Біле жүріңіз

ТМД-ға тандырымен танылған Тұрғынбай

Жетісай ауданы, Жаңаауыл округі, Мырзашөл ауылының 78 жастағы тұрғыны Тұрғынбай Ізтілеуов 60 жылдан бері тандыр дайындаумен айналысып келеді. Осы жылдар аралығында ол қаншама шәкірт тәрбиелеп, ТМД елдеріндегі сапалы тандыр жасаушылардың бірі әрі бірегейіне айналып үлгерген. Бүгінде оның қолынан шыққан тандырлар көршілес Өзбекстан, Тажікстан елдерінен бөлек, Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарында кеңінен қолданыста жүр.

Қазіргі таңда Тұрғынбай ақсақалдың шағын цехында айына 100-ге жуық түрлі көлемдегі тандыр шығарылса, екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Тандыр дайындау ісін 17 жасымнан үйрене бастадым. Алғашында Ташкент қаласындағы ұсталарға шәкірт болып еңбек еттім. Кейінірек, Атакентте 20 жылдай тұрып, осы кәсіптің берекесін көрдім. Бүгінде өзімнің денсаулығым сыр бере бастағаннан соң, бұл кәсіпті балаларым мен жиендерім мықтап қолға алды», — дейді Тұрғынбай ақсақал.

Жұмысы қызу жүріп жатқан шағын цехта тандырдың сан түрін кездестіруге болады. Бағалары да әр түрлі. Ең арзаны, яғни шағын тандыр – үш мың теңге тұрады.  Ал адам бойымен бірдей үлкен тандырдың бағасы 30 мың теңгеге дейін барады екен. Сапалы тандырға қажетті ең басты дүние – сары топырақ. Бұл шикізатты ұста көрші Сарыағаш ауданынан сатып алады. Ал екінші шикізаттың түрі – кәдімгі ешкі мен қойдың жүні. Қалған тірлік  топырақты иіту мен илеуінде екенін айтады ұстаның өзі.  

Тұрғынбай ақсақал шағын кәсіпорынның атын «Тандыр» деп атапты. Мұнда әзірленген тандырды кемінде үш жыл толық пайдалануға болады. «Ол үшін аз ғана күтім керек. Бастысы – сатып алған адамдардың алғысын алып жүрміз. Тапсырыс берушілердің қатары жыл санап арта түскені біз жасаған тандырлардың сапасына тікелей қатысты деп ойлаймын», – дейді Тұрғынбай Ізтілеуов.

Бір сөзінде ақсақал жұмыс жоқ дегендерді түсінбейтінін айтады. Ебін тауып, іс қылса, ешкім ешкімге алақан жаймайды деп есептейді. Сондықтан 80-ге аяқ басқан ақсақалдың бүгінгі кәсібі талайларға ой салар деген ойдамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *