Халқымызда тағамның ұлттық түрі қазақша ет болса, қонақтарға тартылатын табақтың үлкені сойылған қойдың басы болып табылады. Қонақ шақырып, мал сойып, ет асқанда, әрбір қонаққа тартылатын сыбаға жіліктерді қазанға салғанда оған аса мән берген. Мәселен, кәделі мүшелерді үлестіруде үлкен мағына бар. Асылған еттің мүшелері мен жіліктерін арнайы бір адамға ұсыну қандай да бір ниет қылу, жастарға тәлім-тәрбие беру және бағыт-бағдар көрсету үшін жасалған керемет дәстүр.
Жылқының басы екі, ал сиырдың басы үш бөлікке бөлінеді. Ірі қара малдың тұмсығы шабылады. Содан соң бас құйқасын сыпырып, аршып тастағандықтан ол таза болып тартылады. Ал қойдың басы құйқа терісімен бірге қойылады. Сондықтан оны тазалап үйітуге және жууға баса назар аудару керек. Үйітілген, жуылған қой мен ешкі басының жағын айыру қажет. Қой немесе ешкінің піскен басының маңдайы қасқаланып тілініп, бір құлағы кесіледі. Көнекөздер бұл бастың құйқасының дұрыс піскенін я піспегенін анықтау үшін жасалады деп түсіндіреді.
Бас міндетті түрде бөлек табаққа салынуы тиіс. Себебі ол жасы үлкен қарияға, әулеттің үлкеніне немесе құданың алдына қойылады. Бас тартылған қария оны өзі жеп тастамай, ауыз тиген соң жанында отырғандарға кәделерін үлестіре бастайды.
Көз — бастың ең кәделі мүшесі болғандықтан оны өзімен қатарлас, құрдас, сыйлы адамға ұсынады. «Бірімізді біріміз алыстан көріп, сәлеміміз түзу болсын» деп жатады. Ал кейбір жерлерде көз басқаша беріледі. Мәселен, бір кісі құдасының үйіне немесе басқа ауылға қыдырып барғанда бас ұстаса, перзентіне немесе басқа да жақын адамына көз қырын салып жүрсін деген ниетпен сол ауылға абыройы бар адамға көзді ұсынады.
Желкесін кесіп алып, жас та болса, бас болып жүрген табысты ер кісіге асатады. “Желкең күжірейіп, өссін!” дейді. Таңдайды алып, әнші болам деп ниет қылған қыз баланың немесе кішкентай ұл баланың алақанына ұрады, ол бірден шап беріп ұстаса, «жезтаңдай әнші бола ғой» деп, бата береді. Құлақ үйдің кішілеріне бұйырады. «Құлағың әрдайым түрік болсын, ата ұлағатын ұйып тыңда, ақылына құлақ ас» деген сөздермен балаға құлақ ұсынылады.
Езуінен ұсақтап кесіп алып, жақын отырғандарға «езулеріңнен күлкі, жүздеріңнен қуаныш кетпесін» деп ауыз тигізеді. Ары қарай дастархан басында отырған сыйлы қонақтардың есімдері аталып, басты табағымен ұзатып жібереді.
Қонаққа бас тарту кәдесінде жіберген кемшіліктері үшін қазақ халқының батыры Бауыржан Момышұлы келіні Зейнеп Ахметоваға былай деген екен: «Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің — басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің — қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл ең алдымен тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар — талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам: «Ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау», — деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің — басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол — «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек…»