Әлеумет Қоғам

Шөкеев шаруа жайымен танысты

Түркістан облысының тізгінін Өмірзақ Шөкеевтің ұстағанына жетінші айдың жүзі болды. Бұған дейін де қызмет атқарған жерінде те қана іскерлігімен көзге түсіп жүрген Өмірзақ Естайұлы облыста қордаланған күрделі мәселелерді шешеді деген сенім мол. Сол сенімнің үдесінен шығу үшін облыс басшысы тиянақты жұмыс атқаруда. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығы Арыс қаласында болған жарылыс кезінде де байқалды. Ал кешегі аптада аудандарды аралау барысында Өмірзақ Естайұлы өзінің ауылшаруашылық саласын жетік меңгерген маман екенін тағы бір рет дәлелдегендей болды.

               Қойма санын көбейту керек  

Мақтаарал ауданына іссапармен барған Өмірзақ Шөкеев диқандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мақтааралдық диқандар негізінен мақта, жоңышқа, дәнді жүгері, қауын, қарбыз және басқа да бақша өнімдері мен көкөністер егумен айналысады. Солардың бірі Достық ауылындағы «Отан ана» шаруа қожалығының егістігі 73,9 гектар алқапта орналасқан. Шаруалар соңғы жылдары кеңінен қолданатын тамшылап суару әдісінің тиімділігін көруде. Олар соның арқасында табыс көлемінің де артып отырғанын айтады. Алдағы уақытта шаруалар жылына үш рет өнім жинауды жоспарлап отыр.

Әрине табыстың мол болғаны дұрыс. Бірақ ол ысырап болмау керек. Бұл жөнінде Өмірзақ Естайұлы шаруа қожалықтарының иелеріне «Табыстың ұлғайғаны жақсы. Бірақ көлемін арттырып алғанға дейін сақтайтын жерді де ойластырған жөн. Қойма санын көбейту керек», — деп тапсырма берді.

Биылғы жылдың тамыз айындағы көрсеткіш бойынша жалпы Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі 8028 миллион теңгені құраған. Облыс басшысы Мақтаарал ауданын дамыту мақсатында іске асырылып жатқан жобалардың жүзеге асырылуын да тексерді. Ауданды көріктендіру мен абаттандыру жұмыстары да басты назарда. Мырзакент кентіндегі орталық саябақта, Даңқ гүлзарында қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. Орталық «Мәдениет үйі» күрделі жөндеуден өтуде. Ө.Шөкеев құрылыс жұмыстары барысында кәріз жүйесі мен газ құбырын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан кейін аймақ басшысы шитті мақтаны тасымалдауға арналған «2ПТСХ-10-45» модельді трактор тіркемесінің өндірісінде болды. Өндіріс орны автотұрақ, әкімшілік ғимараты, таразы және қойма, техникалық қызмет көрсету орталығы мен қосалқы бөлшектер қоймасымен жабдықталған.

                   12500 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ

Аймақ басшысының іссапары бұдан кейін Шардара ауданында жалғасын тапты. Сапарды Жаушықұм ауылдық округіндегі бақша өнімдерін өсіретін «Тұрар» шаруа қожалығын көруден бастады. Қожалық өз алқабында алдымен қарбыз егіп, өнімін ертерек жинап алған. Артынша, яғни шілде айында қырыққабат пен қызылша, пияз өсірді. Жапония мен Швейцария, сондай-ақ Түркиядан сатып алынған заманауи технологияны пайдаланған шаруалар қымбат бағалы дән мен тамшылап суару әдісін қолданған. Нәтижесінде өнім сапалы әрі қалдықсыз шыққан. Қожалықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да әр ауылда осы екі кезеңді егіс жинауды жаппай қолға алуды тапсырды.

2012 жылы ашылған «Тұрар» шаруа қожалығының 286,0 гектар жері бар. Бүгінге дейін жеке инвестициялық салымдармен қаржыландырылып келген шаруашылықта жиырма адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 80 мың теңге. Алдағы уақытта ауданда Жаушықұм массивін игеруге 14,3 миллиард теңге қаражат инвестицияланбақ. Бірнеше кезеңге бөлінген жоба толықтай іске қосылған жағдайда 12500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Оған қажетті қаржы Еуропа қайта құру және Даму банкі тарапынан қарастырылуда.

«Тапсырманың тиянақты орындалғанын көріп тұрмын. Бірақ бұл бір ғана шаруа қожалығының атқарған ісі. Өнімнің сапасы да көзге көрініп тұр. Дәл осы бір жылда 2-3 өнім жинау әдісін тұтастай барлық ауыл округтерінде қолға алу керек. Үйреніп, одан әрі дамыта түсу керек», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі бұдан кейін қаладағы «Шардара» №18 ГЖС-нан тартылатын жоғары қысымды газ құбырын және «Өтеғұл» ықшам ауданында орамішілік орта қысымды газ құбырын салу» жұмыстарымен де танысты. Жоспар бойынша ауданда 2023 жылдың 31-ші желтоқсанына дейін 80 мыңға жуық тұрғыны бар 22 елдімекен көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл тұрғындардың 99,45 пайызын құрайды. Өңір басшысы сапары барысында қалалық бас су торабының да жұмысымен көзбен көрді. Аталған торапта «Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Шардара сервис» МКК коммуналдық қызмет көрсетуші болып табылады. 1983 жылы пайдалануға берілген су торабы бүгінде 5990 тұрғын үйге, 5457 тұтынушыға қызмет көрсетіп отыр.

Жас спортшыларға қолдау көрсетті

Облыс басшысы мұнан соң «Шардара Армспорт» спорт клубына ат басын бұрып, дүние жүзінде өзіндік орны бар спортшылармен кездесті. Әлем чемпиондары аллеясының және таэквондо, каратэ, жеңіл атлетика залдарының ашылу салтанатына қатысты. Аталған аллеяға алғашқы ағашты отырғызды. Сонымен қатар Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, «Шардара Армспорт» спорт клубының негізін қалаған Арман Қарсыбаевпен кездесіп, спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүргені үшін алғысын білдірді. Алдағы уақытта одан әрі қарай да чемпиондар шығара беруіне сеніммен қарайтынын айтып, ізгі тілегін жеткізді. Спорт клубына жас спортшыларды жарыстарға тасымалдайтын микроавтобус тарту етіп, көлік кілтін қол күресінен Әлем чемпионы Мағжан Шамиевке табыстады. Шардаралық чемпиондармен естелікке суретке түсіп, оларға алдағы Румынияда өтетін Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілек білдірді.

Облыс әкімі бұдан бөлек «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы аясында Шардара қаласындағы көпқабатты үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Өз кезегінде жергілікті халық атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толатынын айтып, ризашылықтарын білдірді. Қаладағы 1970 жылы салынған төрт қабатты үйде 40 пәтер бар. Қазіргі таңда 180 тұрғыны бар баспананың күрделі жөндеу жұмыстарын бас мердігер «Монолит Строй XXI» компаниясы жүргізуде. Құрылыс жұмыстары үш ай көлемінде аяқталуы тиіс. Бұл ретте Өмірзақ Естайұлы қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына ендігі кезекте мемлекеттік кондоминиумдық нысанын тіркеп, құрылыс компанияларымен келісім-шартқа отыру керектігін атап өтті. Аталған үйлердің сыртқы келбетін де әрлеуге кірісу керектігін ескертті.

Сапар соңында облыс әкімі аудан орталығындағы индустриялық аймақта орналасқан «Ай-қажы Ақ-Алтын» серіктестігі мақта өңдеу зауытының жұмысын көріп шықты. 2018 жылы ашылған серіктестік жеке инвестициямен қаржыландырылады. Кәсіпорын жылына 20 мың тонна мақта шикізатын өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда зауытта 125 адам еңбек етіп жүр. Олардың орташа айлық жалақылары 70 мың теңгені құрайды. Болашақта кәсіпорынды кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, мақтаны терең өңдеу жұмыстары қолға алынбақ.

   Бір жылда — үш мәрте өнім…

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданына жасаған жұмыс сапары барысында әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысандарда болды. Алдымен Біртілек ауылдық округінде орналасқан «Абзал» және  «Береке» шаруа қожалықтарында атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Мұндағы диқандар көкөніс өнімдері, картоп, қырыққабат, пияз егумен айналысады екен. «Шаруалар алдыңғы қатарлы технологияны қолдана отырып, бір жылда екі-үш рет өнім алу әдісін меңгерген. Биылдың өзінде аталған тәжірибе шеңберінде 29 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде, ауданның аграрлық әлеуеті артуда, – деді жергілікті билік басшылары.

Өңір басшысының жұмыс сапары Абай ауылының орталығында «Ауыл – ел  бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысуға ұласты. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған ауқымды құрылыс жобасының аясында 23 көшені толық жөндеу көзделген. Өмірзақ Естайұлы жолдарды жөнге келтіру жұмыстарының талапқа сай, сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды. Сапар барысында Ө.Шөкеев Абай ауылы аумағынан өтетін «Араншы-1» су арнасының техникалық тазалаудан өткізу жұмыстарын да тексерді. Жеті шақырымға созылған су арнасы бітеліп, ағысы баяулаған. Жылдар бойы жергілікті халықты әбігерге салып келген мәселе шешімін тапқанына ел риза.  Көктем, күз айларында су тасқыны қаупі төнсе, егістік мерзімінде шаруалар судан тарығып келген. Соның салдарынан 380 гектар суармалы жерге су жетпей, игерусіз қалып келеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталып, суармалы жүйелер іске қосылған соң Қошқарата ауылдық округіндегі егістік жерлердің аумағын 450 гектарға ұлғайту көзделген. Облыс әкімі республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойын абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысуға тоқтады. Жоспарға сәйкес жоба қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс.

Осылайша облыс әкімі үш ауданға жасаған жұмыс сапары барысында аудан басшыларынан бастап әртүрлі сала жетекшілеріне тиісті тапсырмалар берді. Шаруалар облыс басшысынан тапсырма алып қана қоймастан мемлекет тарапынан беріліп жатқан және алдағы уақытта берілетін көмектерден құлағдар болып, қуанып қалысты. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *