдің қасындағы мектепке ертіп бардым. Кіре берісте отырған бір апай тиісті құжаттарды қабылдап алды. Бірақ өзім қалаған ұстаздың сыныбына жазуды өтінсем, болмайтынын айтады. Оның сөзіне қарағанда оқушыларды сыныптарға мектеп қызметкерлері емес, компьютерге енгізілген бағдарлама бөледі екен. Мен мұнымен келіспей, сол жерде директорға телефон соқтым. Ол бір ұстаздың есімін айтып еді, әлгі құжат қабылдаған апай: «Оның сыныбы толып қалды, бір орын бар еді құдасының баласын қабылдап қойды», – деп жауап берді. Сонда бұлардың айтып тұрған «компьютер бөледі» дегендері адамдарды алдау екен. Бізді «заң талабынан аттай алмаймыз» деп сендіргісі келгенімен, шын мәнісінде тамыр-таныстың балалары тәжірибелі ұстаздардың сыныбына бөлінетіні көз алдымызда белгілі болып қалды. Сонда бізді не үшін ақымақ етіп отыр?» 

1-қыркүйек жақындаған сайын бұл мәселе көпшілікті толғандыра бастағаны шындық. Кім болса да мәпелеп өсіріп отырған перзентін білімді де білікті, тәжірибелі ұстаздың тәрбиесіне бергенді қалайды. Бірақ мектептерде ата-аналардың алдынан қолдан жасалған кедергілердің шыға беретіні бар. Көңілге күдік ұялатқан жоғарыдағы мәселенің мән-жайын білу үшін біз бірнеше ауданның білім бөлімін басқарып отырған азаматтармен хабарластық.

 Жанна Мұсатаева, Отырар аудандық білім бөлімінің басшысы:

Ата-ана баласын қай ұстазға бергісі келеді – таңдау құқы бар. Оқушыны сыныптарға компьютер бөлмейді. Ата-аналар өтінішті электронды түрде тастайды. Мектеп баланы қабылдайды. Оқушыны сыныпқа бөлу мектеп директоры мен орынбасарларының қолымен жүзеге асырылады. Бір сыныпқа бала толып қалған жағдайда ғана басқа сыныпқа беріледі. Бірінші сыныптардың барлығы таңғы ауысымда оқиды.

 Асан Үйсінбаев, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы:

Баланың қай сыныпқа баратыны, қай ұстаздың сыныбына қабылданатыны ата-ана таңдауына байланысты шешіледі. Білім туралы Заңда бұл мәселе нақты көретілген. Бұрын баланы мекен-жай бойынша қабылдайтын. Қазір оған өзгеріс енді. Ата-ана баласын Қазақстандағы қалаған мектебіне, оның ішінде қалаған мұғалімге беруге құқылы.

«Мектеп систем КЗ» деген арнайы бағдарлама бар. Сол арқылы ата-ана өтінішті электронды түрде мектепке тастайды. Оны мектептің өзі сыныптарға бөледі. Бірақ бір ата-ана келіп «мен баламды немесе қызымды мына сыныпқа, мына ұстазға беремін» деп айтуға толық құқы бар. Жаңа заңның бір артықшылығы — ата-ана ұстаз таңдау құқына ие.

Расында осы сұрақ көпшіліктің көкейінде жүрген болатын. Тиісті мамандардың кеңесін беру арқылы біз мұның жауабын оқырманға ұсындық деген ойдамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *