Табанының астында жұмақ жатқан аналар қалай құрметтеліп жүр?

Жұмақ – аналардың аяғының астында. Бұл жалған өмірде осыдан асқан теңеу бар ма? Әрине, жоқ. Болуы да мүмкін емес. Бұл - асыл дінімізде де, қоғамда да аналарға деген құрметтің айрықша екенін көрсетсе керек. Әрине, аналарға қамқорлық көрсету – ең алыдмен перзенттері үшін парыз. Сонымен қатар, қоғам, әсіресе билік басындағы азаматтардың да аналарға құрмет көрсетуі өте маңызды. Өйткені, ертеңгі күні елге қызмет ететін алып та, батыр да, ғалым да, бәрі-бәрі анадан туады.

Күні кеше ғана Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аудандардан келген 200-ден астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне, тыл еңбеккерлеріне мерекелік дастархан жайып, сый-сияпат көрсетті. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен әйелдер қауымының құрметіне тек ер азаматтардың қатысуымен сенбілік ұйымдастырылды. Ал аудан әкімдіктері тарапынан аналарымыз қалай құрметтеліп жатыр?

Бәйдібек ауданында (аудан әкімі Бақытбек Танакөзов): 214 «Батыр ана», 834 «Алтын алқа», 1192 «Күміс алқа» медалімен марапатталғандар бар. Батыр ана және Алтын алқа иелеріне 3, Күміс алқа иелеріне 2 айлықтық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілді. Сонымен бірге аудандық аурухана 72, полиция бөлімі 20 көп балалы отбасыға бір жілік ет, бір қап ұн, май, тағы басқа заттардан құралған азық-түлік себетін үлестірген.

Төлеби ауданында (аудан әкімі Бауыржан Омарбеков): Өткен жылы 322 ана, биыл жыл басынан бері 34 ана емдеу сауықтыру орталықтары мен шипажайларға жіберілген. Мұндай игілікті іс жыл соңына дейін жалғасын табады. Өткен аптада аудандағы 100 батыр анаға құрмет көрсетіліп, олар «Домалақ ана», «Арыстанбаб» және рухани астанамыз Түркістан қаласындағы А.Ясауи кесенесіне зиярат етіп қайтты. Сонымен қатар, 1 наурыз - Алғыс айту күні мерекесіне орай аудандағы жағдайы төмен, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға арнайы дастархан жайылып, аудан әкімдігінің атынан мерекелік сый тарту етілді.

 Отырар ауданында (аудан әкімі Ерлан Айтаханов): Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа, бірінші және екінші дәрежелі «Даңқ» ордені иегерлер саны - 2200. Олардың барлығына мереке қарсаңында екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы тағайындалып, жеке есеп қорларына аударылды. Сонымен бірге төрт-бес баласы бар аз қамтылған аналарға аудан әкімі атынан арнайы құттықтау жіберіліп, сый-сияпат жасалды, азық-түлік себеті үлестірілді. Бұған дейін аудандық прокуратура, сот және мәслихат тарапынан көп балалы аналарға жәрдем берілді.

 Келес ауданында (аудан әкімі Ахментай Есбаев): Көпбалалы отбасылар саны – 10 298. Оның ішінде 21 жасқа дейінгі төрт және одан көп баласы бар аналар саны – 5091. Батыр аналар - 246, Алтын алқамен марапатталғандар – 1223, Күміс алқа иелері – 3395 және 1-2 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталағандар – 343.

 Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы тұрғын үй көмегін алу үшін 15 көп балалы отбасына қаржылай көмек көрсетілді. Сауықтыру орындарына ем алу үшін жыл басынан бері 64 көп балалы анаға жолдама берілді.

Аудан әкімдігі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Абай ауылындағы «Ауес» сауда орталығында тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік дүкен ашылды. Ол арқылы аудандағы 78 отбасыға жарамды киімдер, азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті және мектепке қажетті кеңсе заттары берілді.

 Шардара ауданында (аудан әкімі Болатбек Қыстауов): Мереке қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтылған 165 отбасыға 9900 келі сегіз түрлі азық-түлік таратылған. Сондай-ақ, аудандағы үш мыңнан аса анаға екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік жәрдемақы төленген. Мұндай көмек әр тоқсан сайын қайталанып отырады екен.

 Әрине, біз ананы ардақтаған аудандарды бірінен бірін бөле жарып қарамай, барлығына ортақ сұрау салған болатынбыз. Бірақ, жоғарыда аталған аудандардан өзгесі нақты мәлімет жібермеді. Олар аналар қауымын мереке қарсаңында құттықтап, құрметтеуді ұмытып кетті ме, әлде мүлдем жұмыс жүргізілмеді ме, ол жағы белгісіз. Бәлкім, мың сан шаруаның арасынан уақыт та таппаған болар?

Қалай болғанда да жылына бір айналып келетін айтулы мерекеде халқымыздың демографиясына үлес қосып жүрген Батыр аналарға көңіл аударып, халін сұрап, азын-аулақ сый-сияпат жасап қойғанға не жетсін! Аналар қандай құрметке болса да лайық. Уақыт бәріне емші дейді ғой. Алайда, ана құрметсіз қалса, олардың жүрегіне түскен жара жазыла қояр ма екен? Осыны ұмытпасақ екен.