Ислам дінінің түсінігінде отбасы – перзент бойында мейірімділік пен сүйіспеншілік қалыптастыратын қасиетті шаңырақ. Сол себепті шариғатта отбасының екі тірегі — әке-шешеге айрықша мән-маңыз беріліп, Алла Тағаланың Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауға бұйырғаны үнемі еске алынып, көптеген ізгі іс, ақыл-кеңес ата-ананы аялауға арналады.
Хазреті Имам Нәсәфи былай деген: Ата-ананың баласында сексенге жуық ақысы бар. олардың 40-ы тірі кезінде, 40-ы қайтыс болғаннан кейін орындалады. Тірі кезіндегі он ақысы дене мүшемен, оны тілмен, оны жүрекпен (көңілмен), қалған оны ақшалай өтеледі.
Дене мүшелерімен атқарылатын он ақысы
- Оларға қызмет етіп, разылығын алу.
Хадис шарифтерде былай делінеді: «Ата-анасына қызмет еткен адамның өмірі ұзақ әрі берекелі болады». «Дінге сай қызметтерімен ата-анасын қуантқан адам Алла Тағланы қуантқан болады. Ал оларды ашуландырған адам Алла Тағланы ашуландырған болады».
Хазреті Хасан Басри Қағбаны тауаф етіп жүріп жүк арқалаған бір кісіні көріп:
— Не үшін жүгіңмен тауаф етіп жүрсің? – дейді.
— Арқамдағы жүк емес, менің әкем. Оны шамамен 7 мәрте арқалап әкеліп, тауаф етіп жүрмін. Себебі маған дінімді, иманымды үйретті. Мені исламның көркем мінезімен тәрбиеледі, — деп жауап береді. Сонда хазреті Хасан Басри:
— Әкеңді қияметке дейін осылай арқалап өтсең де бір рет ренжітетін болсаң бұл жақсылықтарыңның бәрі босқа кетеді. Егер бір рет қуантатын болсаң, осыншама қызметтердің сауабына қауышасың, — дейді.
Ата-анаға лайықты түрде құрмет көрсете білу керек, оларға қызметте кемшілікке жол бермеу керек. Хазреті Ибни Аббас: «Ата-анаңның алдында кінәлі, әлсіз, кедей бір құлдың қатал, дөрекі қожайынына деген құрметіндей бол!» деген.
Анаға құрмет және қызмет әкеден бұрын келеді. Хадис шарифтерде былай делінеді: «Анаға жасаған жақсылықтың сауабы екі есеге көп болады». «Бірінші анаңа, екінші әкеңе, кейін әпке-қарындасыңа, аға-ініңе, кейін ретімен қалған туыстарыңа жақсылық жаса!».
«Уа, Расулалла! Менің анам мүшрик. Оған жақсылық жасауым жаиз ба?», — деп сұраған адамға Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Иә, анаңа жақсылық жаса және оны құрметте!», — деді. (ӘбуДәуід).
- Үнемі жақсылық жасау керек. Ата-анаға сый-құрмет көрсету және жақсылық жасау парыз.
Хадис шарифтерде былай делінеді: «Ата-анасына жақсылық жасаған бала пайғамбарлармен бірге жәннатқа кіреді». «Ең құнды амал – уақытында оқылған намаздан кейін ата-анаға жақсылық жасау». (Муслим).