Өмірдің өзі

Асықтың әсері…

Дүниеге ұл келуіне себеп болған секілді 

Бірде үйді жинап жүріп босаған шайдың қорабына салынған бір уыс асық тауып алдым. Демек баламыз асық ойнуға да жарап қалыпты. Мен болсам бұл асықтарды қашан, қай жерге қойғанымды да ұмытыппын. Осы кезде өткен күндердің елесі көз алдыма келіп, езуіме күлкі үйірілді.

Отау құрғанымызға он бес жылдан асса да шаңырағымызға ие болып қалар ұлымыз жоқ еді. Жасымыз қырықтың қырқасына жақындап, қыздарымыз бойжетіп қалған шақта енді балалы болудан үмітіміз де үзілген. Қыздарымызға өмір берсін деп, осылардың амандығын тілеп жүріп жатқанбыз. Өзіміз осылай ойлағанымызбен айналадағы туған-туыс пен дос-жаран бізге ұрпақ жалғар ұл керектігін ара-тұра еске салатын. Керегіне керек қой, бірақ кімге не берем десе Жаратушының құзырында емес пе?

Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсың, мүмкін бізге қайырлысы осы шығар деп біз басқа түскенге көндігіп қойғанбыз. Бірақ бір апамыз қандай жиынға барсақ та жіліктің асығын көрсе ерінбей алып, тазалап маған беретін. «Ертең ұлың ойнайды», – дейді беріп жатып. Кейде үндемей алам, шамыма тиіп қалса қыздарым күйеуге шығайын деп отыр, қайдағы ұл деймін. Апам ондайда: «Құдай берем десе сенен сұрамайды», – деп жекіп тастайды жақтырмай. Тілімді тістей қоям. Сол апамның асық бергіштігі себеп болды ма, кейін өзіміз де асық көрсек тастамай жинай беретін әдет таптық.

Бір күні туған күніме құрбым күйеуімен бірге келді. Өзіміз бала-шағамызбен, құрбым күйеуі, бала-шағасымен ғана отырмыз. Дастарқан басында құрбымның күйеуі туған күніме мынадай тілек айтты: «Қыздарға төркін болатын бір ұл керек енді. Жаңа жылда жақсы тілек айтайық. Келер жылы құдай қаласа осы үйде бір атұстар дүниеге келіп, шілдехана тойлайық. Мына асықты ырым етіп алып қойыңдар. Ұлды болсаңдар ойнайды. Қазақтың әрбір салт-дәстүрі мен ырымы бекер емес. Соның түбінде шындық болады», – дегенде күйеуім екеуміз бір-бірімізге қарап күлдік те қойдық. Іштей әлі де «енді қартайғанда қайдағы ұл» деп отырмын ғой.

Сонымен ақпан айының аяғында мүлдем тамақ іше алмай қалдым. Ащы запыран тастап, мазам кетті. Өтім толған шығар деп дәрігерге барып ем, ұйқы безінің жұмысы нашарлағанын айтып дәрі жазып берді. Сонымен айлық алғанда ем-домымды бастаймын деп жүргенімде 8 наурыз келді. Тура осы күні ойламаған жерден аяғымның ауыр екенін білдім. Ал, бес айдан кейін іштегінің ұл екенін анықтадық.

Осылайша ағайын мен дос-жаранның тілеуі қабыл болып, шаңырағымызға ұл келді. Ұлымды босанып жатқанда босандыруға қатысқан дәрігер, медбике, тазалық әйелдер «Ұл табу үшін не істедің? Гинекологқа есептетіп көтердің ба?» деп сұрады. Ештеңе істемедім, Құдайдың өзі берді деп, шүкіршілігімді айтып жатырмын. Шынында апам айтпақшы, Құдай берем десе, бізден сұрамайды екен ғой.

Осы күні өзіме тілеулес болған жақындарымның жылы сөзі, ықылас ниеті еске түссе, кейде өзің емес, тілеуіңді көптің тілегені жақсы екен ғой деп ойланам. Сөйтем де өзім күніге көріп, аралас-құралас болып жүрген адамдарымның тілегін дұғама қосып қоямын. Жақсы тілек пен ниетте болған жақсы ғой. Ең бастысы қазақтың ырымдарын аяқ асты етпей соған сенім артқан дұрыс екен. Атам қазақ «Асық ойнар ұлың болсын» дегенді бекер атамаған секілді. Сондықтан «өмірде ұл сүйгісі келгендер асық жинай берсе артықшылығы жоқ» дегім келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *