Әлеумет Мәселе

Әкімдік қызметкерлерінің салғырттығы

мұқтаж отбасылардың көмек ала алмауына себеп болуда

Жібек Есенқұлова. Ордабасы ауданы, Қараспан ауылының тұрғыны. Өткен аптада редакцияға келген ол үш айдан бері Үкімет тарапынан берілетін Атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жүргенін айтып, арыз қалдырған болатын. Арыздың қысқаша мазмұны төмендегідей: «Алты баламыз бар. Үлкеніміз 9-сыныпта оқиды. Кішісі төрт жаста. Өзім де, күйеуім де жұмыссызбыз. Ауылда бізге лайықты жұмыс тапшы. Қорамызда малымыз да жоқ. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж біздің отбасы үкіметтің беретін атаулы әлеуметтік жәрдемақысын 3,5 айдан бері ала алмай жүрміз.

Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында ауыл әкімдігіндегі Құдайберген деген жігітке 5 мамыр күні арыз қалдырып, барлық құжатымды өткізгенмін. Олар 7 мамырда Темірландағы жұмыспен қамту орталығына жіберіпті. Хабарын екі айға жуық күттім. Жәрдемақы шықпаған соң 17 шілде жұмыспен қамту орталығына барып, құжаттарды қайтадан өткіздім. Бекжан деген жігіт қабылдап алды. Арада тағы да 20 күн өткенде, яғни 6 тамыз күні ауыл әкімдігіндегі Құдайбергенге барсам, ақша шықпапты. Осы уақыт аралығында арызыма байланысты үйге бірде бір комиссия мүшесі келмеді. Жаңа оқу жылы да басталғалы отыр. Ал мен мектепке баратын бес балама киім мен кітап-дәптерді қалай аларымды білмей отырмын. Соған байланысты сіздерден көмек сұрап келдім. Мүмкін болса ауылға келіп, жағдаймен таныссаңыздар екен».

Жалғаны жоқ, соңғы кездері жер-жерде осыған ұқсас шағымдар жиілеп кетті. Бұл тиісті орындар тарапынан түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуіне байланысты ма, әлде басқа себебі бар ма, ол жағы белгісіз. Дегенмен мәселенің мән-жайын анықтау үшін өткен аптаның бейсенбісі күні Ордабасы ауданына жолға шыққанбыз. Жол-жөнекей ауданның тағы бірнеше тұрғындарының осыған ұқсас шағымдарынан құлағдар болып, олардың да есімдерін қойын дәптерімізге түртіп алдық.

Алғашқы бағытымыз — Ордабасы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы болды. Орталық директоры Қарлыға Әбітаева мәселенің мән-жайына қаныққан соң мамандарына Жібек Есенқұлованың өтінішіне байланысты қандай шешім қабылданғанын анықтауды тапсырды. Көп ұзамай «Ж.Есенқұлованың өтініші қанағаттандырылғаны, тек белгілі себептерге байланысты ақшаның аударылуы кешеуілдеп жатқаны, қырқүйек айында қаржы ол кісінің есеп шотына түсетіні» белгілі болды. Төрткөл ауылының тұрғындары Эльвира Медеубаева мен Гүлшехар Дәулетаеваның не себепті атаулы әлеуметтік көмекті алу туралы өтініштері қанағаттандырылмай қалғанын да білдік. Э.Медеубаева өз өтінішінде 2017 жылы «Өрлеу» бағдарламасы бойынша алған жәрдемақысын көрсетпеуіне байланысты база «қаржыны жасырды» деп шешім шығарған болса, Г.Дәулетаеваның отбасына кіретін айлық табысы шектік мөлшерден асып кеткен екен. Ол өз кезегінде «6 баласы бар екенін, өзі мен күйеуі жұмыс істемейтінін, ата-енесінің ғана зейнетақы алатынын, үйінде қайнысының атасына қарауға қалдырған малы тұрғанын, ал өзінің сиыры біреу ғана екенін» айтты. Орталық директоры Қ.Әбітаеваның айтуынша, ол кісінің жеке шаруашылығынан түсетін қаржы, зейнетақы және басқа да қосымша түсімдерді қоса есептегенде жан басына шаққандағы кірісі 27 994 теңгеден түседі екен. Мұндай жағдайда база автоматты түрде өтінішті қанағаттандырмай тастайтындықтан, Г.Дәулетаеваға атаулы әлеуметтік көмек берілмейді.

Негізі түсіндіру жұмыстары төмен деңгейде жүргізілген жерде түсініспеушіліктер мен әуре-сарсаңның көп болатыны белгілі. Атаулы әлеуметтік көмекке байланысты шағымның көбеюі жергілікті әкімдіктердегі мамандардың талапқа сай жұмыс істемейтіндігіне тікелей байланысты екені байқалады. Айталық, біз арнайы барған Қараспан ауылдық округінің әкімі Қуаныш Зиябек бізге алғашында «комиссия шағым иесі Ж.Есенқұлованың үйіне барып, жағдайды көрді» деген еді. Бірақ Ж.Есенқұлованың «үйге ешкім келмеді» деген сөзінен кейін: «Біз олардың жағдайын бармай-ақ білеміз. Алты баласы бар, көп балалы ана. Тұрмыстық жағдайлары төмен екені рас», — деп ақталғандай болды. Әрине, бір ауылда тұрғандықтан комиссия мүшелерінің әрбір отбасының әлеуметтік ахуалынан хабардар болуы керек. Бірақ ол әлеуметтік көмек тағайындауға жеткіліксіз. Заң талабы бойынша, комиссия арыз берген әрбір азаматтың үйіне арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп, қолымен ұстап, қажет құжатты толтыруы тиіс қой. Бұлай етпейінше әлеуметтік қолдауға қанша зәру болса да оған тағайындалмасы анық. Міне, жергілікті әкімдік қызметкерлерінің осы секілді жауапсыздығының салдарынан қаншама мұқтаж отбасы үкімет ұсынған көмекті уақтылы ала алмай отыр.

Менің түсінгенім – жергілікті атқарушы билік жұмысын барынша ширатпайынша атаулы әлеуметтік көмекке байланысты шағымдар кемімейтін секілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *