Әлеумет

Отырарда күн станциясы салынады

Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Мырзашөл көкөніс пен жеміс-жидекке қолайлы болса, түлкібастықтардың алмамен аты шықты. Созақ жер асты байлығын мақтан тұтса, шардаралықтар жасанды теңізді күнкөріс көзіне айналдырған. Ал жер асты байлығы несібеге айналған Отырар ауданында күннің сәулесін пайдаға жаратуға деген мүмкіндік мол. Осы мүмкіндікті дөп ескерген атқарушы биліктің қолдауымен Шәуілдір ауылында күннен қуат алатын станса салу қолға алынбақ. Жаңадан салынатын мұндай станцияның қуаттылығы 50 МВт  құрайды деп жоспарлануда. Жаңа жобаның құжаттамасымен таныстырып, аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыруды түсіндіру мақсатында жуырда арнайы семинар өтті.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – әлеуетті инвесторлар үшін заңнамалық тұрғыда түсіндірме жұмыстарын жүргізу болатын. Алдағы уақытта осы кәсіпті жүргізетін салымшылар арасында іріктеу өткізіліп, жеңімпаздары анықталады. Семинарға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, БҰҰДБ сарапшы-мамандары, жергілікті атқарушы органдар, аудан, қала әкімдіктері, коммуналдық кәсіпорындар, аймақтық электр желілері компанияларының қызметкерлері мен ЮСАИД және Қытай, Франция, Италия, Польша мемлекеттерінің инвесторлары қатысты.

Жиын барысында оған қатысушылар жаңа нысанның бой көтеретін жерін көріп, орналасуының ыңғайлылығын таразылады. Осылайша бірнеше жылдан бері ауызша айтылып келе жатқан күн электр стансасының құрылысы жуық арада Шәуілдірде басталмақ. Мұндай жағдайда аудандағы электр желісінің сапасы жақсарып қана қоймастан, жергілікті тұрғындарға да тұрақты жұмыс күші болады деген сенім бар.   

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *