Мәселе

Жүргізуші куәлігі сатылады ма?

Жол апатының жиілеуіне осы жайт себеп емес пе?

Соңғы кездері жол көлік оқиғалары жиілеп кетті. Бейресми мәліметке сүйенсек,  Қазақстан Тәуелсіздік алған 28 жылдың ішінде көлік апатынан қаза болғандардың саны он жылға созылған Ауған соғысында көз жұмғандардан да көп көрінеді. Апаттардың алдын алу үшін ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ деп ешкім айта алмас, дегенмен бейбіт күнде соншама адамнан айырылудың өзі сол жұмыстардың жеткіліксіздігін көрсетпей ме? Апатты азайту мақсатында Үкімет айыппұлдың көлемін көбейтті. Көше-көшеде бейнебақылау аппараттарының неше атасы тұр. Бірақ одан нақты нәтиже шықпай отыр.

Біздіңше айыппұл көлемін көбейтіп, жүргізушілерді қыса бергенше көлік басқаруды үйренушілерді жүргізушілікке баулып, куәлік беретін мекемелердің жұмысына бақылауды күшейту қажет. Қазір ел арасында жүргізуші куәлігін оқымай-ақ ала берудің жолы оңай екенін айтатындар көп. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Жүргізуші куәлігін сатып алған адам жол ережесін, көлік айдау мәдениетін қайдан білсін? Осыдан келіп жантүршігерлік апаттар орын алып жатады. Оған келтірер дәлелдер жеткілікті. Мәселен соңғы үш күннің өзінде еліміздің үш қаласында адам өлімі тіркелген ірі үш жол көлік оқиғасы тіркелді.

                    Шымкентте автобус аударылды

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпарат былай дейді: «Бүгін Шымкент қаласында Н.Назарбаев даңғылы мен С.Бәйтереков көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы орын алды. Автобустың жүргізушісі жол жүру ережесін ескермей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл белгісіне өтіп, «Тойота Камри» маркалы автокөлігімен соқтығысуынан аударылып кеткен.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобуста болған бір адам алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты. «Тойота Камри» автокөлігінің жүргізушісі мен автобустың екі жолаушысы Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің біріне жатқызылды. Сонымен қатар, «Тойота Камри» автокөлігінің екі жолаушысына, автобустың алты жолаушысына және оның жүргізушісіне медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды.

Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Шымалғанда адам шошырлық жол апаты болды

 Шымалғанда темір жолдан өтпек болған автобусты қатты жылдамдықта келген жолаушылар пойызы соғып кетті. Әлеуметтік желіден айтылып жатқан мәліметтерге сүйенер болсақ, жолда үлкен кептеліс болған. Әрлі-берлі өте аламаған көліктер темір жолдың үстін де жауып тастаған. Шлагбаумның жабылмауынан жолаушылар тасымалдайтын автобус арғы бетке өтіп кетпекші болған. Бірақ алдындағы көліктер қозғалмай тұрып қалғандықтан, автобус дәл темір жолдың үстінде не алға, не артқа қарай қозғала алмай қалған. Пойыздың жақындап қалғанын білген жүргізуші сасқалақтағанынан алғашқыда есікті де аша алмай қалса керек. Бірақ соңғы сәттерде есік ашылып, іштегі адамдар шығып үлгергенімен жүргізуші мен бір әйел, екі бала іште қалып қойған. Апат салдарынан жүргізуші оқиға орнында қаза болып, басқалар ауруханаға жеткізілген. Бүгінде бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталған.

                        Ақтөбеде топ адамды қағып кетті

Ал Ақтөбеде орын алған жол көлік апаты таңқаларлық әрі жантүршігерлік.  Бейнетаспаға басылып қалған бейнеден көргеніміздей, жеңіл көлік орнынан қозғалып, көлік жолына түсудің орнына жаяу жүргіншілер жолында топ-топ болып кетіп бара жатқан адамдарды артынан қағып барып тоқтаған.  

Бұл көлік апатында жүргізуші мас болды ма, әлде көліктің роліне иелік ете алмай қалды ма, белгісіз. Бәлкім, жоғарыда айтқанымыздай жүргізуші куәлігін сатып алған біреу болды ма екен? Әзірге бұл оқиға жайлы әзірге ресми ақпарат кездестіре алмадық.

Бүгінде күнделікті күйбең тіршілікте көліктің қызметін пайдаланбау мүмкін емес. Ендеше, көлік қозғалысының қауіпсіздігі әрбіріміз үшін өте маңызды. Көлік роліне отырған әрбір жүргізуші өзінің және өзгенің өмірі үшін жауапты екенін ұмытпау керек. Таңертең үйден аман-есен шыққан адамды кешкісін бүкіл отбасы мүшелері күтіп отыратынын жадымыздан шығармағанымыз жөн. Ал, жүргізуші куәлігін сатумен айналысатындар болса, олар өз іс-әрекеттері арқылы қаншама адамның ғұмырына балта шауып жатқанын ұғынса екен. Қыршын кетіп жатқан солардың қатарында ертеңгі күні өз бауыры немесе ұл-қыздары болмасына кім кепіл? Ойланайық ағайын! Жолда жүргенде абай болайық. Көлікті барынша сақтықпен жүргізейік.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *