104-ке келген әже үйлі болсам деп армандайды

Арамызда жасы жүзден асқан адам көп емес. Сол себепті Бәйдібек ауданының Қошқар ата ауылында 104 жасқа келген әже тұрады дегенді естігенде елең ете қалғанымыз рас. Бүгінгідей барлығы жетілген, медицинасы дамыған, адамдардың әлеуметтік жағдайы жасалған заманда орта жас 70-80-нен көп аспай тұрғанда, ашаршылық көрген, небір қиындықтарды бастан өткерген кейуананың ұзақ жасауының сыры неде?

Алдымен екі ғасырдың куәгері болған әжені 8 наурыз мерекесімен құттықтау үшін телефон шалған едік. Бірақ, ол кісімен телефон арқылы тілдесу қиындық тудырғасын немересі Серіктің көмегіне жүгіндік.

- Аты-жөнім Қанаш Күзербаева, 1915 жылы 16-қаңтарда туылғанмын, – деді әже. – Туылған жерім Қаратау өлкесі Дәуренбек қыстауындағы Тамды әулие. Әкемнің аты Қожампатша, шешемнің есімі Айткүл, Шымыр руынанмын. Жанұяда 2 қыз, 1 бала болдық. Әкем сол қыстаудың би-болысы болып, шешем үй шаруасымен айналысқан. Әкем бай болғандықтан, 1928-1930 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, бар мал-мүлкіміз кәмпескеленді. Содан кейін әкемнің анасы - Ақанкүл әжемнің тәрбиесінде болдым.

Ақанкүл әже мені және әпкемнің жетім қалған екі баласын (Әбдікерім және Сайлаубекті) ертіп, әкемнің нағашыларына кетті. Біз содан Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Қазақы Шаңлақ ауылында тұрдық. 1930 жылдары сауат ашу науқаны жүріп, сабақ оқуға мүмкіндік алдық. 1930-1932 жылдары жағдай киындап, ашаршылық басталды. Адамдар сандалып, тамақ іздеп, тау-тауды кезіп кетті. Мен колхозда әртүрлі ауыр жұмыстар істедім.  

 Колхозда жүрген кезімде Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданына қарасты Қошқарата ауылында тұратын Шатай Күзербаевқа тұрмысқа шықтым. Бұл уақыт соғыстың басталуымен сәйкес келді. Отағамызды көзінің жарымжандығына байланысты соғыстан бронмен қалдырды. Одан кейін Ағаштысай колхозының малын бақтық. Ол кездегі басты ұран – бәрі де Жеңіс, Отан үшін болғандықтан, тынымсыз еңбек еттік. Майданға аттанғандардың артынан жылы киімдерін қолмен тоқып, айран, сүт, май, құрт жіберіп отырдық.

 Үкімет тарапынан 1943, 1944, 1945 жылдары Сталиннің арнайы медалімен марапатталдық. 1952 жылы бес колхоз бірігіп, Қазақстанның 30 жылдығы колхозы болып қайта құрылды. Осы колхоз кейін совхоз болып, 1968 жылға дейін, яғни зейнеткерлікке шыққанша сонда мал бақтық.

 Алланың берген 11 құрсағын көтердім. Үшеуі жастайынан шетінеп, қалған жеті қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірдім. Солардан 30 немере, 50 шөбере сүйіп отырмын. Отағасы 1987 жылы дүние салды. Алтын алқа, Ұлы Отан Соғысына теңестірілген және Тыл ардагері медальдарымен марапатталдым. Қазір Бәйдібек ауданы, Қошқар ата елді мекенінде тұрып жатырмын.

 Адамда арман таусылған ба? Менің денсаулығыма байланысты ауылдық жағдай сәйкес келмейді екен. Сол себепті осы жасқа келгенде қаладан бір пәтерге қол жеткізсем деп армандаймын. Жасы жүзден асқандарға күтуші де беріледі дегенді естідім. Олай болса тіпті жақсы болар еді. Ұлы сөзде ұят жоқ деген, ауылда әжетхана сыртта, әрі алыс. Жуынып-шайыну тағы қиын. Менің осы жасқа келгендегі өтінішімді әкімдер ескерсе екен деймін. Олардың да ата-анасы бар шығар, мен секілді жүз жасасам деп армандайтын шығар. Алла тілеулерін беріп, менің осы арманымның жүзеге асуына көмектессе екен деймін, қарағым».

 Қос ғасырдағы түрлі қиындықтардың куәсі болған Қанаш Күзербаеваның өтінішін жерге тастай алмай, газетте жариялап отырмыз. Біздің қолдан келер көмек осы ғана болып тұр.

Р.S. Газет беттеліп жатқанда Бәйдібек ауданындағы Борлысай ауылдық округінің әкімі Ғалым Шәбдезім хабарласып, Қанаш апаны мерекесімен құттықтағанын айтты. Бір құшақ гүл, тіске жұмсақ тәттілерін алып барған әкімге көп жасаған кейуана ақ батасын беріп, рахметін айтып шығарып салыпты.