Тәуелсіздікке тарту Түркістан облысының барлық аудандарында жалғасын тауып жатыр. Бір жерлерде мектеп ашылуда, енді бірінде тұрғындарға жол мен газ беріп қуантып жатыр. Әрине оның барлығы керек. Бірақ, бүгінгі жетістікпен, Тәуелсіздікке қол жеткізуімізге себепкер болған тұлғаларды да естен шығармаған абзал. Бұл жөнінде Мақтаарал ауданында атқарылған игі істі өзгелерге үлгі ретінде көрсетуге әбден болатын секілді.
Еліміз Тәуелсіздігінің 28 жылдық мерекесі қарсаңында, Мақтаарал ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналып аудан орталығы Мырзакенттегі С.Қожанов көшесінің бойынан ескерткіші ашылды. Сонымен қатар, «Айару» мейрамханасында қайраткердің рухына арналып ас берілді.
Кәсіпкер-меценат, республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Оңғарбаевтың тікелей демеушілігімен тұрғызылған ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, қазақтың біртуар арда азаматы жайлы сөз сөйледі.
«Қадірлі жерлестер!Бізге ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болған Сұлтанбек Қожанов сияқты бабаларымызды кейінгі ұрпаққа өнеге етуіміз керек. Ол үшін бүгінгідей ашылып отырған ескерткіштердің маңызы зор. Ескерткішті орнтауға демеушілік көрсеткен меценат-кәсіпкер Бауыржан Оңғарбаев мырзаға алғысымды білдіре отырып, баршамызды Сұлтанбек Қожанов бабамыздың әруағы қолдасын деп тілеймін!» – деген Бақыт Насырханұлы кәсіпкер Бауыржан Оңғарбаевты алғыс хатымен марапаттап, иығына шапан жапты.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалардың көшелеріне С.Қожановтың есімі берілген. Облыс орталығы Түркістанда ескерткіші қойылған. Сонымен қатар, 1994 жылы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттің «Советская» көшесіне Сұлтанбек Қожановтың есімі берілген болатын.
Оқырманға түсіндірер болсақ, Мырзакенттегі С.Қожанов көшесінің ұзындығы 4,1 шақырымды құрайды. Кенттегі ең ұзын әрі орталық көше осы. Биыл С.Қожанов көшесінің бордюрлары жөндеуден өтіп, гүлдер егілді. Жарықтандыру, басқа да абаттандыру жұмыстары жасалып, көше аудан орталығының бет-бейнесіне айналды.
Мақтааралдықтардың Тәуелсіздікке жасаған мұндай тартуы, көпшіліктің көңілінен шықты. Ал, ауыл қариялары «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзді айтып, кәсіпкер Б.Оңғарбаевқа алдағы уақытта да тарихта із қалдырған қазақ азаматтарын қолдай беруге шақырды.