Әлеумет Қоғам Құқық

«Пара сұрап отыр ма?»

Редакцияға хабарласқан оқырманымыздың бірі, шымкенттік Амангелді Жетібаев былай дейді. «Ел аузында «Әкесін сабағанды көріп едім, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды бірінші көруім», – деген мысқыл сөз бар. Сол айтқандай пара алу, оған қарсы шаралар қолдану жайында естіп, көріп жүрміз. Бірақ парақорлыққа насихаттауды бірінші рет кездестірдім. Сырқаттанған енемді қаладағы жекеменшік емдеу орталықтарының біріне алып барғанда қабырғадағы жазуды көріп, өз көзіме өзім сенбедім. Мейлі ол жекеменшік болсын, бірақ адам емдейтін мекеменің бұл насихаты көзіме біртүрлі қораш көрінді.

«Ажал келіп есік қаққанда, дәрігерді құдайдай көреді. Дәрігер емдеуге кіріскенде, оны періштедей көреді. Науқасты емдеп жазғанда, оны қарапайым адамдай көреді. Ал еңбегінің ақысын сұрағанда, оған жын көргендей қарайды». Қабырғаға ілінген бұл «нақыл сөзді» насихаттау арқылы аталған емдеу орталығының дәрігерлері өздерінің ем-домының тегін емес екенін ескертіп отырғаны ма, әлде жалпы дәрігерлер қауымына қатысты жайтты айтып отыр ма? Бәлкім менің ойым дұрыс емес шығар, дегенмен жекелей емес, жалпы дәрігер қауымын айтып отырғанына қарап, мен мұны «дәрігерлерге пара беру керек» деп түсіндім. Сондықтан осы жазбаны Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысына ватсап желісі арқылы жібердім. Оларға жазудың қайда тұрғанының барлығын көрсеттім. Сондықтан бұл мәселеде бір шешім шығарар деген ойдамын.

Жекеменшік емдеу мекемелерінің ақылы екенін барлығымыз жақсы береміз. Бірақ, емдеу ақысын науқасты қаратпай тұрып, яғни алдын ала касса арқылы төлейсің. Сол себепті «еңбегінің ақысын сұрағанда…» дегеннің астарынан «пара сұрасаң» деген мағынаны оқыдым. Бұл менің жеке ойым».

Дәрігерлердің бұл ескертуін «пара сұрап отыр» деп түсінген оқырманның пікірін біржақты қолдауға да, теріске шығаруға да болмайды. Ал Амангелді мырзаның ресми сауалына басқарма басшылары қандай жауап айтар екен? Жауап келген жағдайда онымен бөлісуге біз әзірміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *