Uncategorized

Темірланға келген көгілдір отын төңірегінде түсініспеушіліктер туындауда

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылына табиғи газ келгені туралы мақала жазғанбыз. Онда аудан әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйеніп, «…Аудан басшысы Жақсылық Ергешовтың отбасында болып, газға оттық жақты» деген мәліметті жарияладық. Әрине жағымды жаңалықты көпшілікпен бөліскен дұрыс. Біз алдағы уақытта да осы үрдістен жаңылмай, аудандарда атқарылып жатқан игі істерді жария етіп отыратын боламыз.

Дегенмен газет оқырмандарының хабарласып, осы мәліметке қатысты өзге ақпар айтқаны көңілге еріксіз күдік ұялатты. Олардың сөзіне сенер болсақ, ауылға әлі де газ келмегенге ұқсайды. «Әкімнің газды жағуы алдамшы әрекет. Табиғи газдың орнына баллонға құйылған тасымал газды тұтатып, халықты алдаудың керегі не? Өткен аптада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған сапарында жергілікті басшыларға бірнеше тапсырма беріпті. Оның орындалуын 25-қазанда өзім келіп тексеремін деп кетіпті. Содан бері әкімдікке қарасты бөлімдер көшеде тынымсыз жұмыс істеп жүр», – деген оқырманның сөзінен соң біз мәселенің анық-қанығын білу үшін аудан әкімінің баспасөз хатшысы Гауһар Қабылбековаға хабарластық. «Біз ұсынған мәліметімізде үйлерге газ тартылды дегеніміз жоқ. Темірлан ауылында 4722 абонент табиғи газ құбырына қосылуға мүмкіндік алды деп бердік. Ең бастысы, АГРС-19 іске қосылды. Бізге соның өзі үлкен жетістік. Одан әрі құжатын жасатқандар көгілдір отынды үйлеріне қосып ала береді. Сол күні Жақсылық Ергешовтың үйінде газдың тұтатылғаны рас. Бірақ, оларға оқырман айтқандай газ баллоннан емес, құбыр арқылы келіп тұр. Қателеспесем, ауылда олардан бөлек тағы бірнеше үй табиғи газға қол жеткізген. Бұл шындықты бұрмалаудың қажеті жоқ.

Негізі газды ауылға беру үшін жалпы абоненттердің кемі 70 пайыздай бөлігі қосылу керек. Сондықтан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әрине газды қосқызуда қаржы мәселесі маңызды. Тұрғындардың қаржылық мүмкіндігі әрқилы екенін ескеріп, мердігер компания ақшасын толық төлеңдер деп талап қойып отырған жоқ. Алғашқы жарнасын төлегендерге де, бөліп төлеуге ниеттенгендерге де кеңшілік жасалып отыр. Бұл мәселе аудан әкімінің тікелей назарында. Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы күн сайын тұрғындармен болған түсіндіру жұмыстарының барысын баяндап отыр.

Облыс әкімінің сапарына қатысты айтар болсам, Өмірзақ Естайұлы ауданды аралады. Атқарылған жұмыстарға көңілі толды. Бірақ қандай да бір айрықша тапсырма беріп, оны 25 қазан күні келіп тексеру жайында сөз қозғалмаған. Мен ондайды естімедім. Дәл сол 25 қазан күні ауданымыздың 55 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілетін болып жоспарланған. Сол мерекелік жиынға облыс әкімі қонақ ретінде шақырылғаны рас. Шақыруымызды қабыл алып, құрметті қонақтардың қатарынан орын алса қуаныштымыз.

Осы мерекеге байланысты аудан орталығында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тойға тартуымыз болсын деп аудандағы мекемелер мен жеке кәсіпкерлер көп қабатты үйлердің сыртқы әспетін өз қаржыларына әрлеп жатыр. Бұған бюджеттен қаржы қаралып, тұрғындардан ақша жиналған жоқ».

 Осылайша аудан әкімінің баспасөз хатшысы ел аузында жүрген жел сөздің барлығын жоққа шығарды. Бәлкім солай шығар. Бірақ тұрғындардың ауылға келіп тұрған көгілдір отынды ақшаларының жоқтығынан пайдалана алмауы — аудандық әкімдік тарапынан ортақ бір шешімді қабылдауды қажет ететін мәселе екен. Міне, сол кезде ғана «тұрғындар табиғи газдың қызығын көре бастады» деп толыққанды айтуға болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *