Өмірдің өзі

Зобалаң

… Аштықтан аяқ-қолдары дір-дір етіп әлсіреген Ақынбек пен Жүнісбек үшін бақилық болған аналарын ақтық сапарға шығарып салудың өзі ауыр соқты. Қазаланған адамын жерлеуге шамасы келмеген кейбіреулердің мәйіттің үстіне ескі дуалды құлатып кетіп жатқандары да елге мәлім болып қалған-ды. Олар анасын жер қойнына тапсырған бойда «наны көп қала» атанған Ташкентке қарай тәлтіректей басып, жүріп кетті. Ендігі кешігудің «ажалды» күткеннен басқа ешқандай мән-мағынасы жоқ екендігі айтпаса да түсінікті болатын.

Бұлардың ойын айтқызбай білген жиендері, жетідегі жас бала Зәріпбай да арттарынан ілесті. Оның да анасының жер қойнына тапсырылғанына бүгін, міне, үшінші күн. Күні бойы әке-шешесін жоқтап, қаңырап қалған иесіз үйде аңырап отыратын бала түнге қарай Ақынбектің қасына келіп қисаятын. «Бізден гөрі саған анау «шолақ белсенді атанған» (пәленше) атаң жақын ғой. Сол үйге барып паналасаңшы, әрі ол үйдің наны да көп», — деген бұлардың сөзін естісе де естімегендей болады. «Өзіне жанашырды ит пен бала біледі», — деген осы екен-ау. Елге келген бұл ашаршылықтың зобалаңынан өзіне қамқор болатын оның ешкімі қалмаған. «Біз ұзақ жолға кетіп барамыз. Ташкентке жете аламыз ба, жете алмаймыз ба, ол жағы белгісіз. Шаршағаныңда сені арқалайтындай біздің шамамыз жоқ. Сонықтан бізге ілеспей осында қал!», — деген бұлардың сөзін Зәріпбай жылап-еңіреп, тыңдағысы да келмеді. Бәлкім, өзіне бұлардан басқа жанашыр ешкімнің қалмағанын білді ме екен? Алғашқыда: «біраз жүріп шаршаған соң өзі-ақ қалар» дегенімен, Зәріпбай арттарынан ілесе берді. Сөйлеуге шамасы келмей, аштықтан ыңырсып жылаған Зәріпбай жол бойында қаншама рет бұлардан қалып қойды. Жиендеріне жаны ашығанмен қолдарынан келер басқа дәрмені болмағасын, теңселе басқан бұлар да амалсыздан одан ұзай берді. Әйтсе де ертеңгісін қастарына келіп қылжыйып жатқан Зәріпбайды көретін. Осындай жағдай екінші рет қайталанғанда: «бұл жетімді бізге Алла тағала сынақ үшін жіберіп жатыр», — деп топшылаған Ақынбек оны қайтып қастарынан тастамай, жетектеп жүрді. Екі күн жүріп Шымкентке жеткен жандар мұнда да ешқандай жүрек жалғар нәпақа таппады.

Тәшкенді бетке алып келе жатқандарына да бірнеше күн өтті. Көздері қарайған жандар жол-жөнекей не жемеді десеңізші. Бірақ, талғажау еткен құр шөп-шаламнан ешбір қайран болмай келеді. «Өлмегенге — өлі балық» дегендей, үлкен үміт артқан Тәшкенге де келіп жетті-ау ақыры. Осы жердегі бір өзбекке жұмысшы болып жалданған Ақынбек пен Жүнісбек жиендері Зәріпбайды да қастарынан қалдырмай, әлпештеп жүрді. Алғашқыда тек қарын тойдыруды ғана ойлаған бұлар, келе-келе бұл отбасының барлық шаруасын айтқызбай-ақ өздері тындыратын болды. Осылайша екі-үш жыл да зымырап өте шықты. Өздеріне кіршіксіз адал қызмет еткен қазақтың жігітіне көрші тұратын «қарақалпақтың» бойжеткен көрікті қызы Қашияның назары ауып, сөздерінің жарасатынын бұлар байқап жүреді екен. Көп ұзамай осы өзбектің ықпал етуімен Ақынбек көңілі ауған Қашияға үйленді. Араға жыл салып дүниеге Рақым атты ұл келіп, үйлері шаттыққа толды. Осы жердегі өзбек мектебіне барған жиен бала Зәріпбай бұларды алған бестік бағаларымен қуантатын.

Көп ұзамай арттарынан іздеп келген ағайындары Алпыс бұларды елге қайтуға үгіттеп бақты. Ел ішіндегі алапат аштық пен өлім-жітімді көп көрген жігіттердің елге қайтқысы келмеген. Бірақ, «елге келген әрбір жанұяға бес қой мен бір сиырдан тегін беріліп жатқанын, еккен егіннің де астығы мол болып, ашаршылықтың ауылы алыстағанын» айтып баққан көкелеріне сенбеске амалдары қалмады. Осылайша 1939 жылы елге келген ағайындылардың бірі Ақынбекке колхоздың бір отар қойы сеніп тапсырылса, Жүнісбекке есепшілік жұмыс берілді. Кішіпейілділігі мен сауаттылығының арқасында көп ұзамай «Еңбекші» атанған осы колхозға Жүнісбек бастық болып сайланып, Ұлы Отан соғысына кеткенге дейін қажырлы еңбек етті. Бұл аралықта ауылдан төрт жылдық мектептің ашылуына да ықпал еткен осы көкеміз болатын.

* * *

Жаһангердің әлпештеген жалғыз сәбиінің шетінегеніне көп болған жоқ. Күн батып, қараңғылық түсе салысымен әйелі екеуі жұрт көзінен тасалау, жол бойынан шеткерірек жерге жерлемек болып келе жатқан жайы бар. Өйткені, аштықтан көзі қарайған жандардың қастарындағы өлген адамды таласа жегенін талай рет көрген. Ашыққан жұрттан жырақтау, жол бойынан аулақ кеткенінің сыры осы болатын. Қасындағы келіншегі Перизаттың жанары жастан арылмай келеді. Қаншама күнгі аштықтан өзінен сүт шықпай қалғанына өзін кінәлі сезініп келе жатқанын түсіну қиын емес еді. Жұрттан оқшауланған екі жан осылайша түн қараңғысында әлі жасына да толмаған нәрестелерін жер қойнына тапсырды. Қалтасындағы пышағымен жер қазып, бауыр еті баласын көмген Жаһангер мен келіншегі енді не істерін білмей, мең-зең күйде көп отырды. Жер қазудан шаршаса керек, бір кезде күйеуінің қылжиып ұйқыға кеткенін көрген Перизат та оның қасына келіп қисайды. Қанша шаршаса да кірпігі ілінбей, көз алдынан өткен күндері тізбектеліп өтуде. Иә, ол бір сағынышқа айналып, арман болған алаңсыз бақытты  күндер екен-ау.

Таңертеңгісін шөп-шалам теріп, жас моланың үстін бүркегенсіген екеу тағы да жолға шықты. Арада қанша күн жүргені белгісіз, ақыры «өлдім-талдым» дегенде Өзбекстанның «Аққорған» деген жеріне жетті. Осындағы базар маңынан қайыр сұрағанымен жүрек жалғар ештеңе болмады. Аштықтан көздері шүңірейіп ішіне кіріп кеткен жандарды ешкім жұмысқа да ала қоймады. Осы жерде Жаһангер көптен бері ойында жүрген сырын, яғни, аман қалудың «ең соңғы үмітін» келіншегіне жасқана отырып әрең айтты: «Құдай қосқан қосағым, асыл жарым Перизат! Саған өле-өлгенше ризамын. Марқұм әке-шешемді де ерекше құрметтеген пейіліңе мың да бір рақмет. Қатал тағдыр бізді ажыратқалы тұрған сияқты. Өткен жолы қылжақтаған бір адамдар: «қатыныңды сатасың ба?» деген еді жынымды келтіріп. Қазір ойласам, бізге мына аштықтан тірі қалудың басқа амалы қалмай тұрған сияқты. Сені сатып алғысы келген адам өзіңді ашықтыра қоймас, ал мен тірі қалып, өзіме-өзім келетін болсам қалай да сені тауып аламын, — деп ойлаймын. Саған «талақ» айтпаймын. Бірақ, басқа амалымыз жоқ сияқты. Бұған не дер едің?», — деді тамағына келіп қалған өксігін әрең тежеп, құмыға сөйлеп. Бұндай тосын сөзді күтпеген Перизат аң-таң болып тұрды да, бір кезде егіліп жылап қоя берді. «Мені шынымен жатқа қимақ болдың ба» дегенді айта алмай, өксіп жылаған келіншегін не деп жұбатарын білмеген Жаһангердің өзі де қатігез тағырына налып тұрған еді. Әлден уақытта бірін-бірі сүйемелдеген екі мұңлық базар маңындағы бір көлеңкелеу шетке келіп отырды. Базарда қос-қостан мал жетектеген жергілікті тұрғындар өріп жүр. Соларға қарап отырған Жаһангер өздеріндегі «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп қорасындағы бар малын, қамбасындағы бар дәнін түгел сыпырып әкеткен «кеңестік саясаттың» Өзбекстанда болмағанына таңырқауда. Күйеуінен мәңгілікке ажырайтындай болған Перизат басын Жаһангердің иығына қойып, әлі де солығын баса алмауда. Осы кезде бұлардың аштықтан қайыршыға айналған халін көріп, жандарына жақындаған өзбектің өңкиген пұшық байы ат үстінде шіреніп «Ей, қозақ! Қотиниңни сотасанми?», — деді маңқалана дауыстап. Бұлардың дәрменсіздіктен үндемегенін «келісті» деп ойлаған пұшық одан бетер басынып: «Чиниңни айт, бу сәниң қотиниңми, я қизиңми»?, — деді сақал-шашы өсіп, шөгіп кеткен Жаһангерді кәрі шалға теңеп. «Бұл менің қарындасым», — деген бұның сөзінен соң одан бетер құтырынған пұшық «Сиңлиң булса урнидан турсин. Қуртиқ емаспи, — деді өктемси сөйлеп. «Тағдырдың бізге жазғаны осы болса амалым қанша» дегенді айта алмай, солқылдай жылап, көзінен жасы сорғалаған Перизат орнынан қинала тұрды. Бұл төңіректің қожасы менмін дегендей «Ей, қозақ! Буниң узи чолақ, яки букир емасми?», — деп маңқылдай сөйлеп, әмір беріп тұрған пұшық, келесі сәтте аттан қалай ұшып түскенін білмей де қалды. Екі көзі от шашқан ірі денелі қазақ қолындағы қамшысымен тартып-тартып кеп жібергенде басы қақ айрылғандай болған оның жаңа ғана паңданып тұрған мінезінен дым да қалмай, «Ойбай өлдім, өлдім! Жансауға көке, жансауға! Мен бейбақты кешіре гөр әкешім, кешір!», — деп демде қазақша сайрап, еңіреген күйі еңбектеп барып, атының астына қалай кіріп кеткенін де білмей қалды. Әлсізге қоқаңдап, бүкіл қаланың қожасы жалғыз өзі сияқтанып тұрған өңкиген есерсоқ өзін аттан жұлып алып сабаған қазақтың алдында әп-сәтте мүсәпір күйге түскенін білмей де қалды. «Қатынқұмар сорлы! Қайыршыны қорлағанша, садақаңды беріп мүсіркесең етті», — деп сабаған қаһарлы жігіттің ашуын қайтсем басамын дегендей елпең қағып «Болды көкетай, болды! Сиыр аламын ба деген ақшамның бәрі садақам болсын. Тек енді ұра гөрмеші», — деп жалынып, қалтасындағы ақшасының барлығын бұның алдына тастай салды. «Аюға намаз үйреткен — таяқ» деген осы екен-ау. Тағдыры тәлкекке түсіп тұрғанда өзіне жанашыр жанның табылғанына көңілі босаған Перизат мұңын шаққандай жылап жібергенін өзі де білмей қалды… 8{ ;9 { 8{u;9 { 8{�;9 { 8{M<9 { 8{�<9 { 8{%=9 { 8{�=9 { 8{�=9 { 8{i>9 { 8{�>9 { 8{A?9 { 8{�?9 { 8{@9 { 8{�@9 { 8{�@9 { 8{]A9 { 8{�A9 { 8{5B9 { 8{�B9 { 8{ C9 { 8{yC9 { 8{�C9 { 8{QD9 { 8{�D9 { 8{)E9 { 8{�E9 { 8{F9 { 8{mF9 { 8{�F9 { 8{EG9 { 8{�G9 { 8{H9 { 8{�H9 { 8{�H9 { 8{aI9 { 8{�I9 { 8{9J9 Y

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *