Мәселе

Олар аш емес, алайда армансыз да емес

1-қазанның «Халықаралық қарттар күні» болып белгіленгеніне биыл 18 жыл болды. Осы уақыт аралығында бұл күні еліміздің әр түкпірінде қарияларға құрмет көрсету дәстүрге айналып та үлгерді. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, облыс орталығынан бастап шалғай ауылдарға дейін қарияларға арналған салтанатты шара өтуде.

Әрине, қартайған шағында өз үйі-өлең төсегінде, немере-шөберелердің ортасында қарттықтың бақытты кезеңін бастан өткеру қай кісінің болса да басты арманы емес пе?! Бірақ, мұндай бақ әркімнің маңдайына жазыла бермесі анық. Өкінішке қарай, бүгінде туған ұл-қыздарынан қағажу көріп, жат үйде, жат адамдармен бір шаңырақтың астында ғұмыр кешуге мәжбүр тағдырлар қаншама. Шымкенттегі №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына тағдыры байланған қарияларды аш деп айта алмаймыз, алайда, олар армансыз да емес.

Қарттар күні қарсаңында аталмыш мекемеге бас сұқтық. Ондағы 200 тұрғынды облыстың барлық аудандарынан құттықтаушылар келіпті. Олардың алып келген азын-аулақ сый-сияпатына қарап өздерін іздейтін адамның бар екенін сезінген қариялардың кеудесіне ұялаған қуаныш сезімі жанарынан жас болып таматынын аңғару қиын емес. «Бүгінде Үкіметтің аманатын тиісті адамдарға басы бүтін жеткізудің өзі ерлік саналатын заман болды ғой, — дейді бірнеше жылдан бері осы орталықтың тұрақты тұрғынына айналған Бүркітбай Мамырбеков есімді қария. – Осындай мүмкіндік жасап отырған ел басқарған азаматтарға, орталықтың басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Шүкір, мұнда тамақтан тарығып жүрген ешкім жоқ. Бәрі де жеткілікті. Өз үйінде отырған қариялардың арасында біз секілді күніне төрт мезгіл тамақтанатындары көп емес шығар. Одан бөлек айран, қаймақ, май, шырынды қанша ішемін десең де қолыңды ешкім қақпайды. Тазалыққа да айрықша көңіл бөлінеді. Көлденең жатқан артық дүниені көрмейсің. Бәрі уақытымен сүртіліп, жуылып тұрады.

 Өзім Келес өңірінің тумасымын. Жасыратыны жоқ, ауылға барғанда «қайда жүрсің» деп сұрайтын қатарластарым, ағайын-туысым аз емес. Қарттар үйінде екенімді айтсам біртүрлі көңілсіз болып қалады. Әрине, «қарттар үйі» деген атауы жаман, дегенмен жағдайымыз біреу мүсіркейтіндей аянышты халде емес. Шынымды айтсам, мұндағы қызметкерлер бізге өз ағайын-туысқанымнан, жақын достарымнан да жақсы қарайды. Мейірім-шапағатты осы жердегідей ешкімнен сезінген емеспін. Маған біреу келіп: «Бұл жерден шық. Жағдайыңды жасаймын», – десе шықпас едім. Неге десеңіз, мұндағы қызметкерлер біздің ортақ баламыз, қызымыз секілді болып кетті. Ата деп жағдайымызды жасап, күндіз-түні бәйек болып жүреді.

Бұрын мереке қарсаңында бірлі-жарым аудандардан адамдар келіп тұратын. Кеше облыстың барлық аудандарынан өкілдер келді. Бізге олардың беретін тиын-тебені емес, бөлетін көңілі қымбат. Біздің өзегімізді өртеп, көңілімізге кірбің түсіретіні осы. Кейде ойлайсың, өмірдің соңы өкініш дейді ғой. Өкінішіміз де бар шығар. Ол үшін ешкімді кінәлағым келмейді. Қателікке өзіміз жол беріп алған секілдіміз. Оны дер кезінде сезіне алмай, уақыт өткізіп алып, осындай жағдайға тап болып отырмыз ғой енді. Қателіксіз адам болмайды дейді ғой. Кезінде лауазымды қызметте болдық. Жұмыс, жоспар орындау деп жүріп бала-шағаның тәрбиесін ұмыт қалдырыппыз. Соның кесірі өз тағдырымызға осылай әсер етіп отыр.

Ешкім де мәңгілік емес қой. Менің, жалпы осы жердегілердің әрқайсысының көкейінде жалғыз арман бар. Ертең олай-бұлай бола қалсақ кіндік қанымыз тамған туған топырағымызға, ағайынның арасына апарып жерлесе екен дейміз. Ол жақта әкелеріміз, аталарымыз жатыр. Арманым солардың қасынан мәңгілік мекен табу ғой. Қазақтың салттары, дәстүрлері, шариғи амалдар бар. Солардан құр қалмасақ дейміз. Өміріміздің соңында дұшпанға таба, досқа күлкі болмасақ екен дейміз. Әйтеуір, үміт жетегіне еріп, барым мен нарымды осындағы Нүргүлсім қарындасыма дайындап, аманаттап жүрмін».

Қарияның мұң аралас әңгімесі біздің де көңілімізге әсер етпей қоймады. Еңсемізді зіл басқандай халде аталған орталықтың директоры Нүргүлсім Дәрібаеваға жолықтық. Қарттардың мұндағы хал-ахуалдарынан хабардар болғымыз келетінін жасырмадық.

Орталықта бүгінгі таңда асыраушысыз қалған 200 адам бар, – деді Нұргүлсім Рәтбекқызы. – Олардың 170-сі ер, 70-сі әйел кісі. Сонымен қатар 18 жастан асқан қараушысы жоқ 1 және 2 топ мүгедектері де орналасқан.

Бір айта кетерлігі, орталық тұрғындары бұрынғыдай емес, зейнетақысының бір бөлігін ғана алады. Себебі бұл кісілердің тамағы, жатар орны, жүріп-тұруы толықтай мемлекеттің қамқорлығында. Бір жаққа баратын болса, жол ақысына дейін төлейміз. Сондықтан болар еш шағымдары жоқ.

Қарттар үйінен шығып бара жатқанда сыртқы есіктің алдында әлдекімнің жолын тосқандай болып бір қария отыр екен. Назарымыз ауып сөзге тарттық. «Балдарым бар, шалғай ауданда тұрса да хабарласып тұрады. Бірақ жұбайым араластырмайды. Менің бұл жерге келгеніме бірнеше жыл болды. Бәрі жақсы. Қарын тоқ. Дегенмен бұл жерде тоқ болып жүргеннен, немерелерімді ойнатып, өз үйімде аш отырғаным жақсы еді ғой. Бірақ… енді амал нешік». Осылай деген қария жанарынан домалаған жасты бізге сездіргісі келмегендей байқаусыз сүрте салды…

Иә, бұл өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Біреуге ащы, біреуге тұщы. Тағдырды қанша қатал десек те, қартайған шағында отбасынан қол үзіп, бала-шағаның, немере-шөберенің қызығынан ешкімді де айырмасын деп тілейік. Қазыналы қариялар үшін өмірінің соңғы сәттеріндегі бар қызығы мен шыжығы өзінен өрбіген ұрпағымен емес пе?

Қарттарым аман-сау жүрші…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *