Өмірдің өзі

Орыс келінін ренжіткеніне өкінумен өтті

Жасыратыны жоқ, қазақтың дені қазір алыс сапарларға демалуға емес, той мен асқа ғана баратын болды ғой. Мен де жуырда осы мақсатта Алматыға жол жүрдім. Сыныптасым келін түсірген. Ауа райының қолайсыздығына байланысты поездан басқа ыңғайлы көлік болмады.

Жайшылықта адамдар бір-бірімен ашылып, шүйіркелесіп сөйлеспейтін де болды ғой. Ал алыс жолға шыққанның бір жақсысы – сапарлас адамыңмен асықпай әңгіме өрбітіп, түрлі тақырыптар төңірегінде ой бөлісуге, пікір алмасуға мүмкіндік ашылады. Сондай кезде жүрегі таза, ниеті түзу жақсы адамдармен сапарлас болсаңыз, жолыңыздың болғаны дей беріңіз. Бұл жолғы сапарласым жақсы адам болып шықты. Әңгімеміз де ә-дегеннен-ақ жараса кетті.

Зейнет жасындағы ағамыз Түркістандағы жиенінің тойынан қайтқан беті екен. Өзі әскери маман ретінде КСРО кезінде өзге республикаларда қызмет атқарыпты. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін өзіміздің қорғаныс саламызға тәжірибелі, білікті мамандар керек болып, Елбасының шақыртуымен елге оралған. Әскери адам болса да мінезі жайлы, өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей көргені, отбасылық қарым-қатынастың әрбір сәтін жүрегімен қабылдайтыны әңгімесінен сезіледі. «Үйдегі жеңгеңді «ана жаққа» аттандырғанымызға төрт жылдың жүзі болды, — дейді сапарласым. — Қазір келіннің қолына қарап отырған жайым бар. Келінім бар жағдайымды жасайды. Өзім бүкіл «союзды» аралап шыққан адаммын. Шүкір, өмірге артар өкпем, тағдырға налитын жайым жоқ. Бірақ, жеңгемнің өмірінің соңындағы өкініші есімнен бір кетпейді.

1980-жылдары жұмыс бабымен Украинада жүргенімде ауылдағы ағам дүние салып, қырық күндік асына келдім. Жеңгем де төсек тартып жатып қалыпты. Ермек есімді жалғыз ұлы бар еді. Сол Ермек Ольга есімді орыс қызға үйленіпті. Келіні енесінің жағдайын жасап, жүгіріп жүр. Үлкенге де, кішіге де сәлемін салады. Басынан орамалын тастамайды.

Ұлы сөзде ұят жоқ қой, жеңгемнің кіші, үлкен дәретін де тазалап жүргенін естігенде тіптен риза болдым. Орнынан тұра алмайтын жеңгемнің үсті-басы тап-таза, аппақ төсекте жатыр. Бірнеше күн сол үйде болып байқағаным, жеңгем сол орыс келінге күн көрсетпейді екен. Отырса опақ, тұрса сопақ қыла береді. Оңаша қалғанда неге жөнді-жөнсіз тиісе беретінін сұрадым. Сөйтсем, жеңгемнің реніші оның мінезіне емес, басқада екен. «Орыс қой. Дұрыстап құда шақырып, араласа да алмадық. Балама алмайсың деп Құдайдың зарын қылдым. Енді кет десем де кетпейді. Балам ажыраспайды», – деп сайрап отыр жеңгем. Тағы бір байқағаным, жеңгем көршілерінің сөзіне еретін секілді. Үлкен қызының да орыс келінді жақтырмайтынын сөздерінен аңғаруға болады. Біреудің отбасындағы жағдайға қалай араласасың, дегенмен, ақылымды айтып, қайтып кеттім.

Әскери қызметкер болғасын ағайынмен жиі араласудың сәті түсе бермейді. Ауылға сол кеткеннен бес-алты жыл бойы қайта бара алмадым. Бір жылғы еңбек демалысымда «ауылға барып, ағарған ішіп, құрт-май жеп, кіндік қаным тамған туған жерімде біраз күн аунап-қунап қайтайыншы» деп жоспарладым. Біраз күн үйде болғанымда ағамның да үйіне кіріп, жеңгемнің халін сұрадым. Үйге кірген бойда бірінші байқағаным – жеңгемнің бұрынғы күйі жоқ. Оның себебі әңгіме арасында белгілі болды. Баяғы әдетімен орыс келінді қызы екеуі екі жақтап жамандай бергесін күйеуінің де көңілі суыған көрінеді. Ол сезімі бірте-бірте жек көрушілікке ұласып, ақыры келінге жиі қол көтеретін болған. Осылайша отбасыдан береке кетіп, оған күйінген бала ішімдікке салыныпты. Орыс келін де тірі жан ғой, мұндай қорлыққа шыдамай, ақыры төркініне – Ресейге кетіп қалыпты. Інімнің әжептеуір жұмысы бар еді. Одан да шығып қалған.

Соқа басы сопиып қашанғы жүрсін, арада біраз уақыт өткенде тағы бір шүйкебасты келін етіп түсіріпті. Бірақ, бұған дейін де есік көріп үлгерген екінші келін де бірге ұзақ тұра алмастан ажырасып кетіпті. Күйеуімен қарым-қатынасы нашар келін енесіне қайбір қарайды дейсің? Асты-үстін тазалау былай тұрсын, тіпті тамақты да қаласа береді, қаламаса бермейді. Бұрынғыдай күн сайын киімін жуып, төсегін ауыстырып отыратын келін жоқ. Кір-қожалақ, бөлме ішін қоламса иіс басқан. Орыс келінге күн бермейтін қыз да жұмыстан қол тимейді деп аптасына бір келеді екен.

Осындай қиын күндерді бастан өткеріп жүрген жеңгем мені көргенде жылап жіберді. Өзінің оңбай қателескенін мойындап отыр. Енді баласына күнде «Ресейге барып, орыс келін мен немерелерді алып кел» деп құлақ етін жейтінге ұқсайды. «Мен кім көрінгеннің сөзіне еріп, Ольгама обал жасадым, – деді жеңгем. – Адам тоқшылықта нанның қадірін білмейді деген рас екен. Сол орыс келін жағдайымды жасағанды біреулер көп көріпті, мен соған иланыппын ғой. Құдалық жасамады, барыс-келіс болмады деп кінәлап нем бар еді. Мені қойшы, қашанғы жатамын? Бір күні шалдың соңынан кетемін. Бәрінен балама обал қылдым. Қайран шалым Ольга келінге қарсы сөйлетпейтін. Ол бәрін білген екен ғой. Жасыратыны жоқ, ағаң кеткен соң келіннің күні күн болмады. Ақыры кетіп тынды. Оған өзім кінәлімін. Үйден кеткенде қуанып, жеті шелпек тараттым. Бәрі асылық екен. Енді сол күнге зар болып отырмын. Адамды ұлтына қарап бағаламау керектігін кеш түсіндім. Орыс болса да Ольгам алтын екен, қазақтан келін алғанда не пайда таптым? Үйде бір күн болса, екі күн төркінінде. Балам ішкіліктің тұтқынына айналды. Жұмыстан да шығып қалды. Сен сол жақта жүрсің ғой, мүмкіндігің болса Ольгама баршы, айтшы қайтып келсін. Мен бейбақты кешірсін. Төрімнен көрім жақын қалды. Енді қанша күн өмірім қалды білмеймін. Немеремді әкеліп бір иіскетсін, ағаңның мына қара шаңырағына иелік етіп, түтінін қайта түтетсін».

«Келінің жақсы, қадірін біл деп айтпап па едім» дегенімде жеңгем өксіп жылап, бармағын тістеді. Онсыз да жаралы жанына онан сайын тұз сеппейін деп тілімді тістедім. Бір кездері ауылдың паң келіні атанған жеңгемнің мына жатысын көріп, аяп кеттім. Қоштасарда Ольганы іздеп тауып, жағдайды түсіндіруге тырысатынымды айттым. Қолымнан ұстап, жібергісі келмеген жеңгем: «Сен ғана алып келе аласың. Сол үшін сені күттім. Менің жағдайымды естісе Ольганың өзі де ойланар. Сен тек оған жеткіз», – деп жалынды. Мен мұны жеңгемнің соңғы аманаты болар деп қабылдадым. Қимай қоштастым. Аманатқа қиянат жасамауға сөз бердім.

Ауылда бір апта болғаннан кейін Украинаға кеттім. Жол-жөнекей Ольганы маған берген мекен-жай бойынша іздеп таптым. Екі баланы бағып, қарт әкесінің үйінде отыр екен. Жүрегі жұмсақ жан ғой, сөзімді бөлместен, жылап отырып тыңдады. «Ермек қалай?» деп сұрады. Оның да жағдайы мәз еместігін жасырмадым. Қарт әкесі сөзімізге араласқан жоқ. Мен кетіп қалдым. Кейін Ольга балаларды әжесіне алып барғанын естідім. Бірақ ол кезде жеңгеміз де бақилық болып кеткен еді.

Осылайша, орыс келіннен көрген рахаттың қадіріне жетпеген жеңгеміз жұрттың сөзіне еремін деп, өмірінің соңын өкінішпен өткізгені қандай аянышты десеңізші. Өмір деген осы екен. Қазақ «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп бекер айтпаған ғой», — деп терең күрсінді сапарласым.

Ағамыздың мына айтқандары маған көп ой салды. «Жаман ұлт жоқ, жаман адамдар болады» деген рас қой. Қай ұлтта болмасын жақсы да, жаман да адам кездеседі. Ұлтына қарап, адамды жамандар қатарына қосуға болмайтынын ұғындым. Бірақ, осыны кеш байқайтынымыз өкінішті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *