Басты жаңалықтар Мәселе

«Ерлікті жасамаудан бағаламау қауіпті»

Осыдан төрт жылдай бұрын, дәлірек айтқанда 2016 жылдың 22-наурызы күні сол кездегі Сарыағаш, қазіргі Келес ауданының Жүзімдік ауылындағы оқыс оқиға бүгінде елдің есінде қалмағаны анық. Өйткені, бұған жергілікті атқарушы биліктің ерлікті ескерусіз қалдырып, жақсылықты жақсылап жарнамалай алмағандығы себеп болды деп айтуға негіз бар секілді.  

Ол қандай ерлік еді? Оқырманға түсінікті болу үшін төрт жылға шегініс жасауға тура келіп тұр. Жергілікті тұрғындар — атасы мен немересі егістіктен қайтып келе жатқанда, арбаның шайқалуынан абайсызда өзенге құлап кеткен қыз ағысқа төтеп бере алмай, сумен бірге төмен қарай зулайды. Немересінің дәрменсіз халін көрген атасы оны құтқармақ болып суға секірген. Бірақ өзеннің қатты ағысына қарсы тұруға әл-дәрмені жетпеген қарияның өзі суға батып, бақилық болды. Ағыспен алысып, жанұшыра айқайлаған қыздың дауысын жақын маңда жүрген Жасұлан Әбуовтың (суретте) құлағы шалып, ауа райының да, судың да суықтығына қарамастан көмекке ұмтылған. Осылайша, абайсызда ажал құша жаздаған жас қызды жүрек жұтқан жігіт көктемгі өзеннің асау мінезінен құтқарып қалды.

Сәті  түскенде бұл оқиғаның қалай орын алғанын бейбіт күннің батыры – Жәнібекті үйіне арнайы іздеп барып, өз аузынан естіген болатынбыз. «Мен тракторыммен шаруалардың жерін жыртып, орылған егінін тасумен айналысамын, – деді Жасұлан Мәжитұлы. – Сол күні күн салқын болғандықтан жерін жыртып беруге өтініш еткен кісімен бірге дөңнің астын паналап отырғанбыз. «Көмектесіңдер» деген дауысты ести сала дереу қырға шықсам, бір кісі өзен жағасында жүгіріп жүр екен. Бір қиындықтың орын алғанын сезіп, солай қарай жүгірдім. Мен барғанша әлгі кісі де суға түсіп кеткен болса керек. Өзенге жақындағанда бір қыздың ағып бара жатқанын көзім шалды. Дереу сырт киімдерімді шештім де салқын суға секіріп кеттім. Қызды жағаға алып шығып, жасанды дем бердік. Өзіне келгенде қай ауылдан екенін сұрап, таксимен үйіне апарып тастадық. Бар болғаны осы».

Әрине, бұл әрекетін Жасұлан ерлік деп санамайды. Азаматтық борышы есептейді және ол үшін ешкімнен де марапат күтпейді. Тіпті, ол осы ерлікке барарда өзінің бір отбасының жалғыз ұлы екенін де ескермеген. Кім біледі, асау толқын мұның да өмірін жалмауы әбден мүмкін еді ғой. Жасұланды мұндай қадамға итермелеген жанашырлық сезімі мен батылдығы. Бірақ, мұны жергілікті басшылардың жеткілікті деңгейде елеп-ескермегені, марапаттамағаны қаншалықты орынды? Ақиық ақын Мұхтар Шаханов айтпақшы, «ерлікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті» емес пе? Міне, бізді қынжылтатыны да осы.

Күннің суықтығына, өзеннің асау толқынына қарамастан, өмірін қатерге тігіп, судан бір адамды аман алып шығу — ерлік емес деп ешкім айта алмаса керек. Бұл жөнінде келестік Жеңіс Ережепов былай дейді. «Мен Жасұланның бұл әрекетін нағыз батырлыққа балаған болар едім. Мұндай батылдыққа бару екінің бірінің қолынан келмейді. Тіпті, судан құтқарушылардың өздері сол кезде немересін құтқармақ болып суға батқан қарияның денесін іздеу үшін бар сақтық шараларын қолданып барып жұмыстарына кіріскен. Ал Жасұлан өз өмірін тәуекел етті. Сол ерліктің ескерусіз қалағаны өкінішті.

Көріп жүрміз, жыл сайын «Тәуелсіздікке» 24, 25 жыл деген медальдар шүленше таратылады. Олардың арасында елге еңбегі сіңгендері бар екенін жоққа шығара алмаймын, дегенмен кездейсоқ адамдардың да көп екені жалған емес. Егер сол медальдар шын егесіне жетер болса, марпат иелерінің арасында Жасұлан да болар еді деп ойлаймын. Бұл өзінен кейінгі ұрпаққа өнеге болары анық. Естуімше Жасұланның осы ерлігі өзі оқыған мектепте де ескерусіз қалып қойған секілді».

Осы әңгімеден кейін біз Жүзімдік ауылындағы Ш.Уәлиханов мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Ақмарал Қамбароваға хабарласқанымызда, ол кісі бұл жағдайдан мүлде бейхабар екенін айтты. Тіпті естімепті де. Жүзімдік 3500 тұрғыны бар, 520 отбасы мекендейтін шағын ауыл. Бір ғана мектеп бар. Солай бола тұра мектеп басшылары өздерінен түлеп ұшқан шәкірттерінің ерлігін мақтан ету былай тұрсын, білмейді де. Неге мектептің бір бұрышына өз түлектерінің суретін іліп, олардың ерлігін насихаттамасқа? Әлде Жасұланның әрекетін ерлік деп тану үшін оның қаза болуы керек пе еді? Осындай ерліктер ескерусіз қала берсе, оны көріп өскен жас буыннан қалай елін сүюді, отанын, отандастарын қорғауды талап ете аламыз?

Жүзімдік ауылдық округінің әкімі Оразалы Смайлов сол кездегі Сарыағаш ауданының әкімдігіне айтып жүріп «Алғыс хат» алып бергенін айтады. Ұят болмасын десе керек, сол жылы желтоқсан айында өз атынан «Алғыс хат» пен шахмат беріпті. Бүгінде Жасұланның анасы Дүрия Тұрапова сол жағдайдан кейін оның қатты суықтап, жиі сырқаттанып қалатынын айтады. Ал «Алғыс хат» бір күні жыртылатыны немесе жоғалатыны белгілі. Ерліктің ескерусіз қалғаны осы емес пе? 

Бүгінде ауылдастары ерлік жасады деп есептегенмен онысын басшылар бағаламаған Жасұлан Әбуов өзінің тракторын кәсіп көзіне айналдырған.  Ауылдастарының қажетін өтеп, алғыстарын алып жүрген жайы бар. Ерлігім ескерілмеді деп әркімге бір міндетін артып жүрген ол жоқ. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады», – деген қанатты сөз ойға осындайда оралады екен. Ештен кеш жақсы демекші, Жүзімдіктен шыққан Жасұлан Әбуовтың ерлігі ескерілетін кез келеді деген сенімдеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *