Әлеумет Біле жүріңіз

Құрбан айт – күреп ақша табатын емес, сауап жинайтын ұлық мереке

Санаулы күндерден кейін барша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі келеді. Бұл күні жағдайы бар әрбір адам мүмкіндігіне қарай құрбандық шалуға ниеттенеді. Міне, осы ұрымтал сәтті өз пайдасына жаратып қалуға тырысқандардың құрбандық ретінде сатылатын малдың құнын себепсіз көтеріп жіберуі сауапты емес, қалта пайдасын ойлаудың қамы екені түсінікті. 

 Құрбан айт жақындағанда малдың бағасы ғана емес, базардағы еттің де бағасы шарықтап шыға келгені қынжылтады. Сауапты ойлаған сатушы болса мұндай сәтте керісінше малдың, еттің бағасы төмендеуі тиіс емес пе? Жоқ, өкінішке қарай бізде керісінше болып тұр.

Еттің бағасының көтерілуіне себепкер болып отырған кімдер? Базардағы сатушылар ма, әлде малдың егелері ме? Біз осыны білмек мақсатта бірнеше таныстарымызға хабарласып көрдік. «Бір аптадан асты, еттің бағасы көтеріліп кетті, — дейді Сәбит есімді ет сатушы танысымыз. – Тұтынушылар «неге қымбаттатасыңдар» деп бізге ренжиді. Ұрысып кететіндер де жоқ емес. Біз де етті біреулерден сатып алатынымызды ол кісілердің барлығы бірдей түсіне бермейді. Бүгіннің өзінде баға кешегіден 50 теңгеге қымбат келді. Бұл еттің бағасының тағы көтерілуіне себеп болады. Мал иелері етті қымбаттатпаса бізге де клиентті жоғалтудың қажеті қанша?».

 Мал бордақылаумен айналысатын Ержан есімді кісі бұл пікірмен келіскісі келмейді. «Мен тек қана қой сатамын, – дейді ол. – Оны базарға шығарсам да, үйге келіп алатындар болса да аузымыздан шыққан бағаға алып кете салмайды ғой. Міндетті түрде саудаласамыз. Рас, қазір мал бағасы көтеріліп тұр. Ол Құрбан айтқа байланысты ма, әлде басқа себебі бар ма, білмедім. Бағаны жалғыз мен белгілемеймін. Өзгелер қаншадан сатады мен де соған қарап өз бағамды ұсынамын. Біреу қойын 40 мың теңгеге сатса, тап сондай қойды мен 30 мың теңгеге сатпаймын ғой. Айталық, мен секілді мал бордақылаумен айналысатын көршілерім қыста туған қозыны 35-40 мың теңгеге бағалап отыр. Несібемізді кәсіптің осы түрінен айырып отырғасын мен де сол бағадан төмен сатқым келмейді. Дегенмен, қатып қалған баға жоқ, келісуге болады».

Иә, әркім қолда барын пұлдайды. Дегенмен, жылына бір рет қана келетін Құрбан айт мерекесінде қалта қамын сауаптан жоғары қою мұсылман баласы үшін қаншалықты шариғатқа сай келеді? Көкейге келген бұл сауалдың жауабын Ордабасы ауданының бас имамы Бастарбек Әшірбайдан сұрап көрдік. «Әрине, Құрбан айттың қарсаңында мал мен еттің бағасын көтерген дұрыс емес, — деді имам. – Дегенмен, сатушының айтқан бағасына ала бермей, саудаласу керек. Саудаласу – сүннет амал. Қолдан қымбатшылық болдырмау мақсатында бірнеше жыл бұрын құрбандыққа шалынатын малды бір жерге топтап, сатсақ деген бастама болды. Бірақ Құрбан айт кезіндегі сұранысты мұндай жолмен толыққанды қанағаттандыру мүмкін емес екен. Рас, малдың егесі оны қанша бағаға сатамын десе де өз еркі. Дегенмен, себепсіз күрт қымбаттатып жіберу – мұсылман баласы үшін дұрыс емес. Бұрынғысына қарағанда 10-20 мың теңге артық табар, бірақ сонымен ол байып кетпейді ғой. Одан да жылына бір келетін мүмкіндікті пайдаланып, ақшаға құнықпай, керісінше сауап жинауға көбірек көңіл бөлгендері дұрыс. Мысалы, Рамазан айында кейбір такси жүргізушілері жолаушыларға тегін қызмет көрсетеді. Сауап үшін деп асханаларда тегін тамақ ұйымдастыратындар да табылады. Міне солардың ешбірінің байлығы кеміп, көштен қалып жатқан жоқ. Керісінше тапқанына береке дарып жатқан болуы мүмкін. Ақыретті ойлаған адам бұл жалған дүниенің байлығынан бұрын бақи дүниедегі байлығын арттыруға әрекет ететіні анық. Бұл дүниедегі байлығын ешкім де арғы дүниеге арқалап кете алмайды».

Құрбан айтта істеген ізгі амалдарымыздың барлығы да Алла разылығы үшін атқарылады. Ал Жаратушы иеміз Исламдағы ұлық мерекеде құрбандықтың құнын себепсіз көтергендерге разы болады ма, әлде сауапты ойлап, қанағатты ойлағандарға ма? Табыс тапқан да жақсы шығар, бірақ, сауаптың салмағы одан әлдеқайда басым екені ақиқат. Алла разылығын ойлаған пенденің ризығын әлемдердің Раббысы еселеп өсіріп қоятынына шүбә келтіруге болмайды.

Құрбан айт құтты, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын, құрметті жамағат!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *