Әлеумет Қоғам Құқық

Жарымжан кейіпкеріміз жасанды аяққа ие болды

Алайда әлі де әділдікке жете алмай жүр

«Өзге пікір»газетінің өткен нөмерлерінің бірінде «Абайсызда аяғынан айырылған жанның құқының да тапталғаны рас па?» деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Онда Шымкент қаласының тұрғыны Бауыржан Жұматаев есімді жігіт қиын кезеңді бастан өткеріп жүргені туралы айтылған. Оқырманға түсінікті болу үшін сол мақалада айтылған Бауыржан Бабабекұлының шындық іздеп шырылдаған сөздерінен қысқаша үзінді келтіргенді жөн көрдік. «2018 жылдың 22 қаңтарында мен Төлеби ауданы, Мәдени ауылындағы «Ақсай» өндірістік кооперативінде жұмыс істеп жүріп, ауыр жарақат алдым. Бір аяғымды жамбас тұсымнан төмен қарай су тартатын насос шайнап, «жұтып» қойды. Содан бері көмек сұрап бармаған жерім жоқ. Менің қолымды сыртымнан өздері қойып, «өтемақы алдым, дауым жоқ» деген түсінік хат жазып, қылмыстық істі жапқызып тастады. Мен келісім бермегенмін. Барлық құжат жалған түзілген. Тіпті сот отырысында соларды маған көрсет, кімнің қолы екенін көрейін деген талабым да орындалмады.

Шаруама журналистер араласқаннан кейін өзіме тиесілі балдаққа қол жеткіздім. Енді 20 күнде протез (жасанды аяқ) беретін болды. Бұл үшін Орал қаласынан келген қоғам белсендісі Талғат Қатауов пен «Өзге пікір» газетінің журналистеріне айтар алғысым шексіз».

Осы мақаладан кейін Бауыржан Жұматаев Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков пен аудан прокуроры Дәулет Тілемісовтің қабылдауында болған. Екеуі де оны жылы қабылдап, қылмыстық істің архивке кеткеніне қарамастан істі алдыртып, тексертіп, заңсыздыққа жол берілген болса қайта қылмыстық іс қозғататынын айтқанда, құлазыған көңілде үміт шырағы маздағанын жасырмаған еді.  

Өткен аптада Бауыржан редакцияға қайта хабарласты. Бұл жолы бұрынғыдай емес, көңілі көтеріңкі. «Аға осы кезге дейін газеттің осыншалықты деңгейде мәселе шеше алатынын білмеппін, – деді ол. – Бір жылдан бері жасанды аяққа (протез) қол жеткізе алмай жүргенмін. Өздеріңіз ертіп барған күні аяғымның көлемін өлшеп алып қалғанын білесіз. Содан жиырма күнде дайын болады деп жіберіп еді. Арадан көп өтпей, аяғың дайын болды деп хабарласып тұр. Қуанып кеттім. Қазір таяқ ұстағаным болмаса, екі аяқпен жүрмін. Бұл үшін сіздерге айтар алғысым шексіз.

         Редакция мен блогер ағамыздың арқасында әділет үстемдік құра бастаған секілді. Мені «жалпы ауру» деген диагнозбен мүгедектікке шығарған екен. Ол өтіріктің де арты ашылды. Бүгін қаладағы №6 емхананың дәрігерлері кәсіпорыннан алған жарақат деп жазып берді. Енді соны ВТЭК-ке апарып тапсырамыз.

Бұған дейін маған өтемақы төлеу туралы шағымыма қатысты кәсіпорын иесі Е.Орынбаев Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына шағым түсірген болатын. Онда мен сұраған 8 миллион теңге орнына 800 мың теңге өтемақы төлесін деген судьяның шешіміне қарсы болған. Бірақ бұл шешіммен мен де келіспей, шағым бердім. Енді 21 қарашада Түркістан қаласында менің талабым бойынша сот отырысы басталады. Мен бір аяғымнан айырылып отырғанда кооператив басшысы 800 мың теңгені көп көрді. Енді соңына дейін соттасамыз. Ол аз десеңіз, менің қолымда әйелімнің алған жалақысы үшін қол қойған қағазға оның фамилиясын өшіріп, орнына менің аты-жөнімді жазып, «маған көмек бердім» деп жасатқан жалған құжаты бар. Осы құжатты маған облыстық еңбек инспекциясы беріп, көмек алыпсың ғой деп отыр. Бұл жалған құжатқа байланысты сот әділ төрелігін айтар деген ойдамын. Ең бастысы, қазір екі аяғымды тең басып жүрмін. Әрине, өз аяғыңдай қайдан болсын, бірақ қазіргі жағдайым бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Осы үшін өздеріңізге алғыстан басқа айтарым жоқ».

Бүгінде Б.Жұматаев жасанды аяқ салдырды демесеңіз, еңбекке әлі де жарамсыз. Отбасының да тұрмыстық жағдайы ауыр халде. Мектепке баратын қызына киім табудың өзі мұң болып отырған жағдайы бар. Сондықтан жомарт жандар болса, олардан көмек күтеді. Егер мүмкіндік болып, көмектесеміз дейтін жандар болса, банктен жұбайының атына ашқан есеп шоты төмендегідей: Абилдина Салтанат ИНН 820413402386 kaspi Gold 5169497159421399

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *