Басты жаңалықтар Мәселе

Өлгендер тірілердің, тірілер өлгендердің тізімінде жүр

  Мұны жеке бас пайдасына жаратқандар да жоқ емес

Жуырда батыс облыстардың бірінде өзін өлгендердің тізімінен тауып, енді «тірі екенін» дәлелдей алмай жапа шегіп жүрген азаматтың теледидарға берген сұхбаты көрсетілді. Өкінішке қарай, не күлеріңді, не жыларыңды білмейтін осындай оқиғалар жалғыз емес, жиілеп барады.

«Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды», – деп, мұны өз ісіне тиянақсыз қарайтын бір қызметкердің жіберген қателігі деп жылы жауып қоя салуға да болар ма еді? Бірақ бұл бір адамның тағдырын талқандаумен тең емес пе? Осы қателіктің салдарынан жәбірленуші қаншама материалдық, моральдық шығын шегеді. Ал құзырлы органдар осындай қателікті тезірек түзетудің орнына құлықсыздық танытып жатса ше? 

Апта басында бізге Келес ауданының Ошақты ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылынан Анаркүл есімді азаматша хабарласты. «Осыдан 7 жыл бұрын дүниеден өткен ұлым бүгінде тірілердің есебінде болып шықты, – деді Анаркүл. – Кешеден бері ауылдың мейірбикесі қайта-қайта телефон соғып, баламды сұрайды. Өлсе өлді деген куәлікті бер дейді. Мен ол қағазды таба алмай жүрмін. Тапсам беремін ғой. Бұлай сұрайды деп кім ойлаған?

Балам 11 жасында күйеуіммен бірге жол апатына ұшыраған. Сол кезде әкімдікке екеуінің де қайтыс болғаны туралы куәлікті апарып есептен шығартқаным есемде. Енді келіп мейірбике баламды базада тірілердің қатарында тұр дейді. Базаның жасалғанына көп болған жоқ. Сонда қалайша 7 жыл бұрын бақилық болған ұлым аурухананың есебінде әлі күнге дейін тұрады?». Осылай деген Анаркүл осы жағдайды зерттеп көруімізді өтінді.

Анаркүлдің алаңдауының да жөні бар. Себебі ол осыдан екі жыл бұрын мемлекеттің беретін жәрдемақысына құжат дайындап жүргенде өлген баласының атына әлдекімдердің жәрдемақы алып жүргенін кездейсоқ біліп қалғаны жөнінде газетімізде жазғанбыз. Сарыағаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Халық Кеңеске осы мәселе жөнінде түсінік беруді сұрап хатпен де шыққанбыз. Сол кездегі аудан прокурорын да мән-жайдан құлағдар еткенбіз. Бірақ құзырлы орындардың ол мәселені қалай шешкені бізге беймәлім күйі қалды. Міне, Анаркүлдің күдіктеніп отырғанының себебі осы. Бұдан кейін кімге де болса «әлі күнге біреулер өлген баласының атын жамылып, алаяқтықпен ақша тауып жүрген жоқ па» деген ойдың келері анық.

Оқиғаны зерттеу барысында біз Ошақты ауылдық округі әкімінің орынбасары Ғабит Мергенбаевқа хабарласқанымызда ол былай деді: «Менің бұл мәселеден хабарым бар. Анаркүлдің баласы бізде тізімде жоқ. Сол жылы қайтыс болғандығы туралы куәлікті негізге ала отырып, шаруашылық кітаптан өшіргенбіз. Ал тірілердің тізімінде жүруі аурухананың кемшілігі деп ойлаймын. Себебі 2009 жылы ол баланың өлгендігі туралы анықтама бергенде есептеп шығарулары керек еді ғой. Мәліметтер бірыңғай электронды жүйеге 2013 жылы көшті. Сол кезде қателікке бой алдырған болар. Дегенмен бұл қателікті түзету әлі де кеш емес».

Иә, ештен кеш жақсы. Алайда, жиі қоныс аударып, көшіп-қонып жүрген анасы жеті жыл бұрынғы куәлікті енді қайдан таппақ? Ал таба алмаса не болады? Сонда ол баласының өлгенін қалай дәлелдейді? Анаркүлдің уайымы осы. Әлде тағы біреулер өлген баланың атын жамылып, қазынадан қаржы сыпырып жүр ме екен? «Олай болуы мүмкін емес» деп ешкім айта алмайды. Өйткені, мұндай өрескел қылық осы кезге дейін де орын алды емес пе? Бізде «мүмкін емес» деп сеніммен айтудың өзі мүмкін болмай тұр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *