Әлеумет

Үш кезеңді алып жоба

Ауданның ауылшаруашылығын алға сүйремек 

Ел экономикасының дамуында ауылшаруашылығы саласының алатын орны айрықша. Ал бұл саланың дамуы үшін егістікке су беретін каналдар мен арық-атыздардың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Осы мақсатта еліміздің экология, геология және табиғи ресурстарды пайдалану вице-министрі Сергей Громов пен Су ресурстары комитетінің төрағасы Арман Тұрлыбек Түркістан облысы Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, жалпы құны 39 миллиард теңгені құрайтын ПУИД-2 жобасының жұмыс барысымен танысты.  

Суармалы жер — мемлекетіміздің алтын қоры десек, ақ алтынымен танымал Мақтаарал ауданына қарасты 61 мың гектарға жуық егістік алқаптың барлығы да суармалы жер екені белгілі. Соңғы жылдары жер асты суларының тез көтерілуі жердің сорлануына алып барып, аудан шаруаларының мол өнім алуына кедергі келтіріп жүргені үлкен мәселеге айналған еді. Одан қалса коллекторлық жүйелердің тазаланбауы, каналдар мен арық-атыз бетондарының шіруі немесе мүлде болмауы — егістік алқаптарына су жеткізуді қиындата түсті. Міне, осы мәселені шешу үшін мемлекетіміз қыруар қаржы бөліп отыр. Нақты айтсақ, бүгінгі таңда ПУИД-2 жобасы бойынша жұмыстар қарқынды жүруде. 

Мақтаарал ауданында ПУИД-2 жобасы жалпы 39 796 гектар аумақты қамтып, үш кезең бойынша жүргізілуде. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілмекші. Жобаның бірінші кезеңі бойынша әзірбайжандық «Акилик Груп» компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

Бірінші кезең аясында Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтеріне қарасты ұзындығы 147,18 шақырымды құрайтын К-11, К-13, К-13А каналдары тармақтарымен бірге, 49 дана тік дренаж бен ұзындығы 191,6 шақырымды құрайтын су қашыртқылары күрделі жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ, аудан орталығы Мырзакент кентіндегі 4 дана тік дренаждарын жөндеу де қамтылмақшы. Жоба жүзеге асқанда Еңбекші, Жаңажол ауылдық округі мен Мырзакентті қосқанда 16 мың гектар аумағы жер асты суларынан тазаратын болады.

Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын бірнеше каналдарда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталған. Сондай-ақ, дәл осы кезең аясында 44 бірлікті құрайтын желілік құрылғылар орнатылып, 16 дана бақылау ұңғымаларына да құрылыс жұмыстары жасалған. «Акилик Груп» компаниясының басшысы қазіргі уақытта ұзындығы 10,78 шақырымды құрайтын алты каналда осындай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Иіржар, Бірлік, Жамбыл ауылдық округінің 16 447 гектар алқабын жер асты суларынан тазарту екінші кезең бойынша іске асырылуда. Ол үшін ирандық «Туннель Саад Ариана» компаниясы атқарылуы тиіс жұмыстарды бастаған. Компанияның директоры Бабак Новрузи мен жоба жетекшісі Голами Бехман жобаны іске асыру 36 айға жоспарланғанын тілге тиек етіп, вице-министр С.Громовқа жұмыс барысы жөнінде есеп берді.

Бұл кезеңде жалпы ұзындығы 337,35 шақырымды құрайтын К-16Б, К-18, К-18А каналдары тармақтарымен бірге, жүз дана тік дренаж және 262 шақырымды құрайтын су қашыртқылары күрделу жөндеуден өтетін болады.

Бүгінгі таңда ұзындығы 8,79 шақырымды құрайтын жеті каналда және үш бақылау ұңғымасында құрылыс жұмыстары аяқталған. Ал, екі тік дренажды ұңғымаларында бұрғылау жұмыстары жасалып, қазіргі уақытта он тік дренажға қажетті 389 жоғары кернеулі электр бағандарының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде екен. Сонымен қатар, 94,58 шақырымды құрайтын тік дренаждарға қызмет жасау жолдарының 19,84 шақырымында, жалпы ұзындығы 15,1 шақырымды құрайтын он бір каналда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жасалып жатыр.

ПУИД-2 жобасының үшінші кезеңі бойынша израйлдік «Тахал Консалтинг Инжиниринг» команиясы 307,928 шақырым каналды, 130,391 шақырым су қашыртқыларын күрделі жөндеуден өткізуді 36 айға жоспарлаған. Бүгінгі таңда К-22 каналының 2200 метр бөлігінде ескі плиталарын бұзу  жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ, К-22-20, К-22-8, К-22-9, К-22-10 каналдарында өсімдік қабаты қырқылып, көму жұмыстары жүргізілуде.

ПУИД-2 жобасының үш бірдей кезеңімен танысып шыққан Сергей Громов жобаға жергілікті жерден жұмысшыларды көптеп тарту және жоғары жалақы берілу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін үнемі қадағалап тұру үшін аудан әкімі Бақыт Асановқа тапсырма берді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *