Қоғам

108,5 шақырым жол пайдалануға беріледі

Өткен аптада Шымкент қалалық автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев журналистерге жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы баяндады. Ресми мәліметке сүйенсек, Шымкенттегі көшелердің ұзындығы 2976,6 шақырым екен. Оның ішінде: асфальт-бетонды жол – 1675,3, шағал тас жолы – 1189,8, топырақ жол – 111,5 шақырымды құрап отыр.

Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту және қызметін қамтамасыз ету мақсатында биыл ююджеттен 8 531,61 миллион теңге қаралған. Жалпы 165,3 шақырым көшелерде жөндеу жұмыстары қамтылып, 108,5 шақырымы пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, 33,4 шақырымды құрайтын 11 магистралды көшеде құрылыс, қайта құру және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олар: Арғынбеков көшесінде (Сыпырған ата), әл-Фараби көшесінің жалғасы, Тәуке хан көшесі (Тассай), А-2 автомобиль жолы, Астана даңғылының жалғасы, Төреқұлов пен Жібек жолы көшелері, А-2 автомобиль жолын қайта құру (1 кезеңі Төлеметов көшесінен Ынтымақ ш/а дейін), Бекжан базарының маңындағы жол айрықтың оң жақ өткелдерін қайта құру, Қонаев көшесі жалғасының құрылысы (1 кезеңі Түркістан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін), Қонаев көшесі жалғасының құрылысы (5 кезеңі Бадам өзенінен Сәуле ш/а дейін), Адырбеков көшесін қайта құру, Байтұрсынов көшесін орташа жөндеу.

Содай-ақ, бір жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің, бес көпірдің құрылысы және қайта құру жұмыстары жүргізілмек. Яғни, олар — Бадам өзеніндегі көпірді қайта құру (Ет комбинаты), жоспарланып отырған Оңтүстік айналма жолындағы көпірдің құрылысы, А-2 автомобиль жолының бойындағы «Бадам» өзені үстіндегі көпірді қайта құру, Қонаев көшесі жалғасының құрылысы, «Бадам» өзені үстіндегі көпірдің құрылысы, Ленгір тас жолы бойындағы «Сайрам су» өзені үстіндегі көпірді қайта құру, Темірлан тас жолы – Мангельдин көшелері қиылысындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы.

           Басқарма басшысының сөзіне қарағанда жұмыс мұнымен шектеліп қалмайтын тәрізді. 21-ші шағын ауданның ішкі орамдық 105 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 26 шағын ауданда 48 шақырымды құрайтын көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, 6 көшеде жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталады.

           Шымкентте халық саны көбейген сайын көлік саны артып, кептеліс жиілей түсуде. Соның алдын алу және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында алты көше қиылысында оң жақ өткелдердің құрылысы жұмысы басталады. Қаланы көркейту барысында жаңадан пайда болып жатқан елді мекендерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Осы мақсатта 89 шақырымды құрайтын жаңадан көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары қолға алынбақ.

Осы жұмыстар өз уақытында ойдағыдай іске асар болса, Шымкенттің көшелері де ретке келіп қалары анық ау.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *