Әлеумет

Ләңгі теуіп те табыс тауып жүр

   Жастар жылында жарыс көбейіп тұр

Кеңестік империяның қылышынан қан тамып, ұлтымыздың төл ойындары мен дәстүрлеріне үрке қарайтын кезең де болды. Әсіресе өткен ғасырдың 70-80 жылдары ләңгі мен асық ойнаған балаларды мектеп жиынында ортаға шығарып, көпшіліктің алдында масқаралайтын. Бұл балалар үшін ең үлкен жаза болатын. Еліміздің Тәуелсіздік алуымен ұлттық ойындарға үрке қарау үрдісі де келмеске кетті десек жаңылмаймыз. Тіпті сол кезде тыйым салынған ләңгі ойынынан бүгінде пайдалы спорт түрі ретінде түрлі жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Ұлттық өнерімізді дәріптейтін сондай бір дүбірлі доданы биылғы жастар жылына орай Түркістан облысының жастар орталығы ұйымдастырды.

 «TURKISTAN-JASTAR QALASY» жастардың мәдениеті мен шығармашылығын дамыту мақсатында 20 қыркүйек күні жастар арасында әртүрлі спорт ойындарынан жарыс болып өтті. Осы жарыста Шардара ауданың намысын қорғаған Нұрым Ергебаев пен Азамат Қартжан ләңгі тебуден бас жүлдені еншілепті. Жасыратыны жоқ бүгінде ләңгі тепкенді көп кездестірмейтініміз рас. Соған қарамастан облыстық жастар орталығының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен жарыста жеңіс тұғырына көтерілген шардаралықтардың бірі Нұрым Ергебаевты әңгімеге тартып, жеңістің қалай келгені жөнінде айтып беруді сұрадық.

 «Бұрын ләңгіні жақсы тебетінмін. Бір тепкенде тоқтамай 300-400-ге дейін жеткізетін кездерім жиі болатын, – деді Нұрым Ергебаев. – Бірақ кейін бұл ойын қалып қойды. Өзім таңертеңгісін жүгіріп тұрамын. Сондайда бой қыздыру үшін ләңгі пайдаланатынмын. Түркіста қаласында облыс бойынша ләңгі тебуден жарыс болады деген әңгіме шыққанда өз арамызда іріктеу болды. Жолдама он күндей ғана жаттығып үлгерген Азамат екеумізге бұйырды.

Жарыста сегіз ауданнан келген жастар бақ сынады. Бізге кезек бесінші болып тиді. Алғаш болып шығып, 91 ұпай жинадым. Яғни бірліктен, бес ұпайлық жәндіден, төрт ұпайлық люрдан және аяқ сыртымен тептім. Төрешілер санап отырды. Менен кейін Азамат шығып 43 ұпай жинады.  Қоржынымызда барлығы 134 ұпай жиналды. Мұндай көрсеткіш өзге қарсыластарымызда болмағандықтан, бас жүлде бізге бұйырды. Түркістанда әдеттегіден аз тебуімнің себебі – ережеге сәйкес 1,5 метрлік шеңберден шықпай тебу керек болды. Ал біз ауылда ешқандай шектеусіз, еркін айналып жүріп тебуге үйренгенбіз. Дегенмен, жеңісті қолдан бермей, 150 мың теңгелік сертификатқа ие болдық», – дейді жеңімпаз жігіт.

Заман ағымына қарай мақал-мәтелдердің де өзгеріп отыратынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұрындары аталарымыз «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қозы бағып, құйрық жеген озар» деуші еді. Қазір бұл мақалдың мәнісі өзгерген секілді. Өйткені, қой бағып қана емес, асық ойнап та, ләңгі теуіп те озып жүргендер көп. Ең бастысы, бұл ойындардың барлығы да біріншіден, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің сақталуына қызмет етсе, екіншіден, жастарды салауатты өмір салтына дағдыландыруға себеп болуда. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *