Өмірдің өзі

Аңыз-қиссалар — өмірге құштарлықты арттырады

Өткен сенбіде Шымкенттегі «Ернұр» әлеуметтік комплексті оқу орталығында «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы» атты семинар болып өтті. Семинарға «Отбасы хрестоматиясы», «Асылай», «Шұғыла» қоғамдық қорларының және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілдері қатысып, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында беріліп жатқан көмектер туралы айтылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинардың басты мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында білім сапасын арттыруға үлес қосу. Ол үшін баланың үйдегі жағдайы жасалған, оның ата-анасымен қарым-қатынасы жақсы болуы керек. Өкінішке қарай, қоғамымызда баласына мектепте оқудың өзіне жағдай жасап бере алмай отырған ата-аналар кездеседі. Көпбалалы, тұрмысы төмен, үйсіз жүрген отбасыларда баланың түрлі үйірмелерге қатысып, бойындағы қабілетін жетілдіріп, потенциалын көтермек былай тұрсын, үйде сабақ оқуына да мүмкіндігі бола бермейді. Тап осындай отбасылардағы балалардың үй тапсырмаларын орындап, ағылшын тілін үйренуіне, ән, би, спорт үйірмелеріне қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға «Ернұр» әлеуметтік комплексті оқу орталығы жәрдем береді екен. Орталық 100 балаға лайықтап ашылған. Мұнда 1-4 сынып оқушылары мен 9-сынып оқушыларын қабылдайды. Орталықтың үйлестірушісі Нұргүл Бахтиярова: «Біздің негізгі мақсатымыз балаға білімнен бұрын тәрбие беру. Баланың көкірегіне Абай, Шәкәрім аталарымыз айтып кеткен «Ар ілімінің» сәулесін себу және баланы өмірге икемдеу. Көпбалалы отбасыдан ең болмағанда бір бала жарқ етіп жарыққа шықса, ол қалған бауырларын алға сүйреп кетер еді», – дейді.

Сонымен қатар, бүгінде кез келген ата-ананың «баламды қайтсем ойшыл, ғалым етемін, қайтсем жұрт назары ауған азаматтар қатарына қосамын» деген үміт-арманы болатыны жасырын емес. Жақсы біліммен қатар жақсы тәрбие беру де екінің бірінің арманы. Алайда ата-ананың сөзінен гөрі әлеуметтік желілер мен теледидарда көрсетілетін жеңіл әзіл-күлкіге құрылған шоулар мен бағдарламалар үстемдік етіп тұрған бүгінгідей заманда баланы ойшыл етіп тәрбиелеу мүмкін еместей көрінетіні рас. «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан осы семинар үшін арнайы келген дінтанушы магистр Әділбек Нәби мен дінтанушы PhDдокторы Мұхит Төлеген баланы ойшыл, ғылымға құштар етудің ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан, бірақ кешегі Кеңес дәуірінде большевиктердің ықпалымен үзіліп қалған дәстүрлі дала оқулары бар екенін айтып өтті. Ол қандай оқу? Ол — баланың 5-12 жас аралығын босқа өткізіп алмай, ертегі, аңыз-қисса, батырлар жырын жаттатып, кеудесіне даналықтың дәнін егу. Айналаны тануға ұмтылған кезіндегі «Аспан неге көк?» «Жұлдыздар неге жарқырап тұр?» «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» «Жылан неге ирелеңдеп жүреді?» «Ешкі неге бақыра береді?» деген сияқты баланың таусылмайтын сұрақтарына ертегі, аңыз-қиссалармен жауап берсеңіз, ол баланың жадына тасқа жазылғандай жазылып қалады да, өсе келе ғылымға құштарлығын оятады екен.

«Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры халқымызда бұрыннан бар, бірақ кеңестік дәуірде жойылған «Сияр Шәріп», «Қисса сүл-әнбия» секілді кітаптарды іздестіріп, тауып, бүгінгі заманға лайықтап қайта жазып, кітап етіп жарыққа шығарумен айналысады. Сонымен қатар КСРО кезінде посткеңестік елдерге енбей қалған психологияның үшінші мектебі В. Франклдың логотерапиясын қазақ тіліне аударып, оны қазақша қиссалармен байытып, «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты кітап шығарған. Кітапта «адамдар неге суицидке ұшырайды, не себепті ішімдікке үйір болып, нашақорлыққа салынады» деген сықылды сұрақтарға жауап беріп, оның негізін тарқатады. «Логотерапия» деген сөздің өзі адамды даналықпен емдеу деген мағына береді екен. Яғни кішкентай күнінен аңыз, ертегі, қисса сынды даналық ілімімен сусындап, кеудесін хикметке толтырған бала қуыскеуделікке ұрынбай, дұрыс өмір сүре алады деген сөз. Ал кішкентай күніндегі қоршаған ортаны тануға деген қызығушылық сұрақтары жауапсыз қалып, арзан күлкі мен бос сөзге үйір боп өскен баланың кеудесі қуыс болып, өсе келе бір проблемаға ұрынуы мүмкін. Кеуденің қуыстығын логотерапияда «экзистенциялық вакуум» деп атайды.

Жалпы, семинарға жиналған ата-аналар мен ұстаздар күнделікті өмірге қажетті ақпараттармен сусындап, даналық ілімінен нәр алып жатқан оқушылардың жаттаған қиссаларын тыңдап, қойылымдарын көріп, жақсы әсер алып қайтты деуге болады. «Рухани жаңғыру» дегеннің өзі осы емес пе? 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *