Мәселе

Полициядан қырағылық жоғалса…

Осыдан он күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау арнаған болатын. Көкейтесті көп мәселенің түйінін тарқатуға себеп болатын тапсырмаларды тап басып айтты. Соның ішінде полицияның қызметіне қатысты ұстанымдары да халықтың көкейінде жүрген болатын. «Мемлекеттің күш құралы ретіндегі полиция бейнесі жайлап жойылады. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады», – деді Президент.

Жалпы, елімізде полиция қызметіне өзгерістің керек екенін, қажет болса Грузия тәсілімен реформа жүргізілетінін бұған дейін Елбасы Н.Назарбаев та айтқан болатын. Әрине, реформаның қажет екені анық. Әйтпесе, олар қылмыстың алдын алумен емес, оның салдарымен ғана күресуді әдетке айналдырғандай. Тіпті, кейбір қылмыстарға полицейлердің өздері қатысты болып та жатады. 

Оқырманның есінде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентте полиция қызметкерінің қарақшылыққа қатысы болғаны дәлелденіп, сотталды. Өз погонын өзі жұлып алып, жазықсыз жанға жала жауып, жауапқа тартқысы келген полицейдің әрекеті Президенттің құлағына дейін жеткені елдің есінен шыға қоймады. Сайрам ауданында жеңілтек қыздарды әлдекімдерге әдейі жіберіп, артынан «қылмыскерді» құрыққа түсіріп, қоқан-лоққы жасаумен айналысқан полиция қызметкерінің қылмыстық әркеті әшкере болып, жауапқа тартылғаны тағы бар. Азаматтардың құқын қорғайды, қауіпсіздігіне жауап береді деген сала мамандарының бұдан да басқа заңсыз әрекеттері жетерлік.

Жуырда әлеуметтік желіде Қарағанды облысында 5 жыл құлдықта болған адам туралы ақпарат тарады. Нарынбет Жұмағұлов есімді азамат өзін сол жерге полицейлердің апарғанын айтып отыр. Яғни, ешкімі жоқ деп оны тәртіп сақшыларының өздері құлдыққа сатқан. Ол жақта мал бағудан бастап, барлық қара жұмысқа жегілген Нарынбетті «тіл алмаған» жағдайда көк ала қойдай етіп сабауға дейін барған. Нарынбеттің ағасы жоғалған інісін полицейлердің әр түрлі себеп айтып, іздегісі келмегенін айтып сұхбат беріпті. Міне, іздегісі келмеудің астарында қандай құпия жатқаны енді жария болды.

Қылмыстардың ашылуында да кемшін тұстар көп. Ол үшін дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өткен аптада Шымкентте адам өлімі орын алды. Таксиге мініп кеткен қыздың мәйіті табылды. Ал такси жүргізушісін оқиғаның ізін суытпай табу мүмкін болмаған. Таксиге салып жіберген куәгерлердің өздері әлі күнге не себепті куәлікке шақырмай отырғандарын айтып, таңғалып отыр.

Полиция тарапынан жіберілген қателіктер мен әдейі жасалған қылмыстық әрекеттерді тізе берсек, саусақ жетпейді. Әрине, мұның салдары жаман болатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Полицейлердің қырағылық таныта алмай отырғаны мектеп жасындағы оқушыларды да есіртіп жіберген сыңайлы. Осы аптаның өзінде Шымкент қаласында көрші екі мектеп оқушыларының тапа-тал түсте топ-топ болып төбелесіп, суық қарумен және тапаншамен «қарсыласын» жарақаттаған екі бірдей қылмыстық оқиғаның орын алғандығы еріксіз жаға ұстатты. Жаңа оқу жылының басталғанына әлі екі апта да өткен жоқ, ал жағдай ушығып тұр. Полиция қызметкерлерінің жұмысы дәл осылай сылбыр жалғаса беретін болса, оқу жылы біткенше қанша қылмыстық оқиғалардың орын алатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Балаларды мектепке еркін жіберуден қорқатын қоғамда қалайша жайбарақат, уайым-мұңсыз ғұмыр кешуге болады? Сонда полицейлер біздің қорғаушыларымыз ба, әлде қорлаушылармыз ба? Қорғаушымыз бола алмаса, сіз бен біздің салығымыздан құралатын қазынадан қаражат шығындап, оларды қамтамасыз етудің қажеті қанша?

Қазақта «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген астары сан қатпар мақал бар. Ендеше бүгін «полициядан қырағылық кетсе, қылмыскерден қаймығу жоғаладының» кері келіп отырған жоқ па? Бірақ, ол қашанға дейін жалғаспақ?   

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *