Жасанды сұлулық жарға жығып жүрмесін

Қазіргі уақытта еліміздегі хирургия, оның ішінде пластикалық хирургия саласы жақсы дамып келеді. Мамандарымыз кез-келген шетелдік хирургпен тең деңгейде ота жасай алады деп ауыз толтырып айтуға болады. Беттің әжімін кетіріп, көздің қабағын, қалқан құлақты, қисық мұрынды түзету сынды оталарды жасауды отандық дәрігерлеріміз жақсы меңгерді.

Пластикалық отаның бағасы әртүрлі. Ше­телмен салыстырғанда елімізде ана­ғұр­лым арзан. Салыстырмалы түрде «арзан» деп айтқанымызбен, қарапайым халық үшін қалтаға салмақ салатын сомма. Сонда да бағасына қарамастан, келбетін келісті ету пышақ көмегіне жүгініп жатқандар саны аз емес.

Бұл оталардың қажеттілігі қандай, пайдасы неде? Сән үшін пластикалық отаға жүгінетін отандастар саны неге артты? Осы сауалдардың төңірегінде зерттеу жүргізіп көрсек, біраз мәліметтерге қанығуға болады. Мәселен, елімізде бет-жақ әлпеттеріне ота жасай­тын­дардың тең жартысы жол апатына ұшы­рағандар немесе түрлі жағдайда орын алған оқыс оқиғаларда зардап шеккен адамдар көрінеді. Қалған жарты бөлігін өзінің сырт келбетіне көңілі толмайтын жандар құрайды. Ал, операцияға баратындардың 80 пайызы қыз-келіншектер екен. Олар қабағына қатпар салу, құлақ, мұрын, еріннің пішінін өзгерту, әжімін тарту, көкірек бездерін үлкейту, артық майдан арылу сияқты сұраныстармен жүгінеді. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, олардың бәріне бірдей операция жасалмайды. Себебі операцияға келген қыз-келіншектің, айталық құлағы, мұрны өзіне жарасып-ақ тұруы мүмкін. Тек жанындағы құрбысының «Мұрның пұшық немесе құлағың қисық» деген сөзін көңіліне алып, соған бола өзгертуді ойлағандар кездеседі. Сондықтан операция жасамас бұрын пациентпен психологиялық тұрғыда жан-жақты сөйлесіп, кеңес берілетіні орынды.

Соңғы уақытта қыздар арасында көкі­рек­ті үлкейту сәнге, тіпті дәстүрге айналды десек болады. Ардақты әжелеріміз бен аяулы аналарымыздың тарапынан «жасанды (си­ликон) кеуде бала емізгенде зия­нын тигізбей ме?» деген қарсылығы мен қорқынышы басым. Әрине, бұл қорқынышқа мән бермеуге де болмайды. Мамандардың айтуынша, көкіректі ұлғайтатын ар­найы силикондар ресейлік, қы­тайлық, америкалық болып бөлінеді екен. Бұл ота ем­шек безінің астындағы үлкен бұлшық етті кесіп, оның астына силикон қою арқылы жасалады. Уақыт өте келе әлгі зат теріге сіңіп кетеді. Бірақ, осы жерде бір нәрсені, дәлірек айтқанда, әр нәрсенің жарамдылық мерзімі болатынын ұмытпау керек. Оның үстіне табиғат жаратылысына өзгеріс енгізу – үлкен тәуекел. Сондықтан, жасанды сұлулық жарға жығып жүрмесін. Бәрібір табиғи жаратысқа ештеңе де жетпейді.