Ілер болсаң жарнама, төл тіліңді қорлама

Бүгінде қала көшелеріндегі қате жарнамалардан көз сүрінеді. Мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілері. Тіл мамандары бұл сауатсыздық туралы айтып, дабыл қаққанымен, жарнамадағы қателер азаяр емес.

 Алматыда ономастика туралы заңның талаптарына сай келмейтін, орфографиялық қателіктерге толы жарнама билбордтардың күніне бірнешеуін көремін. Басым көпшілігінде жарнаманың қазақ тіліндегі нұсқасында қателіктер жиі кетіп жатады. Ономастика бойынша жаңа заңға жүгінсек, орфографиялық қателік үшін жарнама иесіне 10 нан 50 АЕК көлемінде айыппұл салынуы керек. Бір айлық есептік көрсеткіштің қазіргі таңда 2525 теңге екенін ескерсек, бұл жаза тым жеңіл секілді.

 Жарнама берушілер әріп қатесінен бөлек заңнама талаптарын орындау кезінде де жиі қателіктерге ұрынады. Көбінесе жарнаманың жоғары бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасы орналасады немесе қазақ тілінде мәлімет беруді мүлдем ұмытып кетеді. Әсіресе, дүкен сөрелеріндегі тауарлардың сыртындағы мәліметтерде орыс тіліндегі нұсқасы дұрыс жазылады да, мемлекеттік тіл нұсқасы қателіктерге толы болады. Бұл қазақ тілінің мәртебесіне де кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан жарнама берушілерге салынатын айыппұл аз деген ойдамыз.

 Алысқа бармай-ақ, қаланың орталық көшелеріндегі сауда орталықтары мен дүкендерде орын алып отырған жарнамалық олқылықтардың басым көпшілігі грамматикалық қателіктерден тұратынын көреміз. Кейде тіпті қазақ тіліндегі аудармаға қарап сөз мағынасын түсінбей жатамыз. Жақында Желтоқсан және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы бір ғимаратқа жұмыс бабымен бардым. Қайтарда көзім зергерлік бұйымдар дүкеніне түсті. Сол жерде кідіріп, дүкеннің сыртындағы жарнаманы оқи бастадым. «Изготовление на заказ. Ремонт. Оценка» деген орысша нұсқасын бірден түсіндім, ал қазақ тіліндегі жазуларға келгенде бірнеше рет оқып, сол күйі «Текшелетің жөндеу» тіркесінің мағынасын түсіне алмадым. Журналист ұстазыммен бірге бұл қателік Тіл туралы заңның 21-бабына сәйкес келмейтінін ескертіп, тез арада түзетуді талап еттік.

 Осы тұста «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жарнамадағы қателіктерді жою мәселесіне үлес қосу әр қазақстандықтың міндеті деп ойлаймын. Бүгiнгi күнде жарнаманың көбi орысшадан қазақшаға аударылатындықтан, тiл тазалығын сақтау мақсаты басты назарда болу керек. Сондықтан жарнама толықтай қазақ тiлiнде жазылып, сонан соң басқа тiлге аударылса және сауатсыз жарнамаланған тауарлар мен қызметтерге айыппұлдың құнын көбейтсе дұрыс болар еді. «Тіл сақшысы» секілді бағдарламалардың саны артса нұр үстіне нұр. Өкінішке орай, бүгінгі таңда бұл бағдарлама өз жұмысын аяқтады. Көптеген қателерді ашқан бағдарламаның не себепті жабылғандығы белгісіз. Мұндай жобалар керісінше жандануы тиіс емес пе еді?!