Әлеумет

Мектеп асханасы талапқа сай жұмыс істеп жүр ме?

Жыл сайын жаңа оқу жылында барлық мектептерде «Білім туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарына сәйкес әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының оқушыларын анықтау, оларды мектеп асханасында берілетін ыстық тамақ тізіміне енгізу жүргізілетіні белгілі. Алайда осындай жұмыс барысында бірқатар келеңсіз жәйттердің кездесетіні ақиқат. Көп балалы отбасының 3-4 оқушысының біреуі немесе жалғызілікті отбасындағы оқушының ешқайсысы тізімге енбей қалуы мүмкін. Әйтеуір шапқылаумен ол шаруа да реттеледі.

Бірақ сіз мектептегі тегін тамақтану жағдайы қандай заңнама талаптарымен реттелетінін білесіз бе? «Оған қандай қадағалау органдары бақылау жасайды, тамақтану нормалары мен мөлшері қандай, қандай тағамдар ұсынылуы тиіс немесе берілмеуі керек, тамақтандыру мәселесіне кімдер жауапты, балаңыз сағыз бен қытырлақты қайдан алады» деген сауалдар төңірегінде ойланып көрдіңіз бе? Немесе балаңыздан қандай тамақ ішетінін сұрап көрдіңіз бе? Мектеп асханасына ең болмаса бір рет барып, ас мәзірімен танысып, асханаға жауапты маманмен сөйлестіңіз бе? Әрине, мұндай қызығушылы бар ата-аналарды жоқ дей алмаймыз, бірақ көпшілігіміз «қол тимейді, уақытым жоқ» деген сылтаумен жүреміз. Жуырда ғана (11 қазан) БАҚ-та Павлодар облысының Павлодар ауылында мектеп асханасындағы тамақтан алты баланың уланып қалғандығы жөнінде хабар тарады. «Балалар ем алды, жауаптылар жазаланды, іс осымен бітті» десек қателесеміз. Күзгі, қысқы, көктемгі оқу маусымдары әлі алда. Сақ болған жөн. Ендеше бастысы мына жәйттер жадыңызда болсын.

Барлық білім беру мекемелеріндегі тамақтануды ұйымдастыру мәселесі қолданыстағы «Білім туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы» ҚР заңымен реттелген. ҚР ДСМ-нің 2017 жылғы 16-тамыздағы номері 611 «Білім беру обьектілеріне қойылатын санитарлық эпидемиологиялық талаптар» ережесінің «Обьектілердегі тамақтану жағдайларына қойылатын санитарлық эпидемиологиялық талаптар» деген 7 тарауында нақты көрсетілген. Тәрбиелеу және білім беру обьектілерінде тамақтандыру нормалары «әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылдың 12 наурызындағы номері 320 қаулысымен регламенттелген. Осыған сәйкес мәзірді әзірлеу кезінде тамақтанушылардың болу ұзақтығы, жас санаты ескеріледі, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді. Бірінші ауысымдағылар екінші таңғы ас пен түскі ас, екінші ауысымдағыларға бесін ас (16-17:00-де), ұзартылған күн топтары үшін – екінші таңғы ас, түскі және бесін ас, ал балалар тәулік бойы болса күніне бес рет тамақтану көзделген. Мәзірде бірдей тағамдарды бір күнде және келесі екі-үш күнтізбелік күнде қайталауға жол берілмейді. Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қарабидай немесе бидай наны, көкөністер мен қант енгізіледі. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс еті екі-жеті күнтізбелік күнде бір рет енгізіледі. Таңғы ас тағамнан (бірінші немесе екінші) және сусыннан (компот, кисель, шәй, шырын) тұрады. Түскі асқа салат, бірінші, екінші тағам және сусындар кіреді. Бесін аста тоқаш пен кремі жоқ кондитерлік өнімдермен бірге сүт, қышқыл сүт өнімдері, кисель шырындар енгізіледі. Кешкі ас көкөніс тағамынан немесе ботқадан, екінші тағамнан, сусыннан тұрады. Қосымша екінші кешкі ас ретінде жемістер немесе қышқыл сүт өнімдері, тоқаш, кремі жоқ кондитерлік өнімдер енгізіледі.

Осы ереженің 119-тармағында пайдалануға жол берілмейтін тағамдар тізбесі де көрсетілген. Шала пісірілген, қуырылған, қытырлақ, күрделі салат, тез дайындалатын құрғақ тағамдарды, газдалған, тәтті, энергетикалық (сергітетін) сусындарды, ащы тұздықтарды, кептірілген, қытырлақ нанды, фаст-фуд, гамбургер, ход-дог, гипсилдерді, дәмдеуіштерді, диффузиялық шырындарды, байытылмаған (йодталмаған) 1-ші, 2-ші сұрыпты бидай ұнын, оттегі коктельдерді және осы секілді өнімдерді пайдалануға жол берілмейді.

Тамақтанушыларды ас блогына жіберуге, ас дайындау ісіне араластыруға, ыдыс жууға рұқсат етілмейді. Сусындар әркімнің өз ыдысына құйылады. Тамақ мәзірін білім мекемесінің басшысы бекітеді, онда тағамдардың атауы, шығымы көрсетіледі. Күн сайын медицина қызметіндегі немесе жауапты адам тағамдардың сапасына органолептикалық бағалау жүргізіп, журналға жазады. Тамақтану сапасын мерзімдік бағалауды бракрижкомиссиясы жүргізеді, журналға тіркейді. Комиссия құрамына медицина, әкімшілік қызметкері, өндіріс меңгерушісі, ата-аналар комитетінің өкілі енгізіледі. Ол бұйрықпен бекітіледі. Күн сайын аспазшы ас мәзіріне сәйкес дайын өнімнің тәуліктік сынамасын қондырады. Ол шыны ыдысқа салынып, тоңазытқышта арнайы бөлікте сақталады.

Тағамның жарамдылық мерзімдері күнделікті дайындалатын ас мәзіріне жауаптылардың міндеті осындай. Осы айтылғандарды ескере отырып, Сіз балаңыздың күнделікті мектеп асханасындағы тамақтануына бақылау жасауды ұмытпаңыз. «Ауру-астан» демекші алдымызға әкелінген астың тазалығына, дұрыс дайындалуына жете көңіл бөлейік! Ал Сіз бұған не дейсіз оқырман, қосар пікіріңіз бар ма? Мектепті жалға алған ас әзірлеуші заң талаптарын сақтап отыр ма? Мектеп тарапынан бақылау бар ма? Тақырыпты талқылауға, кездескен кемшіліктерді біріге отырып реттеуге шақырамыз. Өз балаңыздың қауіпсіздігіне немқұрайды қарамаңыз.

               

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *