Әлеумет Қоғам

Қатерлі ісік бір күнде анықталады

Түркістан облысы Отырар аудандық орталық емханада қатерлі ісік ауруын айқындаудың жаңа жүйесі қолға алыныпты. Шалғай ауданда орналасқан емдеу мекемесі қызметкерлерінің бұл бастамалары «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры Диляра Хайдарова мен бас дәрігері Нұрлан Балтабеков және еліміздің барлық онкологиялық орталықтардың бас дәрігерлерінің назарын аударды.

«Халықаралық қатерлі ісікпен күрес күніне» орай өңірімізде ұйымдастырылған онкүндік аясында іссапармен келген жұмысшы топ өкілдері алдымен үйлестіру кеңесінде бас қосып, соңынан жергілікті деңгейде қатерлі ісік ауруымен күрестің қалай жүргізіліп жатқандығын көрді. Отырар аудандық емханасының бас дәрігері, білікті маман Райымбек Тасырбаевтың айтуынша, науқаста қатерлі ісік белгілері байқалған жағдайда бірден жасыл дәлізге өткізіліп, шұғыл түрде бір күннің ішінде барлық қажетті тексеруден өткізіледі. Қолына жасыл білезік тағылып, ешбір кезексіз және барлығы да дәрігердің тікелей бақылауымен жүргізіледі.

Жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба білікті дәрігерлер тарапынан қолдау табуда. Себебі ауруды асқындырмай, дер кезінде анықтау өте маңызды. Өкінішке орай, онкологиялық дертке шалдыққан азаматтардың 70 пайызы дәрігерге аурудың төменгі сатыларында, яғни, кеш көрінеді. Бүгінгі таңда ауданда 209 науқас дәл осы аурумен есепте тұрады.  

«Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» бас дәрігері Балтабеков Нұрлан Тұрсынұлы сапар барасында емхана дәрігерлерінің біліктілік деңгейлерін де тексерді. Өзі дәрігерге келіп көрінуші ретінде отырып, барлық кабинеттердің қандай дәрежеде екендігіне көз жеткізді. Емхана мамандарына дәл емтихан кезіндегідей сұрақтарын жаудырды. Нәтиже бойынша Отырар аудандық емхана қызметкерлерінің білім деңгейі жоғары бағаланды.

Жалпы, облыс бойынша сегіз мыңнан астам адам қатерлі ісік аурымен тіркелген. Кең тараған түрлері – сүт безі, өкпе, бауыр, асқазан обыры саналады. Онкологиялық науқастардың жас ерекшеліктері көбінесе 55 пен 79 жас аралығындағылар екені белгілі. Отырарда қолға алынған бұл бастама ауданда ғана емес, облыс көлемінде қатерлі ісіктің алдын алып, оның санын кемітеді деген сенім бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *