Біле жүріңіз Өмірдің өзі

Алаяқтар алаңына айналған

Қалта телефоным шыр етті. Қарасам бөтен нөмір екен, дегенмен көтердім. Телефонның арғы жағындағы адам аты-жөнімді жақынымдай түгендеп тұр. Өзін де таныстырды, «Компанияданмын. Сіз ұтыс сертификатына ие болдыңыз», – деп тоқтамай сөйлеп жатыр. Әбден тыңдап болған соң «Менің нөмірімді қайдан алдың», – дедім. «Біз байланыс операторларымен, басқа да компаниялармен тығыз қарым-қатынас жасаймыз», – дейді. «Шырағым, мен сенің компанияңнан әтір алған емеспін, берер ақшам да, сөйлесетін уақытым да жоқ» десем де тоқтар емес. Күні бойы түрлі нөмірмен қоңырау шалады. Бұл бір алаяқтардың әрекеті екенін түсіндім.

Бұдан басқа «жеңілдетілген несие береміз, арзан автокөлікке, үйге кезекке тұрыңдар, простатитті, обырды, туберкулезді, өзге де ауруларды емдеп жазамыз, акцияға қатысыңдар» деген секілді, тіпті, сексуалды жарнамалар да әлеуметтік желі бетін қаптап кетті. Көк сандықтағы жарнамалардан мезі болғанымыз аздай, енді қалта телефонымызға да тыныштық жоқ. Сонда әлеуметтік желі алаяқтардың алаңына айналған ба, әлде жеңіл жолмен ақша табудың мінбері болған ба деген ойға қаласың. Олардың балдай сөзіне сеніп, сандарын соғып жатқандарды күнде есітіп, көріп те жүрміз.

Бұған кім тыйым салады? Білдей министрлік, қадағалаушы органдар қайда қарап отыр? Арзан дегені қолыңа тигенше қомақты қаржыға айналатыны көпшілігі түсіне бермейді, аңқауларды алдап түсіріп, тапсырысын қабылдап алады. Одан кейін қақпанға түсті дей беріңіз. Олар «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заң талаптарын сақтап отыр ма? Құзырлы органдар тарапынан қандай бақылау жасалып жатыр? Бұл сауалдарға әзірге жауап жоқ. Бұл заңсыз әрекеттерді қылмыстық кодекстің «Алаяқтық», яғни 190-бабын қолданып, жазаға тарту керек.

Абайлаңыз, ағайын, алаяқтардың арбауынан сақ болыңыздар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *