«Резіңке» жұмыртқа, сасыған сусын...

Өзімізде өндіріледі ме, сырттан келіп жатыр ма?

 Соңғы кездері әлеуметтік желіде кейбір азық-түліктер мен тәтті сусындардың сапасыздығы туралы жиі көрсетілетін болды. Күнделікті қолданыстағы сусындардың қорабын ашқанда ішінен шыққан заттарды көргенде «осы біз не ішіп, не жеп жүрміз» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз.

 Мұндай тағам, сусын түрлері елімізде өндірілмесе керек-ті. Олар шекара асып шетелден келіп жатыр. Әсіресе, Қытай елінде жасалған тауарлар, оның ішінде тағам түрлері өте сапасыз, денсаулыққа кері әсер етеді. Біздің айтпағымыз: осы сапасыз тауарлардың барлығы ел аумағына қалай өтіп жатыр? Кедендік бақылау қызметі жұмыс істейді емес пе? Ендеше, неге ел аумағына кіретін әрбір зат жіті тексерілмейді?

Бұл сауалдың жауабын іздер болсақ, кеден саласындағы белең алған былықтарға назар аударуға тура келеді. Жақын жылдардың өзінде кеден саласында қызмет еткендердің бірінен соң бірінің сотталып, түрмеге тоғытылуының астарында көп құпия жатқаны айдан анық. Демек, мұндай сапасыз тауарлар шекараны айналып немесе бармақ басты, көз қыстымен өтіп кетуі бек мүмкін. Одан ортақ қазанға ақша түспегенімен, жекенің қалтасын толтыруға қызмет етеді. Ал оның зардабы қаншама адамға тиіп жатыр. Сапасыз өнімдердің салдарынан ағзасына сырқат жамағандардың санын ешкім де дөп басып айтып бере алмаса керек.

Жоғарыда біз айтқан мәселелер жөнінде неге тиісті орындар ресми түрде көпшіліке арнап мәлімет бермейді, болмаса жоққа шығармайды деп ойлайтынбыз. Жуырда Қырғыз елі Ош қаласының бір тұрғыны базардан алған жұмыртқаның сапасыздығын ғаламторға салды. Ол жерде қырғыз азаматы: «Біздің Ошта да осындай резинка жұмыртқалар жасалып жатыр екен», – деген болатын. Көп ұзамай Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты әлеуметтік денсаулықты сақтау комитетінің жетекшісі Жандарбек Бекшин қазақстандықтар арасында қызу талқыға түскен «резіңке» жұмыртқаларға қатысты пікір білдірді.

 Комитет жетекшісі алаңдаушылық тудырған түсірілімге байланысты Өскеменде арнайы тексеру жүргізілгенін жеткізді. Тексеру барысында ешқандай «резіңке» жұмыртқалар анықталмаған. Сол кезде «Бұл нағыз жалған ақпарат. Біз халықты сабырға шақырмақпыз. Қазақстанда мұндай жағдай болуы мүмкін емес», - деген болатын Ж.Бекшин мырза. Алайда, олар неге сусындардан шыққан жиркенішті зат түсірілген бейнеге қатысты ақпар бермеді. Әлде оның жалған екенін дәлелдей алмаған ба?  

 Бұдан кейін министрлікте отырғандар ғаламтордағы әрбір келеңсіздікті қалт жібермей бақылап отыруы тиіс секілді. «Резіңке» жұмыртқа секілді қолдан жасалып жатқан басқа да азық-түліктердің Қазақстанда өндірілмегенін, олардың еліміздегі сауда орындарында жоқ екендігіне кепілдік берсе, көңіліміз жайланар еді.