Әлеумет Қоғам

«Дәретті далада алдым»

Сайтымыздың өткен нөмірінде «Алла үйі ма, қоқыс алаңы ма? Теріскейдегі келеңсіз көрініс көңіл құлазытады», – деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Онда Созақ ауданының орталығы — Шолаққорған ауылындағы мешіттің қазіргі жай-күйі сөз болған еді.  

Осы мақалада көтерілген мәселеге байланысты редакциямызға Созақ ауданының тумасы, бүгінде Шымкентте тұратын Амангелді Әдіш деген азамат хабарласты. «Мен Шымкентте тұрсам да туған жерім — Созақ ауданында болып жатқан жетістіктерге қуанамын, — дейді оқырманымыз. – Ал, кемішліктер орын алса әттеген-айлап қаламын. Газеттен мешіт жайлы жазылған мақаланы оқып, ондағы жағдайға жүрегім ауырса да шындықтың жазылғанына риза болып отырмын. Осыны кім көтереді деп жүр едім.

Ауылға барғанда мешітке соғып, намазымды оқып өтемін. Соңғы рет маусым айында барғанда шашылған қоқысты көріп, мұны тазалайтын адам жоқ па деп ойлағанмын. Ең сорақысы, дәрет алатын жер таппай, амалсыздан баклашкаға мұздай су құйып, далада отырып дәрет алуыма тура келді. Ол кезде күн жылы болатын, ал қазір, алдағы қыста жағдайдың қиындайтыны түсінікті. Әжетханасына адам кіріп болмайды. Мешіттің бұлайша қараусыз күйде жатуы сол құлшылық үйінің имамына да көп байланысты. Жамағатқа жағдайды түсіндіріп, жәрдем сұраса көмектесетіндер көп деп ойлаймын.

Мәселен, біз Таукентте мешіт салдық. Сол мешітті жергілікті жамағат өз күштерімен тұрғызды. Соның басы-қасында Есенбек Керімов деген азамат жүрді. Ол кісі қазір өмірден озды. Есенбек қария мешіт үшін жер алып, жамағатқа басшылық жасады. Бүгінде Нұрғиса Қойшыбаев имамдық ететін құлшылық үйінің төңірегі қоршалып, әдемі көрініске ие болды. Адамдар біріксе бітпейтін тірлік болмайды. Шолаққорғандықтарда бірлік жоқ деп айта алмаймын, тек соған ұйытқы болатын, дұрыс ұйымдастыратын біреу табылмай тұр».

Амангелді ағамыздың айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Шынында да Шолаққорғандағы орталық мешітке жанашыр имам келмейінше немесе жергілікті атқарушы билік демеушілерді ұйымдастыру арқылы жәрдем бермейінше бұл келеңсіз көріністің ұзаққа созылатын түрі бар. Ал бұл бүкіл созақтықтардың намысын қамшылайтын жайт болса керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *