Әлеумет

Жатақханамен қамтылмақ

Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі Елбасының өзінің аузымен айтылды. Оның үстіне биылғы жыл – Жастар жылы. Сондықтан болар Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені шешудің оңтайлы тәсілдерін ұсынуда. 11 қыркүйекте Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы Шымкент қаласында «Атамекен» АКП, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ алаңдарында ақпараттық түсіндіру акциясының аясында студенттік жатақханалар мен жеке меншік мектептерді салу мәселелері бойынша іс-шаралар өткізді.

Кездесулер барысында Шымкент қаласының кәсіпкерлік қоғамдастығы мен оқу орындары үшін әлеуметтік нысандарды салу жобаларына қатысудың артықшылықтары мен мүмкіндіктері түсіндірілді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Білім беру саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында баспасөз брифингі өтті. Брифинг спикерлері  ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АО президенті Асқар Ибраимов, «Қаржы орталығы» АО студенттердің жатақханаларға операторлық ету бойынша департаментінің директоры Біржан Әлімжановжәне «Қаржы орталығы» АО білім беруді мемлекеттік қаржыландыру жүйесін дамыту департаментінің сарапшысы Балжан Әлбиева түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ресми мәліметке сүйенер болсақ, биылғы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Шымкент қаласындағы он үш оқу орнындағы студенттік жатақхана орындарына қажеттілік 8400 орын-жайды құрап отыр. Жоба аясында 600 орынға екі жатақхана енгізілді. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін 361 орынға арналған екі нысанды енгізу жоспарлануда.

Оқушылар орындарының тапшылығын азайту мақсатында Шымкент қаласында 3777 орындық сегіз мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2352 орындық үш мектеп жаңадан ашылады деп күтілуде.

Мұндай іс-шаралар осымен тоқтап қалмақ емес. «Road Show» форматында ақпараттық-түсіндіру акциясы аясында осындай іс-шараларды қыркүйек айында Түркістан қаласы мен Тараз қаласындада өткізу жоспарлануда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *