Мәселе

Жақсылық па, қиянат па?

Планшетке рұқсат берудің пайдасы қандай, зияны қанша?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың мұғалімдердің Тамыз кеңесінде айтқанындай алдағы уақытта білім саласын тағы да мол өзгерістер күтіп тұр. Соның бірі – оқушыларға оқулық орнына мектепте планшет пайдалануына рұқсаттың берілуі.

«Егер ата-ана баласының оқулықтың электронды нұсқасын қолданғанын, шартты түрде айтқанда, планшет немесе ноутбукпен келуін қаласа, онда ешкім оған тыйым салмайды. Бұл оқушы мен оның заңды өкілдерінің таңдауы». Министрдің осы сөзі оқушының сыныпқа телефон ұстап кіруге болмайтыны жөніндегі тыйымға нүкте қойды десе де болады. Былайша айтқанда, енді әр оқушыға қалауы бойынша мектепке телефоннан бөлек планшет немесе ноутбук алып келуіне жол ашық.

Әрине мұндай қадамға баруда министр баланың «сөмкесін» жеңілдетуді ойлағаны анық. Денсаулығына кері әсері бар ауыр сөмкені көтергенше, бір планшетті арқалап жүргенін дұрыс көрген болар. Былай қарасаң ол да жөн. Бүгінде бірінші сынып оқушысының ауыр кітаптар салынған сөмкесін көтеру жоғары сынып оқушылары үшін де қиын. Дегенмен, мәселені шешудің мұндай жолын таңдау қаншалықты дұрыс қадам болды? Мәселенің екінші, яғни зиянды жағы бар екенін де естен шығармаған абзал. «Планшеттен келер зиян қаншалықты ескерілді» деген сұрақтың туындайтыны заңды.

Иә, бүгінде ғалымдар ғаламторға үңілудің, телефонға телмірудің зияны жөнінде жиі айтып жүр. Әсіресе, буыны бекімеген жас балалар үшін. Мәселен, біз жүріп келе жатқан жолды әлдеқашан артта қалдырған, электроникасы барынша дамыған Жапон мемлекетін алайықшы. ХХІ ғасыр данышпандары деген атау алған сол Жапонияда балалар үйде де, мектепте де мүлдем телефон ұстамайды екен. Мүмкіндігі таңдай қақтырар түрлі техникалар қолжетімді болғанымен, олар жүзбе-жүз тілдескенді құп көреді. Сыныптардан интерактивті тақтаға қосылған жалғыз кішкентай планшет қана көре аласыз. Мектеп жасындағы балалар планшет ұстамайды, әлеуметтік желілерді қолданбайды және виртуалды әлемде өмір сүрмейді. Бастауыш мектепте қатаң ережелер жоқ. Оның дәлелі – пижама киген балалар. Олар ойын арқылы әлемді танып, өзін-өзі байсалды ұстауды, үлкенге деген қарым-қатынасты, салт-дәстүрі мен ережелерді үйренеді. Мектеп ережелері ретінде тазалық сақтап, үй шәркейімен жүру қабылданған. Тазалықшылар болмайды. Сондықтан оқушылар тазалық сақтауға міндетті.

Ал бізде ше? Бізде бәрі басқаша. Ғаламторға қол жеткізгенімізге әлі ширек ғасыр да болған жоқ. Соған қарамастан оның зиянын ескермей, мектептегі балаға дейін планшет ұстауға рұқсат бердік. Бәлкім ол кітапқа қарағанда жеңіл шығар, бірақ радиацияны, одан келер қауіпті неге ескермейміз? Планшетке үйренген бала төңіректе не болып жатқанына қызықпайды. Планшеттен тек қана кітап оқып, мектеп тапсырмасын орындаса мейлі, ғаламтор арқылы неше түрлі қатыгездіктерді үйренбейтініне кім кепілдік бере алады? Қала берді планшет мәселесі балалардың әлеуметтік жағдайына әсер етіп, тұрмыстық ахуалына қарай олардың бірнеше топқа бөлінуіне итермелейтіні де анық. Осыдан келіп балалар арасында жікшілдік, бай мен кедей баласы деген ұғым пайда болып, ол өшпенділікке ұласса не болмақ? Министр мұны білмейді емес, біледі. Бірақ, ескермеді. Ал Ата заңымызда нәсілдік, топтық бөлінуге жол берілмейтіні айтылған.

Планшет мәселесі ата-аналарға да салмақ салатыны түсінікті. Бір үйден 4-5 балаға дейін мектепке баратын балалары бар отбасылар аз емес. Сонда оларға осынша планшет немесе ноутбук, ғаламторға кіру мүмкіндігі бар сенсорлы телефон сатып әперу керек пе? Бұл барлық отбасылар үшін қаншалықты қолжетімді? Ал ес тоқтатпаған кішкентай бала «жоқ» дегенді білмейді. Қатарларынан қалғысы келмейді. Ата-ана сонда не істейді, онсыз да жыртыққа жамау бола алмай жатқан қаражатты қайдан табады? Құлдыққа сатылады ма, әлде ұрлыққа барады ма? Сыныптастарының қымбат планшет ұстап, мұның ауыр кітап арқалап жүргені жүйкесіне салмақ салып, оқушыны өз-өзін қол жұмсауға итермелесе не болмақ?

Ол аз десеңіз, қолында планшеті бар баланың қоғамдағы қауіпсіздік мәселесі онан сайын күрделене түседі. Қажеттілігі күрт артатын планшет үшін адамдар қандай қылмысқа да болсын баруға даяр тұрар болса жағдайды ушықтыратын, ата-ананың уайымын қалыңдататын қадам емес пе бұл? Бала оны жоғалтып, не болмаса сындырып алса ше?.. Әрине, сауал көп. Осының барлығына жауап тауып алмай жатып, халық үшін жоғарыдан шешім шығару қаншалықты дұрыс қадам болды? Сонда бұл біздің балаларға жасаған жақсылығымыз ба, әлде келер ұрпаққа істеп отырған қиянат па?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *