Қоғам

«Есті ене, көргенді келін»

Ұзынатада келіндер сайысы өтті

Осыдан 20-30 жыл бұрын аудан мен ауылдарда қыз сыны, жігіт сұлтаны, келіндер сайысы секілді тәлім-тәрбиеге толы байқаулар жиі ұйымдастырылып тұратын. Осындай елге, халыққа қажетті де, қызықты дүниелердің бүгінде сирек өтетіні өкінішті. Дегенмен, ұмытыла бастаған үрдісті қайта тірілту, жандандыру өз қолымызда екенін де естен шығаруға болмайды. Міне, осындай бастама шардаралықтар тарапынан қолға алынды. Жастар жылы аясында Шардара аудандық ішкі саясат бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы 7-қыркүйек күні Шардара ауданының Ұзын ата ауылында«Есті ене мен көргенді келін» атты сайыс ұйымдастырды.

Әдетте тегін концерт берсе де үйіндегі шаруасын тастап шыға алмайтын ауыл тұрғындары бұл күні мәдениет сарайына бір кісідей жиналды. Жерлестерінің өнерін тамашалап, ептілігі мен біліктілігінің куәсі болып, күнде көріп жүрген көзтаныстарын өзге қырынан таныды. Орайы келгенде осы шараны ұйымдастырушы Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Орынша Қалшабекованы әңгіме тарттық. «Сайыстың мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды жүзеге асыру, отбасы құндылығын насихаттау,- деді бөлім басшысы. – Қазақ ғұмырында бір кездері өлімнен де күшті ұят саналған шаңырақтың шайқалуы, отбасының ойран болуы, некенің бұзылуы, өкінішке қарай, қазіргі кезде үйреншікті үрдіске айналды. Осы қасіреттің алдын алу, жалпы, отбасы мен некенің беріктігін нығайту, шаңырақтың шайқалмауындағы ененің алатын орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі келіндердің ролін насихаттау, ене мен келін арасындағы сыйластықты күшейту, сол арқылы аудандағы жарасымды жанұяны, өнегелі отбасыны көпке үлгі ету — басты көздегеніміз болды.

Биылғы жыл Елбасы Жарлығымен «Жастар жылы» аталып отыр. 19-29 жас аралығындағы келіндерді таңдап отырғанымыздың да бір себебі осында. Қаланың жастарына серуендейтін, қыдыратын орындар жеткілікті. Ал ауылда ондай мүмкіндік аздау, тіпті жоқтың қасы. Сол себепті жастардың жиі бас қосуына, кіші буын өкілдерінің тәлім-тәрбие алуына себеп болатын осы секілді іс-шараларды көбейтуіміз қажет. Сайысты ауылда ұйымдастыруымыздың да негізгі себебі осында. Бұл бастамамыз алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Президентіміздің өзі соңғы Жолдауында білім саласында ауыл мен қаланың арасында айырмашылық болмауы керектігін ескертті емес пе? Жағдайдың теңесуі тек білім саласында ғана емес, бүкіл адам өмірінде болуы керек деп есептейміз. Сондықтан біздің іс-шараны Президенттің Жолдауын қолдау деп атасақ та қателеспесіміз анық.

Мұндай сайыс демеушісіз өтпейіні белгілі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, аудандық іскер әйелдер одағының төрайымы Еркінай Момбековаға алғысымды білдіргім келеді. Ол кісі бүгінгі сайысымызға құрметті қонақ ретінде қатысты».

Байқау басталар сәтте Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев ақ тілегін арнап, үміткерлерге сәттілік тіледі. Одан кейін «Көлден ұшқан аққудай керім бе еді, Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері», – деп сөз бастаған жүргізуші бағын сынамақ болған көргенді келіндерді енелерімен бірге сахна төріне шақырды. Алатау батыр, Қ.Тұрысбеков, Ақшеңгелді, Достық, Cүткент, Жаушықұм, Ұзыната, Көксу, Қызылқұм ауылдарынан келген сайыскерлер көпшіліктің қошеметімен ортаға шықты. Әмір Ақерке енесі Балташева Эльмирамен, Нарзықұл Ақмарал енесі Илиясова Гүлжаханмен, Нұрғалынова Гүлсінай енесі Қозыбағарқызы Нұржамалмен, Елмұратова Оразкүл енесі Тасболатова Алтынмен, Қалыбекова Айсәуле енесі Досыбекова Күләшпен, Мырзахан Жұлдызай енесі Әуелбекова Айткүлмен, Саухатова Жазира енесі Қошанова Құралаймен, Шаутикова Несібелі енесі Шығанақова Жұпаркүлмен, Аманқұлова Жанар енесі Бижанова Ұлжалғаспен жарыс алаңына шығып, байқау шартымен танысты.

Сайыс «Сәлем — сөздің анасы» (Ене мен келіннің бір-бірін таныстыруы), «Білгенге маржан» (әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты сұрақтар), «Әжем айтқан ертегі» (енелер арасында), «Қиын түйін» (отбасылық кикілжіңдердің алдын алу), «Ана әлдиі» (келіндердің жанды дауыста бесік жырын айтуы), «Келін кескен кеспе»(келіндердің қамыр жайып, кеспе кесуі) деп аталатын алты бөлімнен тұрды. Қазылар алқасына батыр ана, ақын-әнші, аудандық «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі, «Мәдениет майталманы» медалінің иегері, «Шардара ауданының Құрметті азаматы» Мүтәлиева Жарылқасынтөрайымдық етсе, Көшекеева Бибігүл, Зүлей Әлия, Момбекова Еркінай, Абдиева Қырмызай сынды аналар алқа мүшесі ретінде бағаларын берді.

Сайыс барысында әр ауылдан келген көрермендер үміткерлерді қол соғып, жігерлендіріп отырды. Дүниеде бөбек үшін ананың әлдиінен өткен әуезді әуен, сырлы саз жоқ. Осындай бесік жырының ұмыт бола бастағанына шараға қатысқандар іштей өкініш білдірсе, оны қайта жандандыруға болатынын ұғынғанда көңілді қуаныш кернеді. Бес сағаттан аса уақытқа созылған сайыс қорытындысы бойынша Көксу ауылынан келген енелі-келінді Шығанақова Жұпаркүл мен Шаутикова Несібелі бірінші орынды иеленді. ІІ орынҰзынатадан келген Қошанова Құралай мен Саухатова Жазираға бұйырса, қазылар алқасы ІІІ орынға Алатау батыр ауылынан ат арытып келген Балташева Эльмира мен Әмір Ақеркены лайықты деп тапты. Сондай-ақ, республикалық ақпараттық-сараптамалық, құқықтық «Өзге пікір» газетінің арнайы жүлдесімен Қызылқұм ауылынан келген Бижанова Ұлжалғас пен келіні Аманқұлова Жанар марапатталды. Басқа сайыскерлер де құралақан қайтқан жоқ. Олардың барлығы да ынталандыру сыйлықтарымен  марапатталды.

Сайыс соңында көрермендер осы күнгі байқауды ұйымдастырғандарға алғысын айта отырып, осы секілді мәні мен маңызы орасан іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұрса екен деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *