Әлеумет Қоғам

Түркістандықтар қыстан тоңбайды

 Биыл күн жылдағыдан ыстық болды. Осыған байланысты алдағы қыстың да әдеттегіден суық болатыны жөнінде жорамал жасап жүргендер бар. Қалай болғанда да Түркістан облысының тұрғындарын қыстың қаһары қорқыта алмайды. Себебі қыстың қамын жазда ойлап үлгерген оңтүстіктегілер көмір мәселесін әлдеқашан шешіп қойған екен.

Ресми ақпаратқа жүгінер болсақ, күзгі-қысқы маусымдағы қатты отынға деген қажеттілік 1 миллион 181,8 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда оның тасымалданғаны — 514,4 мың тонна. Қажеттіліктің жартысына жуығы ғана қамтамасыз етілгеніне қарамастан қар түскенге дейін көмір толығымен тасымалданып бітеді деп сендіреді. Соның арқасында жылыту маусымында Түркістан облысында көмір тапшылығы болмайды. Бұл туралы жуырда Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Игілік Тұрғымбеков мәлімдеген. Сонымен қатар, жалпы облыста жылу беру мерзімі – 1 қарашаға белгіленіп отыр. Алайда ауа райы суып кетсе, жылыту маусымы уақытынан бұрын басталатынын жеткізді.

         «Өңірдегі 2748 бюджеттік мекеме жылыту маусымына толық дайындалып, оларға қажетті 171,1 мың тонна көмір отыны және 5 миллион 143,7 мың литр сұйық отын толық тасымалданды. Облыстағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге көмірдің қажеттілігі 108,8 мың тонна болса, тасымалданғаны 43,2 мың тонна. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі — 902 мың тонна, тасымалданғаны 301,2 мың тонна. Тасымалдау жалғасуда. Теміржол станциясы қоймаларындағы бір тонна көмірдің сатылу бағасы — «Шұбаркөл» көмірі 14-17 мың теңге арасында. Тұрғындар көмірді қазірден бастап станция қоймаларынан арзан бағада сатып алғандары дұрыс», – деді Игілік Ғабитұлы.

Бұдан өзге облыстың мазут отыны бойынша қажеттілік көлемі — 9,6 мың тонна. Бүгінгі күнге тасымалдаушы мекемемен келісім-шарт жасалған. Ол қазан айынан бастап тасымалданбақ. Айта кетерлігі, өңірдің жылыту маусымына дайындығына байланысты апта сайын, ал тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз ету бойынша күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *