Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Перзентханасы жоқ аудан

Шардаралық аналар қашанғы әуре-сарсаңға түседі?

Сәрсенбінің сәтті күні шардаралық Ғабиболла Бектөреев есімді азамат хабарласты. Ол көтеріп отырған мәселе өзіне ғана емес, Шардара ауданының 80 мыңға жуық халқы үшін ортақ мәселе екенін ескертті. «Сенсеңіз, соңғы бір жарым аптада Шардара қаласынан Шымкентке үшінші рет келіп отырмын. Оған себеп — үлкен ауданда перзентхананың жоқтығы. Бұл – айтсаң, адам сенгісіз жағдай. Бірақ шындық осы. Ауданымызда перзентхананың жабылғанына бір жылдан асты. Содан бері ай-күні жеткен аналар Сарыағаш, Шымкент деп шапқылайды да жүреді. Кейбіреулердің бұл қалаларда уақытша паналайтын туыс-таныстары да жоқ. Ол жағы ешкімді толғандырып жатқан жоқ.

Менің Құдай берген бес балам бар еді. Жуырда жұбайым Шымкенттегі перзентханада алтыншысын дүниеге алып келді. Сәби дүниеге келгенде түнде телефон соққандықтан Шымкентке бір келіп, келіншегім мен нәрестеге керек-жарағын алып бердім. Арада үш-төрт күн өткенде перзентханадан шығарып алу керек болып, тағы келдім. Дәрігер бірінші күні құжаттарды толтырып біте алмағандықтан шығармай, келесі күнге қалдырды. Әйтеуір танысымның танысын сұрастырып жүріп, бір түнге түнейтін орын әрең таптым. Ол кезде ХҚКО-лар құжаттарды қабылдап алғанымен баламның туу туралы куәлігін бермеді. Араға бірнеше күн салып, сол куәлік үшін Шардарадан Шымкентке тағы келдім. Осылай бір мәселемен шалғайда жатқан Шардарадан үшінші келуім. Жолкүре қымбат. «Хюндайға» мінсең — 1500, таксилер — 2500 теңге алады. Келгендегі жүріп-тұруың, ішіп-жеуіңді қосқанда әр келген сайын 10-15 мың теңгеге жуық шығын шығады. Сонда үш келгенде қалтаңыз 45 мың теңгеге жұқарады деген сөз. Ал бұл ауылдағылардың бір айлық жалақысы. Уақыт жоғалтатының тағы бар. Жұмысқа шықпаған күндерге жалақы есептелмейді. Бір сөзбен айтқанда, жатқан шығын.

Бұл менің ғана басымнан өтіп жатқан жағдай емес. Бала күткен әр отбасындағы проблема. Менің әйтеуір тұрақты жұмысым бар, ал жұмыссыз азаматтар қаражатты қайдан алмақ? Халықты мұншалықты сарсаңға салудың қажеттілігі қанша? Шалғайда қойлы ауылдар бар. Ол ауылдың әйелдері босанар болса жағдай тіпті қиын. Бір ауданда бір перзетхананың болмауы ұят емес пе? Бұрын істеп тұрған перзентхананың жұмысы кімге ұнамай қалғаны түсініксіз. Егер жұмыста кемшіліктер болса, оған қатысты кінәлі адамға шара көру керек. Перзентхананы жабу – мәселе шешудің оңтайлы жолы емес. Біреулердің кемшілігінен бүкіл аудан халқын жазалау ақылға сыйымсыз әрекет. Мен перзентхананы жабу — аудан тұрғындарын жазалау деп есептеймін. Мемлекет ана мен балаға қамқорлық жаса дейді, сондағы қамқорлығымыз осы болғаны ма? Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтар өзара ақылдаса келе Шардарадағы перзентхананы тез арада қайта ашулары керек. 80 мың халықтың тағдырымен бұлай ойнауға болмайды. Жабылған аудандарды қайта ашып жатқанда, жабылған перзентхананы ашу соншалықты қиындық тудыра қоймаса керек.

Тағы бір айтарым, неге біз баланың туу туралы куәлігін Шымкенттен алуымыз керек.? Бұған дейінгі бес баламның куәлігі Шардарада жазылды. Шардарада да ХҚКО бар. Бүгінде барлығы ортақ базаға, жүйеге енді дейді. Олай болса Шымкентте тіркелген куәлікті неге Шардарадағы орталықтан ала бермеске? Соған бола қарапайым халықты әуре-сарсаңға салудың қажеті қанша? Бұлай жалғаса берсе Шардарада құжатсыз балалар санының көбеймесіне кім кепіл?» 

Шынында да бір ауданда перзентхананың болмауы – төтенше жағдаймен тең дүние. Мәселе тез арада шешімін таппаса, халықтан обал. Шыдамның да шегі бар демекші, оның дүмпуі Елордаға жетуі де ғажап емес. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *