Әлеумет

Құрылыс қарқыны бәсеңдемек емес

Түркістан қаласының облыс орталығы статусын алғанына бір жылдан асып барады. Бір жыл ұзақ уақыт секілді болғанымен, қала құрылысы үшін тым қысқа мерзім екені талассыз. Солай болса да Түркістан жылдам түрленіп келеді. Жаңадан бой көтерген ғимараттардың сыртқы келбеттері алыстан көз тартады. Бұл, әрине, Түркістанды түлетуге мемлекет басшысынан бастап премьер-министрдің, облыс басшысының құрылыс барысын жіті бақылауға алуының арқасы деп айтуға болады.

Апта басында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты сала жетекшілерімен бірге қаладағы бірнеше құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын тағы бір пысықтап шықты. Алдымен Бекзат Саттарханов даңғылының бойында орналасқан «Желілік саябақ» жобасының барысын бақылап, құрылыс қазаны қайнаған аумақты аралап шыққан аймақ басшысы жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берді.

«Облыс орталығына сай бұл бақта Түркістанның брендіне айналатын негізгі жобалардың бірі — «Керуен жолының» құрылысын тездету керек. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ыңғайлы да сапалы болғаны жөн. Ең алдымен балаларға арналған алаңқайлардың көрікті де қызықты, барлық талапқа сай сапалы да қауіпсіз болуы міндетті. Көгалдандыру жұмыстарын осы бастан қолға алып, гүлзарлармен абаттандыру қажет. Көпжылдық ағаштармен айналаны жасыл желекке бөлеу керек», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Он бір гектар аумақта орналасқан ауқымды бақта аспан астында орналасқан ашық бассейннің құрылысы да қызу жүріп жатыр. Ұзындығы 67 метр болатын қос жүзу алаңының жобасы қазақстандық маманның қолынан шыққан. Әлемдік стандарттарға сай салынып жатқан спорт аумағы да жасыл желекке оранып, халықтың сүйікті демалыс орнына айналары анық.

Сондай-ақ, өңір басшысы Түркістан магистралды су арнасының күрделі жөндеу жобасының жұмысын көрді. Осыған дейін арық болған аумақ толықтай бетондалып, арнасы өзгертілген. Алдағы уақытта 26,5 мың гектарға суармалы жерлер тұрақты түрде ағын сумен қамтамасыз етіліп, қаланың толық көгалдандыруына мүмкіндік тумақ. Қаланы аралау барысында аймақ басшысы тиісті сала жетекшілеріне жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасы мен уақтылы аяқталуына баса назар аударып, бақылауды күшейтуді жүктеді.

            Түркістан қаласын көркейту бүгінде Түркістан қаласының өзіне ғана артылып отырған жоқ. Оған облыстың бүкіл аудан-қалалары атсалысуда. Осы мәселеге байланысты Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов төрағалық еткен жоспарлы аппараттық отырыста Түркістан қаласының дамуына қатысты мәліметтер талқыланды. Сол жиында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов шаһардағы әр сектордағы құрылыс жұмыстарына тоқталды.

Жалпы, Түркістан қаласы 16 секторға бөлініп, оларды көркейтуге облыстық басқармалар мен аудан-қалалар, сондай-ақ Түркістан қалалық әкімдігінің бөлімдері жауапты болып бекітілген. Бүгінде барлық аумақтардың жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатыр. Тазалау жұмыстарының арқасында Түркістан қаласы бойынша бір ғана сектордың өзінен 10 тоннаға дейін күл-қоқыс шығарылған. 17 мың түп боз арша (туя) ағашы отырғызылып, олар толықтай тамшылату суғару жүйесімен қамтылған. Оралмалы газондар жайылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аулаларда балаларға арналған ойын, футбол алаңшалары салынып, теннис корты пайдалануға берілген.

Жиында облыс әкімінің орынбасары барлық сектор жауаптыларына құрылыс пен оның құжаттандыру жұмыстарын, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, құжаттандыру жұмыстарын ережеге сәйкес толық аяқтауды тапсырды.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс, көркейту жұмыстарының барысы басшылардың ғана емес, қала тұрғындарының да көңілінен шығуда. Жергілікті тұрғындар жұмыс қарқыны осылай жалғаса берсе бірнеше жылда Түркістан қаласының мүлдем жаңа кейіпке еніп, адам танымастай жағдайда өзгеретініне сенімдері мол.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *