Мәселе

Ауыз судың орнына – арық суы…

Ұшқындықтар ауыз сусыз қалғандарына 20 күн болғанын айтады

Су — тіршілік нәрі. Адам ас ішпей апта бойына шыдауы мүмкін, бірақ су болмаса мұнша уақыт тірі жүре алмасымыз анық. Мұндағы айтпағымыз – судың адам ағзасы үшін қаншалықты маңызды екенін ұғындыру. Ал, Түркістан облысында ішуге жарамды тіршілік нәріне қол жеткізе алмай жүрген тұрғындар аз емес. Нақтырақ айтқанда, Келес ауданы, Ұшқын ауылдық округіне қарасты бірқатар елді мекен тұрғындары осындай азапты күндерді бастан кешіріп жүргендеріне біраз болғанға ұқсайды.

Осы аптаның сейсенбісі күні Келес ауданының Ұшқын ауылдық округінен Несібелі Әбуова есімді азаматша хабарласып, ауыз суға қатысты жайтты бізге былай деп хабарлады: «Біз Ұшқын, бұрынғы Қарабай Қонысбаев ауылынан боламыз. Жыл сайын бізді ауыз су мәселесі мезі етумен келеді. Керек кезде су жоқ болып кетеді. Бүгін, яғни 24 қыркүйекте сусыз отырғанымызға 20 күн болды. Айтсам сенбессіздер, ХХІ ғасырда далада ағып жатқан арық суын ішіп отырмыз.

Қателеспесем, 8-қыркүйек күні ауылдағы жер астынан су тартатын насос құрылғысы бұзылды. Бізде халықтың жағдайын ойлайтын басшы жоқ па білмеймін, әйтеуір араға он күннен аса уақыт салып, 20 қыркүйекте бұзылған насосты жер астынан шығарып, жөндеуге алып кетті. Содан бері де төрт күн өтті. Насосымыз әлі жоқ. Егер сол дөкей бір басшының жеке үйіндегі зат болса бір-ақ күнде жөндетіп қоятын еді. Халыққа ортақ дүниені ойлап жүрген ешкім жоқ. Арық суы қайбір таза дейсіз, балалар іш ауруынан зардап шегуде. Біз балаларымыздың денсаулығына алаңдаймыз».

Иә, шынында осынша уақыт тұрғындар неге сусыз отыруы керек? Мұндай жағдайда тасымал су ұйымдастыру қажет емес пе? Жоқ, басшылар олай істемейді. Себебі оған көлік керек, көлікке жанармай қажет. Басшылар осындай болмашы шығынды бәрінен жоғары қояды немесе оны істеуге құлық танытпайды. Егер лас суды ішкеннен балалар ауырып, адам шығыны орын алса орны толмас шығын келетінін ешкім де қаперге алмайды. Алайда, сол кезде барып қана жан ұшыра шапқылауы мүмкін.

Біз ауылдағы су тапшылығы жайындағы қолда бар бейне дәлелдемелерді Келес ауданындағы тиісті мамандарға жібердік. Осыған байланысты редакцияға төмендегідей мәтінде жауап келді: «Ұшқын ауылдық оуругіне қарасты Ұшқын ауылы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. 13.09.2019 жылы ауыз су ұңғымасындағы су насосының күйіп кетуіне байланысты ауыз су уақытша тоқтап қалды. Бұл ақауды жою мақсатында Келес қызмет мамандары 20.09.2019 жылы арайы кран алып келіп, 170 метр тереңдікте орналасқан су насосын шығарып алып, жөндеу мақсатында алып кетті. Бүгінгі таңға аталған насос жөнделді. Ертең, яғни 25.09.2019 жылы орнына қайта қойылып, ауыз су берілетін болады».

Жоғарыдағы екі мәліметке назар салсақ, ауыз су мәселесі аудандық деңгейдегі басшыларға бес күндей кешігіп түскен секілді. Сонда бұл аралықта сусыз қалған тұрғындардың жағдайын ешкім ойламаған ба? Әлде оқырманымыз жалған айтып отыр ма? Сорақысы, ресми мәлімет түскеннен кейін де ешкім Ұшқын ауылында ауыз судың жоқтығына алаңдаушылық білдіре қоймаған тәрізді. Тағы жеті күн бойына бұзылған насосты жөндеуге ешкім құлшыныс танытпайды. Тек жергілікті тұрғындар «журналист шақырамыз» деген соң барып, нақтырағы 20-қыкүйекте әрекет басталған. Осы аралықтағы уақытта басшылар қайда қараған? Мейлі, аудан басшыларының мың сан тірлігі бар шығар, ал ауылда отырған әкімдер мұрын астындағы жағдайға көңіл аудармай қайда қараған? Халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін мекемелер не істеген?

Ұшқын ауылына ауыз судың қашан баратынын «Келес қызмет» мекемесінің басшысынан сұрамақшы болдық. Бірақ күні бойы хабарласқанымызға қарамастан, ол кісі телефон тұтқасын көтермеді. Демек жергілікті тұрғындар да ол мекемеге, мекеме басшысына дәл біз секілді күні бойына хабарласа алмай жүретін болса керек. Сол себепті де тұрғындар ұзақ уақыт сусыз отырып қалған болуы мүмкін.

Су сорғыш құралын жөндетуге деп алып кеткеніне де бірнеше күн өтіпті. Неге оны тез арада жөндетуге болмасқа? Әлде бұл мақсатқа да тендер жариялап, жеңімпаздың анықталғанын күту керек пе? Ол үшін айлап уақыт жоғалту қажеттігі жұрттың бәріне белгілі. Дұрысы, мұндай жылдам атқарылуы тиіс маңызды мәселелерді шұғыл шешудің тетіктерін қарастырған жөн. Әйтпесе жазда сусыз, қыста жылусыз қалған тұрғындар саны көбеймесе азаймасы анық қой.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *