Басты жаңалықтар Мәселе

Жөнделеді ме десек, күрделене түсіпті

Келес ауданынан көңіліміз құлазып қайтты

 Оқырманның есінде болса газетіміздің №35 санында «Әжетханаға айналған қайран мемориал. Келесте майдангерлерге осылай құрмет көрсетіледі ме?»деген тақырыпта мақала жарық көрген-ді. Сол мақалада Қошқар ата ауылдық округі әкімдігінің іргесінде орналасқан Жеңіс саябағына қатысты: «…Саябақта Ұлы жеңістің құрметіне маңдайшасына «Ер есімі – ел есінде» деп жазылған мемориалдық ескерткіш орнатылыпты. Алайда, «жазылған» деген аты ғана, әйтпесе бірнеше әріптердің орны қарайып, үңірейіп тұр. «Сонда қошқараталықтар отан үшін от кешкен боздақтарды осылай құрметтейді ме» деген ой еріксіз мазалайды. Ескерткіштердің плиталары да жоқ. Ұрланған немесе сынып жоқ болған. Кей жерлерінің сылақтары құлаған. «1945» деп жазылған санның да бояулары өшкен. Бір сөзбен айтқанда мемориал ескерткіш жанашыры жоқ жетімнің күйін кешіп тұр», — деп жазылған еді.

Содан бері де бір жарым айдай уақыт өтіпті. Сынды дұрыс қабылдайтын басшы болса ендігіде кемшіліктер жойылған болар деп ойлағанбыз. Осы мақсатта кешегі аптаның бейсенбісінде Келес ауданына жасаған сапарымызда аттың басын әдейілеп Қошқар ата ауылына бұрдық. Мақсатымыз – жаңарған, айналасы қоқыстан тазаланған мемориалды көру болатын. Бірақ жағдай біз ойлағандай болмай шықты. Жөндеу былай тұрсын, одан әрі бүліне бастаған тәрізді. «Жөнделген болар» деп ойлаған мемориалдағы жағдай керісінше күрделеніп, маңындағы орындықтар сыныпты. Қоқыс тазаланды ма десек, қайта көбейіпті.

Осы көріністерден кейін ауылдық округ әкімінің жауапсыздығын, дәрменсіздігін түсініп, ат басын аудан әкімдігіне бұрдық. Аудан әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәурен Ілесов бұл жағдайдан хабарсыз екендіктерін жасыра алмады. Сол жерде телефонмен ауылдық округ әкімі Қонай Бекмұратовке хабарласқанда ол  саябақ ішінде ешқандай қоқыстың жоқтығын, тазалау жұмыстарының жүргізілетінін айтып, аудан әкімінің орынбасарын алдауға тырысты. Әрине, ауыл әкімі біздің қолымызда Жеңіс саябағының дәл сол кездегі шашылған қоқысы мен сынған орындықтарды түсірген сурет пен бейнетүсірілімнің бар екенін қайдан білсін?! Біз оны А.Сексенбаевтың өзіне де көрсеттік. Ал әкім орынбасарының қолда бар нақты факті мен ауыл әкімінің сөзінің қайсысына сенерін өзі білер. Суреттерге сенбейтін болса, өзі арнайы барып көруіне де болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында басқа тойларды қоя тұрып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Жеңістің 75 жылдығын тойлауға күш салу керектігін нақтылап тұрып айтты емес пе? Сонда Президент тапсырмасынан қорытынды шығарып, аталған екі мерейтойға келестіктердің жүргізіп жатқан дайындығы осы деңгейде ме? Әлде олар үшін президенттің тапсырмасы маңызды емес пе? Президент айтпаған күннің өзінде Келес ауданының шенеуніктері үшін отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан батырларға деген құрметтің деңгейі осыншалықты төмен болғаны ма? Сонда олар келешек ұрпақ өкілдеріне майдангерлерді құрметтеудің осындай үлгісін үйретіп жүр ме? Олай болса жетіскен екенбіз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *