Әлеумет

Автобустар жаңарып жатыр

Бүгінгідей экономикалық өсімдерге қол жеткізуіміз Тәуелсіздіктің арқасы екені талассыз. Мемлекеттің жағдайының жақсарғанын әдемі ғимараттар мен көрікті көліктерден де байқауға болады. Бұрын ұсқынсыздау болған үйлердің орнын қазір заманауи ғимараттар алмастырған. Тозығы жеткен қоғамдық тасымал көліктері біртіндеп жаңасына алмастырылып жатыр. Бұл облыс орталығы ретінде әбден қалыптасып қалған Шымкентте ғана емес, ондай статусты енді ғана алған Түркістан қаласында да байқалады.

Әсіресе, осы жылы облыс орталығындағы автобустардың сапасын арттыру жұмыстары жанданып келеді. Айталық, жыл басында қаладағы қоғамдық көліктердің қатары 16 жаңа автобуспен толыққан болса, жуырда олардың қатарына тағы да «Yutong» маркалы 5 автобус қосылды. Автобустардың барлығы Түркістан қаласының логотипі белгіленген бірыңғай жасыл түспен боялған. Ұзындығы 8,5 метр. Сыйымдылығы 28 орындық. Қосымша тағы 30 адамды мінгізуге қауқарлы. Автобус ішінде жарнамалық экран мен желдеткіш қойылған.

Қазір Түркістан қаласына жаңадан көшіп келген және оқуға түскен студенттер қатары көп. Былайша айтқанда, қаланы жақсы білмейтіндер аз емес. Міне, әсіресе осы топтағы жолаушылар үшін автобус ішіндегі арнайы жүйе арқылы әрбір аялдаманың хабарланып отыруы өте қолайлы болып тұр. Алдағы уақытта жол ақысын төлеуді цифрландыру ісі де жүзеге асырылмақ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау үшін артқы есікке пандус орнату да қарастырылуда. Жаңа автобустар жуырда қала ішіндегі №№5, 7, 30, 31 бағыттарында жолаушыларды тасымалдайды деп күтілуде.

 Жыл соңына дейін Қазақстанда жасалған «Сарыарқа АвтоПром» автозауыт базасынан тағы да су жаңа 36 автобус жеткізіліп, пайдалануға берілмек. Олар шаһарға кіретін 5 бағытты қамтитын болады. Осылайша Түркістан қаласы ескі автобустардан біртіндеп арылып, тек қана жаңа көліктермен жүйткитін кезеңге қадам басып келеді. Ал бұған қала тұрғындары мен қонақтары дән риза.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *