Дәрігердің жалақысын ғана емес, біліктілігін де көтеру керек

Соңғы жылдары мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін, әлеуметтік жағдайын көтеру үшін көп жағдай жасалып жатыр. Кешегі өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы дәрігерлердің жалақысының көтерілетіні жөнінде тағы баяндады.

Жоғары сапалы технологиялар да сатып алынып жатыр. Көрші елдердің көпшілігінде жоқ заманауи үлгідегі денсаулық орындары салынуда. Қос қолды көтеріп құптайтын жайт, алайда дәрігерлердің біліктілігін арттыру - әлі де маңызды мәселе күйінде тұрғаны жасырын емес.

 Жалпылама емес, өз басымнан өткенді баяндайын. Шымкент қаласындағы №7 емханаға тіркелгенбіз. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса сол жердегі дәрігерлерге барамыз. Өткен аптада дәрігерлік көріктен өту үшін осы емханадағы хирург дәрігердің қабылдауында болдым. Ол менің шағымымды тыңдап, қарағандай болды. Сосын орнына отырды да, ғаламторды ашып, сол жерден дәрігерлік тағайындауды көшіріп жаза бастады. Тіпті, қандай дәріні күніне неше рет қабылдау керектігін де ғаламтордың көмегімен анықтады. «Енді не істейін?» десем, өзіңнің дәрігеріңе бар деп шығарып салды.

 Міне, бүгінгі дәрігерлердің денінің сиқы осы. Алдына сырқат барса дереу ғаламторға үңіледі. Сонда олар өздерінің білімдеріне сенбейтін болғаны ма? Сырқат келген сәтте жарық сөніп қалса не кеңес айтады? Сондықтан дәрігер алдына келген науқастың қай жері ауырғанын, оған қандай ем қолдану қажеттігін қолмен ұстап білетін қабылетке ие болуы керек. Осыдан 30-40 жыл бұрынғы дәрігерлер диагнозды ешқандай ғаламторсыз, УЗИ-дің көмегенсіз қоятын және емдейтін. Қазіргі технология мен құрал-саймандар ол дәрігерлердің түсіне де кірген емес. Солай бола тұрса да адамдарда дәрігерге деген сенім жоғары еді. Ал бүгін бәрі бар, бірақ дәрігерге деген сенім жоқ. Сондықтан да сырқаттар шетелге барып емделгенді дұрыс көреді. Мүмкіндігі барлар Еуропа елдерін, Американы, Кореяны таңдайды. Тіпті, Өзбекстан асып, ем қабылдап қайтып жатқандардың қатары да көп және бұл үрдіс жыл санап қанат жаймаса төмендейтін түрі байқалмайды.

Осыдан кейін кімге де болса «егер адамдардың көпшілігі алыс-жақын шетелге барып ем қабылдаса соншама қымбат құрылғыларды сатып алып, емдеу орындарын несіне салып жатыр?» деген сұрақтың туындауы заңдылық. Расында сырқаттар жақсы ем іздеп шетел асса, дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, құрал-сайман сатып алып керегі не?

М. РАЙЫМБЕК.