Құқық Мәселе

Тұз сасыса…

Қазақта айтылмаған сөз қалмаған. «Ет сасыса тұз себерсің, тұз сасыса не себерсің?» дейді соның бірі. Шынында да тұз сасыса не себуге болады?

         Біз мұны неге айтып отырмыз? Жуырда ғана Шымкент қаласы Полиция Департаментінің лауазымды қызметкерінің осы департаментте инспектор болып жұмыс істейтін бір қызметкерден 500 мың теңге пара алу барысында тұзаққа ілінгені жайлы бейнеақпарат тарады. Қызмет бабын пайдаланған күдікті инспекторды жұмыстан босату жөніндегі тәртіптік жауапкершілікті қолданбау мәселесін алға тартып, бопсалағанға ұқсайды. Әрине, мұндай ақпаратқа таңқалудан қалғанымыз қа-а-шан. Дегенмен, бұл оқиғаның ой салар тұстары көп.

         Алдымен аты-жөні аталмаса да қызметтік лауазымы көрсетілген күдіктінің кім екеніне тоқталайық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің мәліметінше, ұсталған азамат Шымкент қаласы Полиция Департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны екен. Бұл қызметке Ішкі Істер Министрінің бұйрығымен тағайындалған. Оған жүктелген негізгі міндет — өз қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оның алдын алу үшін ескерту-профилактикалық жұмыстарын жүргізу.    

         Қазақта тағы «қасқырға қой бақтырған» деген сөз бар. Міне, мына оқиғадан осы мақалдың астарын айнытпай көруге болады. Тікелей міндеті – сыбайлас жемқорлықтың, парақорлықтың алдын алуды үгіттейтін, насихаттайтын лауазым иесінің өзі әріптестерінен пара алып жатса, қасқырға қой бақтырмағанда не болды? Өзі осындай қылмысқа барып тұрып, өзгелерден пара алмауды қалай талап етеді? Қасқыр қойды қырып салмаса, ит-құстан қай заманда қорушы еді? Ал бізде пара алмауды қадағалайтын қызметкердің өзі пара ала береді. Демек, оның осы қызметке құмартуының өзі пара алу ниетіне тікелей байланысты болып тұрған жоқ па? Былайша айтқанда, бопсалау, пара алу үшін осы қызметке келмесіне кім кепіл? Сонда біздің жоғарыда отырған басшыларымыз кадр таңдауда мүлдем тәжірибесі жоқ па, әлде мұның астарында біз білмейтін басқа бір себебі бар ма?

500 мың теңге пара беруге мәжбүр болған инспектор енді отбасын, бала-шағасын қалай асырамақ? Өз кезегінде ол да әріптесінен үлгі алып, өзінің шамасы жететін, әлі келетін қарапайым адамдарды қорқытып-үркітіп, қалтасын қағып, зар жылатпайды деп кім айта алады? Бәлкім, жалаға ілігіп, жазықсыз жапа шегіп жатқандардың көпшілігі осы секілді «бармақ басты, көз қыстының» құрбаны болып жатқан шығар? Мұндай қоғамда өмір сүрудің өзі кейде қорқынышты көрінеді екен.

         Иә, ет сасыса тұз себеміз, ал тұз сасыса ше?   

й. \n»,»id»:881}

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *