Әлеумет Қоғам

Төлебиде тындырымды тірлік көп

Төлеби ауданы табиғаты шұрайлы, туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Сонымен бірге шаруашылығы шарықтап, өнеркәсібі өркендеп тұр. Бинесті қолдау мен дамытуға бағышталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы да өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Осының бәріне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында барғанда көз жеткізді.

Аймақ басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, одан әрі өркендету үшін бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтар болсақ, ауданда елді-мекендерді ауыз су мен газбен қамтамасыз ету мәселесі жүзеге асуда. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында көгалдандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, күл-қоқыстан тазартып, заңсыз қоршаулар мен құрылыс нысандарынан арылту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесін ретке келтіру үшін Ленгір қаласында кәріз тазалау орнын ашу жоспарланып отыр. Әзірге Ленгір қаласының небәрі 30 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл мәселе алдағы уақытта толығымен шешімін таппақ.

 Өңір басшысының Төлеби ауданына жасаған сапары жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі былай деп хабарлайды: «Бүгінде Төлеби ауданы бойынша 3595 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Аймақ басшысы бастаған жұмыс тобы мемлекет тарапынан осындай көмектен жеке кәсібін ашқан бірнеше отбасының еңбегіне куә болды. Алған ақшалай жәрдемақыларын мал басын көбейтуге, үй құстарын асырап, нан өнімдерін пісіріп, әртүрлі салада кішігірім отбасылық кәсіпке айналдырған азаматтардың бастамасы облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.

Өмірзақ Шөкеев бастаған топ мұнан соң Көксәйек ауылдық округіндегі «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысшыларымен кездесті. Шаруа қожалығы 40 гектар жерде 100 мың түп алма ағашын отырғызып, алғашқы жемісін көруде. Жалпы Төлеби ауданында жаңа технологияларды ендіру арқылы өнім көлемін едәуір арттыру көзделген. Сондай-ақ, жылына екі рет өнім жинау мәселесі қолға алынған. Бұдан кейін аймақ басшысы 20 жылдан бері нарықта тұрақты орын алған «ФудМастер-Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Компания тәулігіне 58 тоннаға жуық айран, сүт, қаймақ өнімдерінің 100-ден астам түрін шығарады. Оның жартысына жуық түрі шетелге экспортқа шығарылады. Аймақ басшысы жеке кәсіпкердің демеушілігімен салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысымен де танысты. Жақын күндері бұл жерде қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, футбол, бокс үйірмелері ашылады. Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапары барысында Төлеби ауданындағы Кеңес-1 КСЭС шағын су электр станциясын ашты. Қасқасу ауылдық округі аумағында орналасқан жаңа мекеме «KEGOК» АҚ-мен келісімшартқа тұрып, болашақта 4,5 МВт-қа дейін электр қуатын өндіруді жоспарлап отыр. Осылайша ауданның экономикасын көтеріп, қуат көзімен қамтуға үлес қоспақ».

 Бауыржан Омарбеков басқарып отырған Төлбеи ауданында бұдан да бөлек көптеген игі істер атқарылып жатыр. Ол туралы біздің газетімізде жиі жазылып жүр. Төлеби ауданында өндіріс орындары көп болмағанымен, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік саласында айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ал, туризмді дамыту саласындағы жоба-жоспарлар ауданның болашағына жарқын өзгерістер енгізетініне сенуге болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *