Біле жүріңіз Өмірдің өзі

«АТЫҢ БАРДА ЖЕЛІП ЖҮРІП ЖЕР ТАНЫ…»

немесе 6 континентке табаны тиген қазақ

Иә, әлемнің 125 елінде болған қазақ бар дегенде алғашында көңіл құрғыр сене қоймады. Ол ол ма, 6 емес, 7-ші континент деп аталатын шетсіз көктегі стратосфераға да көтерілген (22 шақырым), сөйтіп 125 елде болған Әйгілі Юрий Сенкевичтен де асып түскен («Клуб кинопутешественников» бағдарламасын 50 жыл бойы жүргізген марқұм) дегенді естігенде таңданысымда шек болмады. Жан-жақты ізденуге, кітапхана жағалауға, интернет ақтаруға тура келді. Әзер дегенде өзімен де хабарласып, кітаптарына, жазған-сызғандарына қол жеткіздік. Барлық материалдармен егжей-тегжей таныса отырып, бір ақиқатқа көзім жетті.

«Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа» деген онымен танысуға, тілдесуге асықтым. Ол – инженер-конструктор, ұшқыш, бизнес майталманы, жиһанкез-саяхатшы, мыңдарға шарапаты тиген меценат, құрылысшы, жазушы, коллекционер, журналист, өзімізден бастап ондаған елдің құрметті азаматы Сапар Ысқақов. Сағаты санаулы, бір басында бірнеше шаруаның жайы жүретін жаннан сұхбат алудың сәті түсті.

«Саяхат жерұйық іздеген сонау Асан Қайғылардан бастау алады»

– Білім саяхатына ерте аттанып, бірнеше оқу орнын бітіріпсіз. Әңгімені осыдан бастасақ?

– Шығыстың жеті жұлдызының бірі Хожа Хафиз «оқуды тоқтатқан күнім өлген күнім» деген екен. Сол айтпақшы, оқуға, білімге деген шексіз сүйіспеншілік өз басыма жасымнан қонған қасиет деп ойлаймын. Жетпістің бесеуінен сексеннің сеңгіріне бет бұрсам да өмір бойы оқып келемін.

Өзім торғайлықпын. 1958 жылы Арқалық қаласындағы орта мектепті үздік бітірген соң 1962 жылы Азаматтық әуе флотының Татарстандағы Бугуруслан ұшқыштар училищесін бітірдім. Одан әрі 1962-1963 жылдары

Азаматтық әуе флоты Киев институтының механика факультетінде дәріс алдым. Оқуымды Қарағанды политехника институтында жалғастырып, 1965 жылы инженер-құрылысшы мамандығын алып шықтым. Мұнан соң Мәскеу инженерлік құрылыс институтын, ұзын-ырғасы төрт оқу орнын тәмамдадым.

– Өмірінің көп бөлігін Сіз секілді саяхатқа, әлемді аралауға арнаған адам жайында көп біле бермейді екенмін…

– Бұл менің хоббиім, сондықтан өмірімді тек саяхатқа арнадым дей алмаймын. «Атың барда желіп жүріп жер таны» дегендей білімге, ел көруге, жер көруге деген шексіз құштарлық осыған алып келді. Әңгімеміз саяхат жөнінде болғандықтан тарихты шола кеткеніміз жөн болар.

Сонау ХІV-ХV-ші ғасырларда өмір сүрген Асан Қайғы Сәбитұлын бәріңіз білесіздер. Халқына пана, малына жайылым болатын, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жерұйықты іздеп, өмірін өткізген дана қарияның өмірі бәрімізге үлгі-өнеге болса керек.

Бізге жеткен аңыз бойынша «алты атанға жүк артып, алты жыл жайлы қоныс іздеп» бетегелі, боз жусан қазақ даласын, күллі түркі дүниесін олай да, бұлай да аралап шығуын бір жағынан саяхат деуге де болады. Демек, «адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін» жер жаннатын халқы үшін іздеп өткен дала данагөйі Асан қайғыны ең алғашқы ұлы саяхатшы десек те жарасады.

Ал, күллі Еуропа әлеміне жұмбақтау болып келген Қашқарияға басын тіге отырып сапарлап қайтқан ұлы Шоқанды қалай еске алмассың? Кейін осы қатерлі сынақ жөнінде «Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты ғылыми-зерттеу еңбек жазып, оның материалдары көп ұзамай неміс, ағылшын тілдеріне аударылды. Шоқан ержүрек саяхатшы атанды» деп Еуропаның беделді баспасөз беттерінде кеңінен жазылды. Басқаларын былай қоя тұрғанда, осы еңбегі үшін ғана Шоқанды ұлы ғалым, ұлы саяхатшы деуге болады.

Одан бергідегі Әліби Жангелдиннің саяхатшылығы жөнінде көп біле бермейміз. Сонау 1908 жылы саяхатқа шығу үшін Мәскеуден Санкт- Петербургке аттанған Жангелдиннің күнделіктерін оқысаңыз біраз жайтқа қанығасыз. Қысқартып айтсам, Персиядан бастап, бірнеше Азия елдерінде, Жапонияның Нагасаки, Токио, Курутте, Нингато қалаларына ұзақ мерзімді

саяхат жасайды. Жазбалары өте қызықты, танымға толы. Соған сай Әліби Тоқжанұлын елімізді шет елге танытқан тарихи тұлғалардың қатарына қосуға болады.

Арман қала Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрме әлемнің көзқұртына айналғаны шындық. Өйткені, күллі ТМД мен Орталық Азия бойынша бірінші рет бізде өткен болатын. Кезінде осы жәрмеңкені жан-жақты насихаттаған азаматтың  бірі де бірегейі, өз ұлтының патриоты, саяхатшы Сапар ағамыз өз қаржысына «Елизавета-2» атты алып кеме жалдап, жүздеген тілектестермен бірге екі рет әлемдік саяхат жасап қайтты. Бірінші дүниежүзілік саяхаты 2014 жылы 10 қаңтарда Лондоннан бастау алып, 119 күнге созылды. 45 күнге созылған екінші саяхатына 2014 жылы 25 желтоқсанда аттанған болатын.

 «ЭКСПО-2017» атты ту көтерген саяхатшы әлемнің жүздеген елінде болып, кездесулер өткізіп, Қазақстан және онда өткелі отырған халықаралық көрме жөнінде насихат жүргізді. Дүниежүзіндегі тілектес мыңдаған адам қол қойған осы ту қазір Астанадағы Президент мұражайында сақтаулы.

Нағыз азаматтық, ұлтжандылық деп осыны айтсақ жарасар. Яғни, әлемді дүбірлетіп, Қазақстанның атын шығарған тарихи оқиғаны насихаттауды осыдан үш жыл бұрын бастап кеткен екен…

– Менің білуімше Сіз әлемнің 125 елін аралаған екенсіз. Осы саяхатыңызға қанша жыл уақытыңызды сарп еттіңіз?

– Саяхатым 1962 жылдан басталды.

«Жәрдем бергеннен жаным рахат табатын жанмын»

– «Меценаттық қанмен келеді» дейді заңғар жазушымыз Мұхтар Мағауин. 2007 жылы «Ғасыр меценаты» атандыңыз…

– Менің бесінші бабам, ұлы Қойлыбай бақсының шәкірті, арқалы қобызшы Тілеп атам да, өз әкем де жомарт болған. Қазақ поэзиясының ең үздік өкілдерінің бірі, марқұм Қадыр Мырза Әлі:

«Қазақ осы алудай-ақ алатын,

Ал беруден алдына жан салмайтын.

Қазақ осы ашық-жарқын қабағы,

Қонақ келсе шабылып бір қалады.

Байқа да тұр саған да ол кетерде,

Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.

Қазақ осы дүние мен малыңды,

Оңды-солды шашу үшін жинайтын» демейтін бе еді? Сол айтпақшы, бұл халқымыздың қанында бар ұлы қасиет қой. Оның үстіне анамның «өмірде «жоқ» деп айтпа. Әсіресе жетім-жесірге, жоқ-жітікке қол ұшыңды бер. Ол ісің Алладан екі-үш есе болып қайтады» деген сөзі жадымда жатталып қалған.

Өнер адамдарына қамқорлық жөнінен Ресейден үлгі алсақ болады. Әлемге әйгілі орыс әдебиеті өзінен-өзі жасала салған жоқ. Атақтары жер жарған Пушкин де, Гоголь де, Жуковский де бақуатты тұрмаған. Ал, Достоевскийдің өмірі жоқшылықпен өткенін осы күні зерттеушілер ашық жазуда. Міне, осылардың бәріне орыстан шыққан тұңғыш меценат әрі баспагер Александр Смирдин тікелей қол ұшын созған. Кітаптарын шығарып, қомақты қаламақы төлеп тұрған. Жақсы іс жалғасын тауып, мұнан кейін Демидов, Морозов, Мамонтов, Третьяков сынды меценаттар шығып, орыс өнеріне өлшеусіз үлес қосты. Өйтпегенде қаншама ұлы ақын-жазушы болса да жауһар дүниелерді дүниеге келтіре алмас еді. Өзімізге келсек, Шәңгерей төре, ұлы Абайдың атасы Өскенбай, Маман байлар да кезінде өнер адамдарынан, жалпы мұқтаж жандардан көмегін аямаған екен. Менің негізгі бизнесім құрылыс, 2003 жылы «Тілеп» қайырымдылық қорын құрып, мүгедектер мен жалғызілікті кісілерге, қарттарға көмек бердім. Меценаттығым осылай басталды. 2004 жылы өз анамның атындағы «Дәмелі» отбасылық балалар үйін қамқорлығыма алдым. Алматыдағы «SOS Киндердорор» балалар ауылының аумағынан өз қаржыма бір анасымен тұратын сегіз балаға, яғни отбасылық балалар үйіне екі коттедж салып бердім.

– Әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсахожаевадан бастап ондаған өнерпазға қол ұшын созған екенсіз. Осы жөнінде айта кетсеңіз?

– Айман маған емес, мен Айманға барып жолықтым. «Көмек керек пе? Тым шалқыған бай емеспін, бірақ шүкіршілік» деп едім. «Өзге аспаптарға демеушілік көрсетемін» деушілер ептеп табылар-ау, ең қиыны өзіміздің ұлттық аспаптарымыз болып тұр. Тіпті сахнаға шығатын ұлттық киімдерді де таба алмаймыз» деген соң намысқа тырысып, әлемнің кез келген еліне ұялмай киіп баруға болатын, аса сапалы матадан тігілген 64 ұлттық киім сатып әпердім. Былайша айтсақ, екі оркестрді киіндіріппін. Жүрегіме қолымды қойып айтайын, мен осындай жәрдемдерден рухани ләззат аламын. Бұл менің өмірімнің бір бөлшегі сынды дүние.

    «Тілеп-Қобызды Америкадағы, Англиядағы әйгілі мәдени

                  нысандарға теңеушілер болды»

– Музыка корифейлерінің бірі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, марқұм Еркеғали Рахмадиев сіз Астанадан қобыз сарайын салдырғанда «XIX ғасырда Австрия-Венгрияда өмір сүрген Бетховен, Гайдн, Лист, Шуберт сияқты ұлы музыканттарды кезінде материалдық тұрғыдан қолдап, жарыққа шығарған қыпшақ-мадиярдан шыққан Естерғази есіме оралады» деп жазған еді. Әруақты атаңыз Тілеп қобызшы және елімізде ғана емес, әлемде үлкен, рухани жаңалық болған, ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысқан «Тілеп-Қобыз» сарайы жөнінде айта кетсеңіз?

– «Боз інгендей боздатса боз даланы,

Сызыла тартты қыл қобыз созған әні.

Домбыра мен шаңқобыз бебеу қақса,

Жаның толқып, жүрегің қозғалады, – деп қазақтың ең айтулы ақындарының бірі, марқұм Кәкімбек Салықов айтқандай, шерлі қобыз шермендеге, күмбірлеген домбыраға жетер не бар шіркін?! Әлемге әйгілі өнерпазымыз, скрипкашы Айман Мұсахожаевамен болған әңгімеден соң бір нәрсеге қатты жаным ауырды. Ол — қазақтың ең қымбатты да киелі қобызының музыкалық аспап ретінде қатардан сызылып қалуы еді. Өзім болсам Қорқыт бабадан тамыр тартқан әйгілі Қойлыбай бақсының шәкірті Тілеп қобызшының бесінші ұрпағымын. Қобызшы атамыз 1757 жылы дүниеге келген. Жерленген жерін, үш бірдей күйін таптық. Кеңес кезеңінде аты аталмаған атамыздың есімін енді жаңғыртсақ та кеш бола қоймас. Атамызға ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов жерленген жерден топырақ бұйырыпты. Осы қобызға, жалпы қазақ өнеріне ескерткіш болатындай бір тірлік жасасам деп көптен ойланып жүр едім. Қазақтың ғұлама ғалымы, маркұм Ақселеу Сейдімбек те осы мәселені тереңінен қозғап, аманаттағандай қылып айтқан еді. Соның реті 2006 жылы келді.

Дегенмен, экономикалық қиыншылықтарға байланысты үш жылға тоқтап қалды. Ақыры абыроймен аяқтадық та, алдымен Елбасымыз Н.Назарбаевқа көрсетіп, ризалығын алдық. Танымал архитекторлар, өнертанушылар мұны Нью-Иорктегі Карнеги-хол мен Лондондағы Альберт-холға теңеп жатты. 340 орындық аталмыш сарайдың құрылысына 6 миллион АҚІІІ доллары жұмсалды. Залдың акустикасын жапон мамандары жасады.

Оның ерекшелігі, микрофонсыз айтылған кез келген туындыны залдың қай жерінде отырсаңыз да дәл алдыңызда айтылғандай тыңдай аласыз. Бес қабаттан тұратын сарайда мұнан бөлек 125 орындық қонақжай, 170 адамдық ресторан, 80 орындық кафе-бар, фитнес орталығы және 3000 текшеметрлік сауда-саттық орны бар. Ашылу салтанатында қылқобыз, шаңқобыз, жетіген, сыбызғы, дабыл, асатаяқ, тайтұяқ, IX ғасырда өмір сүрген ұлы ойшыл әл-Фараби ойлап тапқан әл-Канун және 2012 жылы Алтайдың бір шатқалынан табылған VI ғасырға жататын қыпшақ домбырасымен күй тартылды. Өзімнің тікелей демеушілігіммен дүниеге келген «Көк түріктер» фольклорлық ансамблі де жұрт көңілінен шықты. Батыста орган жоғары бағаланса, бізде қобыз киелі аспап саналады.

«Нұр Отанның» жалауын Антарктида мен Арктикаға

                                    тігіп қайттым»

– Антарктида мен Арктикада «Нұр Отанның» жалауын желбіреткен екенсіз…

– Иә, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде 2007 жылы 6 қаңтарда Юрий Рытхэу айтпақшы, «Мәңгі мұздар мекені» — Оңтүстік полюстегі Антарктидаға, 2008 жылы 23 шілдеде Солтүстік полюстегі Арктикаға жетіп, «Нұр Отан» партиясының көк байрағын желбірете тігіп қайттым.

– «Сапар-саяхат» журналын шығарып, өзіңізге тиесілі «Тур де Хабар» арнасы арқылы 53 фильм түсіріп, тележурналистік қырыңызды байқаттыңыз. Журнал шығаруға не түрткі болды?

– Кім түрткі болды деген дұрыс шығар. Ол азамат өкінішке қарай өмірден өтіп кетті. Алғашқы «Очарованный странник» атты журналды шығарған «Вечерняя газета» деген баспаның бұрынғы директоры, ҚР Ғылым Академиясы жаратылыстану ғылымдарының академигі Владимир Григорьевич Коченов болатын.

Аталмыш академиктің мен жөнінде кезінде «Ол сұмдық еңбекқор адам. Мен оны әйгілі Трояның құпиясын ашқан, сөйтіп ұлы Гомердің айтқаны рас екенін ондаған жылғы еңбегімен дәлелдеген немістің ұлы археологы Генрих Шлиманға теңей аламын. Басқасын былай қоя тұрғанда, осы заманның таңғаларлық саяхатшысы Сапар Ысқақов Оңтүстік полюске ұлы Амундсеннен бар болғаны бір ай ғана кешігіп жетті» деп өте жоғары баға бергені менің көңілімді марқайтып тастады.

– Өзіңіз айтпақшы 55 жыл ішінде Плано Карпини, Вильям Рубрук, Марко Поло сынды әлемге әйгілі саяхатшылардың жүрген жолымен жүріп өттіңіз. Соңыңыздан ерген жастарга қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Кез келген қазақ жасы өз елін сүйетін патриот болуы керек. Ол үшін әрқашанда білімге, ғылымға, тарихқа қызығушылық танытып, ізденісте болу керек. Өз тарихыңды терең танымай, одан ғибрат алмай, болашақты болжау қиын. Ең бірінші тіліміз бен салт-дәстүрімізді, құнарлы этномәдениетімізді жоғары ұстап, әлемге қазақ ұлты екенімізді паш ету жолында әрбіріміз аянбай еңбек етуіміз керек. Ал, саяхатшы болу үшін терең біліммен бірге әлемге деген құрмет пен сүйіспеншілік қажет.

– «Таң қалған жолаушы» (2006 ж.), «Әлемнің сегізінші кереметі» (2008 ж.), «Жер шарына саяхат» (2010 ж) сынды кітаптарыңыз қазір нағыз бестселлер болып қолдан-қолға тимей жүр. Оқырманды алдағы уақытта тағы қандай шығармаларыңызбен қуантпақсыз?

– Олардан бөлек «Жер планетасы», «119 күнде жер шарын айналып шығуға саяхат» атты кітаптарым жарық көрді. Қазір ол «Соқпақ-Тропинка» журналында жарияланып жатыр.

– Сапар аға, сізді жер жүзіндегі 6 континенттің бәрін аралап бітіп, 7-ші континент, яғни аспан әлеміне, стратосфераға да саяхаттап қайтты деген сөз бар, соны өз аузыңыздан естісек?

– Негізі бала кездегі арманым ұшқыш болу еді. Соғыстан соң елімізге алғашқы ұшақтар келгенде «осыны тізгіндеп, көк аспанға самғар ма едім» деген арманым одан сайын арта түсті. Осы арманның жетегімен 8-сыныптан бастап «Советская авиация» газетін жаздырып ала бастадым. Сонымен не керек, Татарстанның Бугуруслан қаласындағы ұшқыштар училищесіне түстім. Бірақ өмірім басқа салаға бұрылып кетті.

Шетсіз, шексіз көкке ұшуға деген арманыма 2009 жылы қараша айында қол жеткіздім. Көптеген дайындықтан соң Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы «Сокол» әуежайынан дыбыстан жылдам ұшатын «МИГ-29 УБ» жойғыш ұшағымен, былайша айтсам, бала кезгі арманымды алып ұштым. Жерден 23 шақырым биіктегі стратосфера әуе қабатын бір айналып қайттым. Мен ұшақтағы екінші ұшқыш міндетін атқардым. Алған әсерімді, рухани ләззатымды тілмен айтып жеткізе алмайтын шығармын. Тәуелсіз елімнің көк байрағы ұшақ кабинасында жаныма жылу құйып тұрды…

– Өзіңіздің тікелей қамқорлығыңызбен дүниеге келген «Көк түріктер» фольклорлық ансамблі ең көне саналатын қыпшақ домбырасымен күй шерткенде шетсіз-шексіз, бетегелі боз жусан даламыз көз алдымызға келіп, көкірек құтымыз жасқа толды. Осы ансамбль жайлы таратып айтып беріңізші.

– Руханиятымыздың шын мәніндегі жанашыры, ғұлама ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы 2012 жылы Алтай үңгірінен табылған домбыраның көшірмесін жасатыпты. Мен оны сол кісіден ат-түйедей қалап алдым. Қыпшақ домбырасының ерекшелігі — дауысы аса нәзік, өзгеше. Ешкінің ішегінен жасалған үні керемет. Бұл біздің қайталанбас мұрамыздың бірі, бабаларымыздың аманаты десек болады.

Р.S. Сөз жоқ, шын мәніндегі сегіз қырлы, бір сырлы, алып жүректі азамат, дүниенің төрт бұрышы түгілі, жеті қат көк аспанның өзін шарлап қайтқан саяхатшы ағамызбен сұхбаттаса келе Америка ашқандай болғанымыз рас. Өйткені, дәл осындай көзі тірісінде даңққа бөленген жанды өз басым кездестіре қоймаппын. Ол азаматтың елге жасаған қыруар еңбегін, өзімізден және ондаған өзге елдерден алған марапаттарын тізіп шығудың өзі оңай емес.

Жүріп өткен жолдарын айтсаңызшы. Еуропаның – 40, Азияның – 40, Оңтүстік және Солтүстік Американың – 23, Африканың – 10, Австралия мен Океанияның 8 елінде, Антарктида мен Арктикада және 7-ші континент, 22 шақырым биіктіктегі стратосфера… Енді не, қай ел қалды?

ҚР Президентінің Жарлығымен Құрмет грамотасымен, «Парасат». «Құрмет» ордендерімен, Ресейдің «Держава» және «Рубиновый крест», Ұлыбританияның «Королева Виктория» ордендерімен, халықаралық «Алтын» медальмен (Швейцария) марапатталған. «Күлтегін» клубының мүшесі, Халықаралық меценаттық академиясының академигі.

2007 жылы «Ғасыр меценаты» атанып, есімі Ұлттың алтын қорына жазылды. Сонымен бірге аты-жөні Ресейдегі «Мәскеуге — 850 жыл» атындағы саябақтағы «Ұлттық дәулет» аллеясында жазылып тұр. 2007 жылы Астана қаласынан «Дәмелі» балалар үйін ашып, жетім балалар үшін өз қаржысына екі коттедж салып берді. Қазыр бұл балалар қалашығы «SOS Киндердорф» деп аталады. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қаржылай көмек көрсетіп, бес баланы Америкаға оқуға жіберді. «Әл-Фараби – Сұлтан Бейбарыс» қорын құрып, әл-Фарабидің Дамаскідегі, Сұлтан Бейбарыстың Каирдегі мазараттарын, кітапханаларын қалпына келтірді.

Бұл алып жүректі азаматтың елге сіңірген еңбектерінің бір парасы ғана.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *