Қажетсіз көпір - қаржы шашу ғана емес пе?

Қаңтар айының соңғы күндері Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында үкімет мүшелері мен облыс, қала әкімдеріне бюджет қаржысын үнемдеуді тапсырған еді. Сол кезде: «Левый берег Кызылорда» деген шықты қазір. Астанада сол жағалау болса, оларда да болуы керек. Салдың делік, енді көпір керек, ЖЭЦ салу керек, құбыр өткізу керек. Қызылорданың оң жағалауында жер жоқ па, сонда? Бас жоспарды біз жасаймыз, өзгерістер енгіземіз. Мен қарсы емеспін, бірақ қандай ақша шығындалатынын қарау керек. «Енді кімнің «левый берегі» бар тағы? Павлодар салсын, Өскемен салсын. Тағы кім бар, Орал салсын. Мұнымен қоса қосымша үй салу үшін құбыр жеткізетін боламыз, жол мен көпір саламыз... Адам сияқты берген ақшаға қожа болсаңдаршы. Мемлекеттің ақшасын неге үнемдемейсіңдер?» - деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазынаның қаржысын мақсатсыз шашқандарға бұдан артық қандай ескерту қажет? Әрине, ескертулер бұрын да жасалған, болашақта да жалғаса береді. Алайда, одан қорытынды шығармаса не пайда? Айталық, Түркістан облысы аумағында, Шымкент қаласында қажетсіз, халық толыққанды пайдаланбайтын үлкен нысандар бар. Соның бірнешеуін тізбектеп көрелік.

Адамдар үшін ең қажетті нысандардың бірі көпір екенінде ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, қалың көпшілік пайдаланбайтын көпірдің қажеті қанша? Мәселен, Шымкент-Тараз бағытындағы үлкен жолдың Машат асуынан өткен тұсында екі үлкен аспалы көпір салынған. Одан әрлі-берлі, апыр-топыр өтіп жатқан адамды көрмейсіз. Өйткені, ол маңда тығыз орналасқан ауыл немесе кент жоқ. Дәл сол тұста темір жол станциясы болса түсінер едік, поездан түскен жолаушылар жолдың келесі бетіне өту үшін сол көпірді пайдаланар еді. Ал ол жерде станция тұрмақ автобустар жиі тоқтайтын аялдама да жоқ қой. Сонда мұны қазынаның пәленбай ақшасын жұмсап не үшін салды деген сауал туындайды. Бұл дегеніміз қазынаның қаражатын желге шашу емес пе? 

 Осындай керексіз көпір Жетісай қаласына кіре беріс тұсында да бар. Каналдың үстінен өткізілген қос көпір бәлкім болашақта қаланы көркейту үшін керек болған шығар, бірақ оны бүгінде пайдаланушылардың тым аздығына қарап «мұның орнына мектеп, балабақша немесе көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй салынса әлдеқайда пайдалы, әрі сауап іс болар ма еді» деген ой келеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласындағы 18 шағын ауданда да үлкен аспалы көпір пайдалануға берілді. Оның жарнамасы керемет болғаны жергілікті тұрғындардың әлі де есінде болар. Алайда, көпір пайдалануға берілді деген аты болмаса, оны да пайдаланып жатқан нөпір халықты көрмейсің. Соған ұқсас тағы бір көпір құрылысының Шымкенттің Жаңа шаһар аумағында басталғанына үш жылдай болды. Бұйыртса сақалды құрылыс биыл аяқталады деген болжам бар. Бірақ онымен де адамдардың жүріп-тұруы екіталай-ау.

Келес ауданының орталығы Абай ауылында өткен жылы пайдалануға берілген көпір жолаушылардың қандай қажетін өтеп жатқанын қайдам, бірақ, ойын балалары үшін жақсы ермек болған сияқты. Ал адамдар сол баяғыша жолды кесіп өте береді. Осы көпірдің халыққа қаншалықты пайдасы тиіп жатқандығын жергілікті тұрғындардан артық ешкім айтып бере алмайды ғой деген оймен келестік Жеңіс Ережеповты әңгімеге тартып көрдік. «Неге салғанын кім білсін, біреуге керек болған шығар, әйтеуір салды ғой. Мен үшін осының түкке де керегі жоқ еді. Бұрын жолда бағдаршам бар болатын, сонымен де өте беретін. Бағдаршамды алып, осыны тұрғызды. Көріп тұрсыздар, адамдар бәрібір жолды кесіп өтуде. Есесіне, көпір балаларға түсіп-шығып ойнауға жақсы болды», - деді ол.

 Биыл Шымкентте Бадам өзенінің үстінен өтетін тағы бір көпір құрылысы басталды. Еңбекші ауданындағы жауапты мамандар ол жерге алты жолақты кең көпірдің салынатынын айтады. Көпірдің кеңейгені жолаушыларға жақсы ғой, бірақ, сол көпір біржолақты кезінде де кептеліс орын алмайтын. Сонда алты жолақты алып көпірдің ауыл арасындағы жолға не қажеттілігі болды екен? Үлкен көпір салу үшін бірнеше үй бұзылды, тағы бұзылады. Әрине, мұның барлығы артық шығын.

Шымкентте көпірмен қатар ешкімге қажетсіз жер асты жолдары да аз емес. Соның бірі – пайдалануға берілгеніне аса көп уақыт өте қоймаған Дендробақ алдындағы жер асты жолы. Соны кім үшін салғанына әліге дейін жауап таба алмай келеміз. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.

Иә, дәл қазір Түркістан облысында да, Шымкент қаласында да құрылысты жақсы түсінетін, бюджетті қалай тиімді пайдаланудың тетіктерін білетін әкімдер отыр. Демек, алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол берілмейді деген сенімдеміз. Дұрысы, қандай нысан болсын салуды жоспарламас бұрын сол саланың мамандары жергілікті тұрғындармен терең ақылдасып, жеті рет өлшеп барып бір рет кесу қажет. Елбасы халықпен жиі кездесу қажеттігін ескерткенде осы мәселелерге де мән бергені даусыз. Демек алдағы уақытта кез келген ірі жоба жергілікті халықпен ақылдасудан басталып, содан кейін жүзеге асса мұндай кемшіліктерге жол берілмесі анық.