Оқушы тегін тамақтану үшін «жері жоқ» деген құжат не үшін қажет?

«Өзге пікір» газетінің жуырдағы нөмірлерінің өзінде мектеп асханаларындағы шешімін күткен мәселелерге қатысты бірнеше мақала жарияланған-ды. Сондықтан болар, редакцияға осы мәселе бойынша хабарласушылар қатары арта түсті. Сондай оқырманның бірі - Жетісай ауданындағы Асық ата кентінің тұрғыны Ақмарал Көлбаевадан келген хатта бірнеше мәселе қозғалыпты. Оқырманымыз былай деп жазады: «Бала кезімнен үшінші топ мүгедегі ретінде 35 мың теңге жәрдемақы аламын. Ол қаражат коммуналдық төлем мен дәрі-дәрмектен артылмайды. Қолымда 10 жасар немерем бар. Оны мектептегі бір мезгіл тегін тамақ ішетін балалардың тізіміне қосуды ұсынып едім, сынып жетекшісі керексіз неше түрлі құжаттар сұратты».

Көмек сұраған оқырманымызбен телефон арқылы хабарласқанымызда «мүмкін болса келіп, жағдайымызды көріп, көмек берсеңіздер» деп өтінген соң, өтінішін жерге тастай алмай, өткен апатада Жетісай ауданына сапарлап қайтқан едік. Арыз иесімен кездесіп, мән-жайды қайталап өзінен сұрап көрдік. Сөйтсек, әлгі сынып жетекшісі баланы тегін тамақтанатындардың тізіміне қосу үшін «жері жоқ» деген анықтама сұратыпты. «Жерімнің жоқтығын дәлелдейтіндей мен олардан жер сұрағаным жоқ қой. Мән-жайды басқа мектептегі ата-аналардан сұрап көрсем, ешкімнен де мұндай анықтама талап етпеген екен. Сонда бұл қайдан шыққан талап?», – дейді оқырманымыз ызаға булығып.

Бұл талаптың қайдан шыққанын, қаншалықты қисынды екенін сұрап білу үшін Асықата кентіндегі «Қайнар» мектеп-гимназиясының директоры Гулия Қойтановамен жолықтық. «Оқушы Нұрбақыт Әшімованың мәселесі бойынша маған ата-анасы келген емес. Талап етілген құжаттары сәйкес келер болса неге тегін тамақпен қамтамасыз етпеске? Қазір бізде 35 бала тегін тамақтанады. Солардың барлығы тиісті құжаттарды дайындаған. Нұрбақыттың әжесі сынып жетекшісіне барса барған шығар, бірақ маған келген емес», - дейді директор.

 Рас, А.Көлбаева директорға да, мектептің әлеуметтік педагогына да бармаған және мұны жоққа шығарып отыған жоқ. Сансыз құжаттарды сұратқан сынып жетекшісі екен. Бұдан кейін біз бұл мәселе жөнінде Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиевтың қабылдауында болдық. Бізді тыңдаған бөлім басшысы «Қайнар» мектебінің әлеуметтік педагогы Гүлбахрам Бердалиеваны шақырып, мәселенің мән-жайын сұрағанда: «Маған ол ата-ана мұндай мәселемен келген жоқ. Сынып жетекшісіне айтқан екен, маған келіп жолықсын дедім. Бірақ ол кісі келмеді», - деді ол. Бұл жауапқа қанағаттанбаған Т.Мырзалиев: «Мәселені білмесеңіз, мен айтайын. Мектептегі көп балалы, жағдайы төмен отбасыдан шыққан және жетім балалардың тізімі сізде болу керек. Және сіз олардың үйлеріне барып, хабар алып тұруға міндеттісіз. Тез арада баланың отбасылық жағдайымен барып танысып, бұл жөнінде мәлімет беріңіз. Құжаттарын дайындасын. Егер құжаты дайын болмаса қамқоршылық кеңестің шешімімен резервтегі тізім бойынша немесе демеушінің есебінен бала тегін тамақтанушылардың тізіміне қосылсын. Ол үйінде жағдайы болмай мектепке аш келсе, сіздер құжаты дайын емес деп тамақ бермесеңіздер, сонда қалай болады? Елбасымыз балаларға жағдай жаса деп тапсырма беріп жатқан жоқ па?», – деп қатаң ескерту жасады. Әрине, білім бөлімі басшысының уәжі орынды. Т.Мырзалиев біз сұратқан мәселеден хабарсыз екенін, алдағы уақытта назарда ұстайтынын айтқанда балалардың қамқоршысыз еместігін, оларға жаны ашитын ағаларының бар екеніне риза болып қалдық.

 Мектептегі бір реттік тегін тамақ мәселесі жайлы тереңірек білгіміз келіп, ғаламтордан «Ыстық тамақ стандарты» туралы мәлімет іздестірдік. Айтылып отырған тізімге ену үшін оқушының туу туралы куәлігі, жанұя құрамы туралы, тұрғылықты мекен-жайы бойынша анықтама, әлеуметтік жағдайын анықтайтын құжат (ата-анасының біреуінің қайтыс болуы, оралмандығы туралы, көпбалалы отбасы екендігі, жұмыссыздықты анықтау, қамқоршылық немесе қорғаншылық, мүгедек, ауруын анықтайтын құжат және тағы басқа), ата-анасының құжаттары: жеке куәлік, СТН, ӘЖК, сонымен бірге жұмыс орнынан анықтама, тұрғын жайын зерттеу актісі секілді құжаттар қажет екен. Ал ыстық тамаққа ұсынылатын оқушының ата-анасы «жері жоқ» деген анықтама өткізу қажеттігі жөнінде дерек таппадық. Ендеше бұл талап қайдан шықты? Сондай-ақ, бөлім басшысы ескерткендей, әлеуметтік педагог талапқа сай «Оқушылардың үйіне баруын тіркеу журналын» жүргізуі міндетті.

 Осы жайттан кейін араға 4-5 күн салып, аталмыш мектептің әлеуметтік педагогы Гүлбахрам Бердалиеваға қайта хабарласқанымызда ол кісі директормен ақылдасуды жоспарлап жүргенін, ол оқушы өзінде тіркеуде тұрмағанын айтты. Демек, әлі ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Оқушының отбасылық жағдайы анықталмаған, яғни мақалаға арқау болған А.Көлбаеваның отбасына барып, оның немересі Нұрбақыттың тұрмыстық ахуалын анықтауды әлі қажет деп таппаған деген сөз. Неге? Сонда мектептегі жауапты мамандардың жауапсыздығынан балалар қашанға дейін сабақта ашқұрсақ отыруы тиіс? Бәлкім оған аудандық білім бөлімінің басшысы емес, аудан әкімі тапсырма беруі қажет шығар? Сонда ғана қозғалады ма?