Мәселе

Жарығы жоқ, суы жоқ…

Халық қайтып күн көрер?

Елбасы Жарлығымен Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис атанғанда қуанбаған қала тұрғыны қалмаған шығар. Әсіресе қала сыртындағы жетім баланың күйін кешіп, жарықсыз, сусыз, газсыз, жолсыз отырғандар «бөркін аспанға атты». Қайтсін енді, олар облыстан еншімізді алдық, бюджетке жергілікті атқарушы органның өзі еге болғандықтан қаладағы түйіні тарқатылмай отырған күрделі мәселелерге көбірек көңіл бөлінетін шығар деп ойлады. Алайда, шаһарымыздың мегаполис атанғанына жылдан асса да сусыз, газсыз, жарықсыз, жолсыз отырғандар бар. Солардың бірі — Қайнарбұлақ ауылының тұрғындары.

Шымкентке жаңадан тағайындалған әкім Ерлан Айтаханов алғашқы іссапарын шалғай ауылдардың жағдайымен танысудан бастағаны өте орынды болды. Өйткені, Шымкент қаласының орталығына көп көңіл бөлінгенімен, шеткі аймақтағы ауылдар ұдайы назардан тыс қалып қоя беретіні шындық. Ерлан Қуанышұлы бірден осы олқылықтың орнын толтырғысы келгені қуантты. Не себепті қуантқанын осы мақалада айтылған уәждерден кейін түсінуге болады.

Өткен аптада Нұрбол Айнабеков есімді бір оқырманымыз хабарласты. Шымкент қаласының Қайнарбұлақ ауылында тұратынын айтқан ол күнделікті тұрмысқа ең қажетті саналатын су, жарық, газ, жол дегендердің атымен жоғын алға тартты. «Сусыз қандай тіршілік иесі өмір сүре алады? Ешқандай да. Ал біз өлместің күнін өткізіп, амалдап өмір сүріп отырмыз.  Менің үйімде су сақтайтын екі бөшке бар. Соған су толтырып қоямыз. Жаздың күндері ол су ысып, іше алмай қаламыз. Сасып кететін кездері де жиі кездеседі. Оны ішкен балалар да, ересектер де іш аурудан зардап шегеміз. Сосын жүреміз сол дәрігер мен дәріхананы жағалап. ХХІ ғасырда жарықсыз, тоңазытқышсыз, теледидарсыз, әлеуметтік желісіз де өмір сүруге болатынын біз осы жерге келгенде білдік. Біздің күнделікті тұтынатын электр энергиямыз – кәдімгі пілте шам. Жағатынымыз – көмір. Қаланың орталығындағылар орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы немесе табиғи газ жағып, жылы үйде отырса, біз жүреміз көмір жағып, күйелеш-күйелеш күй кешіп. Көмірдің де бағасы жылдан жылға аспандап барады», – деді ол ашынғаннан жыларман болып.

Өзіміз де барып көрдік, жан-жақтан сұрастырып та білдік, Қайнарбұлақтағы барлық тұрғындардың жағдайы осындай десек, жалған жазған болар едік. Жоқ, барлығының жағдайы осы дәрежеде емес. Көпшілігінде жарық пен жол бар. Су да тартылған. Бірақ кейінгі жылдары берілген жер учаскелеріне үй салғандарға ешқандай да коммуникация бармаған. Олардың қатары ондап саналады. Күн салқындай көпшілігі үйлерінің есік-терезелерін жауып, қалаға пәтер жалдап тұруға кетеді екен. Алайда адамдардың барлығында 40-50 мың теңгеге пәтер жалдайтын мүмкіндік бола бермейді. Ондайлар амал жоқ қақаған қысты да пілте шаммен, су тасумен, көмір жағумен өткізеді.

Біз осы мәселеге байланысты аталған салаларға жауапты мамандарға хабарласып көрдік. «Әзірге онда газ бармайды, ал жарық, су мәселесі қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының құзіретінде. Ол ауылға су, жарық тарту үшін аталған басқарма тарапынан құжат жасалып, қаражат сұралуда. Жалған сөйлемей-ақ қояйын, бірақ ол ауылға жарық биыл да бармайды», — деді біздің сауалымызға орай Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Тәжібаев. «Қайнарбұлақ саяжайында бәрі бар, — деді Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Жаманкөз. – Сіздің айтып отырғаныңыз Сайрам ауданынан қосылған тұрғын алап тұрғындары шығар. Саяжай тұрғындарына тиесілі жарыққа кейін қосылғандар бірінен біріне жалғанып кете берген. Сол себепті барлығының да жарықтары шырақ секілді сығырайып қалады. Егер жарықсыз отырған үйлер заңды түрде мемлекет тарапынан орнатылған бағаналарға жақын орналасқан болса қосып беруге болады. Ал алыстау отырса ештеңе істей алмаймыз. Трансформатордың егесі жеке адам, ол қанша адамға беретінін өзі шешеді. Жалпы, жеке меншік трансформаторға қатысты мәселемен жергілікті атқарушы орган, яғни аудандық әкімдік айналысады».

Әңгіме осылай болды. Қазақта «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» деген сөз бар. Сол айтқандай, тұрғындарға жарық беру үшін Қаратау ауданының әкімдігі қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына сілтейді. Өз кезегінде олар әкімдікке бұрады. Ал мына жақта қара халық жарықсыз, сусыз қала бермек. Ең дұрысы, Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов алғашқы жақсы бастамасын жалғастырып, бізге базынасын айтып отырған тұрғындардың ауылына барып, тыныс-тіршіліктерін өз көзімен көріп кетсе екен. Сонда ғана бұл айтылған мәселелер оңды шешімін табуы мүмкін. Әйтпесе, бір-біріне сілтеген командасындағылардан жуық арада қайран болмайтын сияқты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *