Құқық Мәселе

Абайсызда аяғынан айырылған жанның

құқының да тапталғаны рас па?

Өмір жолы қиын жол. Әсіресе, өз құқын қорғай білмегендерге. Ал мынау жалған дүниеде адамның барлығы бірдей заңгер емес, барлығының жоғары білімі жоқ. Ондайлар басына қара бұлт үйірілгенде не істеу керектігін де білмейді.

Шымкент қаласының тұрғыны Бауыржан Жұматаев (суретте) есімді жігіт дәл бүгінде осындай қиын кезеңді бастан өткеріп жүр екен. Өткен аптада оның үйіне барып, жағдайымен танысудың сәті түсті. Екі жылда басынан өткен ауыр күндер жайлы Бауыржан Бабабекұлы былай деп айтып берді: «2018 жылдың 22 қаңтарында мен Төлеби ауданы, Мәдени ауылындағы «Ақсай» өндірістік кооперативінде жұмыс істеп жүріп, ауыр жарақат алдым. Бір аяғымды жамбас тұсымнан төмен қарай су тартатын насос шайнап, «жұтып» қойды. Содан бері көмек сұрап бармаған жерім жоқ. Менің қолымды сыртымнан өздері қойып, «өтемақы алдым, дауым жоқ» деген түсінік хат жазып, қылмыстық істі жапқызып тастады. Мен келісім бермегенмін. Барлық құжат жалған түзілген. Тіпті сот отырысында соларды маған көрсет, кімнің қолы екенін көрейін деген талабым да орындалмады. Судья алыстан «міне, өзің ешқандай дауым жоқ деп жазып бергенсің» деп бір қағазды көрсетті. Онда не жазылғаны маған беймәлім. Егер «наркозда» есімді білмей жатқанда бір нәрсе жаздырып алған болмаса мен ешқандай құжатқа қол қойған емеспін, түсінік те жазғаным жоқ. Ауруханада жатқанымда дәрі мен жалақы деп 172 380 теңгені 35 рет бөліп берді. Оны жоққа шығармаймын. Басқа бір тиын да көрсетпеді.

Ауруханада жатқанымда еңбек инспекциясынанмын деп бір кісі келіп не болғанын жазып алды, ол да ештеңеге қол қойғызбады. Тергеушіге барғанда ғана не болғанын қысқаша жазып, қол қойғанмын. Бүгінде сол түсінік екеу болып шықты. Біреуінде ешқандай өтемақының керегі жоқтығы туралы жазылса керек. Сұрасақ, құжаттар архивке кетіп қалды деп көрсетпейді. Бірақ аудан прокуроры барлық құжатты алдыруға уәде берді.

Бүгінде екі қызыммен пәтер жалдап тұрамын. Әйелімнің қан қысымы көтеріліп, күнде ауырып қалады. Оған дәріні пәтер иесі беріп жүр. Соңғы үш айдың пәтерақысын да төлей алмай отырмын. Үлкен қызым мектепке бір жыл кешігіп барды. Қазірдің өзінде дәптерлері түгел емес. Дәптер алу былай тұрсын, қыздарымды аш қалдырмаудың өзі уайым. Таңертеңнен кешке дейін нәр татпайтын кездері аз емес.

Шаруама журналистер араласқаннан кейін осы дүйсенбіде өзіме тиесілі балдаққа қол жеткіздім. Енді 20 күнде протез (жасанды аяқ) беретін болды. Бұл үшін Орал қаласынан келген қоғам белсендісі Талғат Қатауов пен «Өзге пікір» газетінің журналистеріне айтар алғысым шексіз.

Сейсенбі күні Төлеби ауданына барып, аудан әкімі Бауыржан Омарбеков пен аудан прокуроры Дәулет Тілемісовке жолықтық. Екеуі де жылы қабылдады. Аудан әкімі олқылықтар орын алған болса оны тез арада түзеу жөнінде ішкі істер бөлімі басшысының орынбасарына тапсырма берді. Ал прокурор қылмыстық іс архивке кеткеніне қарамастан, істі алдыртып, тексертіп, заңсыздыққа жол берілген болса қайта қылмыстық іс қозғатып, сотқа жіберетінін айтты. Мен секілді жарымжан адамға осындай жылы сөздің өзі үлкен көмек қой.

Жоғары біліміміздің жоқ екенін жасырмаймыз. Осыны пайдаланғандар мені мүгедектікке кәсіпорыннан алған жарақаттан емес, «жалпы ауру» деген диагнозбен шығарыпты. Мұндай жағдайда менің кәсіпорыннан өтемақы мен басқа да көмек алуым қиындайды екен. Бұл мәселені де құзырлы орындар бақылауда ұстауға уәде етті.

Сәрсенбі күні Талғат Қатауовпен бірге Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараевтың қабылдауында болдық. Ол кісі де менің басымнан өткен жағдайға аянышпен қарады. Атап айтқанда моральдық және материалдық өтемақы төлету үшін құзырлы органдарға сұрау салатынын, ВТЭК басшылығымен бірге өмір бойы бірінші топтағы мүгедектік беру мәселесін сөйлесетінін айтты».

Осылай деген Бауыржан Жұматаев басына түскен ауыр сынақтарға қарамастан тағдырдың қаталдығына налымайды. Әлі де жақсы адамдар кезігіп, өзіне көмек қолын созатын жандардың табылатынына сенімді. Ал ойламаған жерден мүгедектік қамытын киген жанның құқын таптап, бұра тартқандар болса, тиісті жазасын алуы тиіс. Сол себепті бұл істің барысын біз бақылауда ұстайтын боламыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *